Абай университетінде академик Тоқмұхамед Садықовтың 85 жылдығына арналған конференция өтті

Конференцияда тарих ғылымы саласындағы зерттеудің өзекті тақырыптары талқыланып, заманауи зерттеу бағыттарына шолу жасалды.

Абай университетінде академик Тоқмұхамед Садықовтың 85 жылдығына арналған конференция өтті
917

Абай университетінің Тарих және құқық институтында «Жаңа заман университеттері - даму стратегиясы және жаңғырту тәжірибесі» тақырыбында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықовтың 85 жыл толуына арналған «VI Садықов оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы болып өтті.
 
Мерейтойлық конференцияны өткізудің негізгі мақсаты – ҚР  Ұлттық ғылым академиясының академигі Т.С. Садықов шығармашылық мұрасын өзектендіру болды.
 
Іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ-дің басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, ҚР ҰҒА академигі Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА академигі Ханкелді Абжанов, Тарих және құқық институтының директоры Ғабит Кенжебаев, сонымен қатар отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, қоғам қайраткерлері, докторанттар мен магистранттар қатысты. Атап айтар болсақ, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.М. Оразалин, Анкара университетінің Жалпы түркі тарихы кафедрасының меңгерушісі А.Гюндоғду, Израильдің Ариэль университетінің профессоры, Лос-Анджелестің геноцидтің озық зерттеулер орталығының мүшесі К.Феферман және тағы басқалары өз баяндамаларын жасады.

Конференцияның салтанатты ашылуында  «Қазіргі заманғы әділ қоғам мүшелерін тәрбиелеуде тарихтың күрделі кезеңдерінде өз Отанының ісіне адалдығын дәлелдеген адамдарға деген қажеттілік бұрынғыдан да артып келеді. Тоқмұхамед Садықов сондай адам еді. Оның тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына арнаған өмірі, өз кәсібіне адалдығы мен ұлттық тәрбиеге қосқан орасан зор үлесі бәрімізге, ең алдымен ұстаздар мен ғалымдарға үлгі. Ал оның ғылыми мұрасы байыпты зерттеуді қажет етеді», - деп сөз сөйледі ректор Болат Тілеп.

Конференция барысында Қазақстан, Түркия, Израиль, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей елдері ғалымдарының қатысуымен «Қазіргі жаһандық әлемнің сын-қатерлері контекстіндегі тарихи білім және ақпараттық технологиялар»; «Әлеуметтік-экономикалық процестерді модельдеу Жаңа Қазақстан өзекті саяси міндеті ретінде»; «Экономика және құқық: қазіргі жағдайы және даму перспективалары»; «ҚР ҰҒА Академигі Т.С. Садықов халықаралық бағыттағы мамандарды даярлаудағы сіңірген еңбегі» тақырыптарында секция жұмыстары ұйымдастырылды.

Конференцияда тарих ғылымы саласындағы зерттеудің өзекті тақырыптары талқыланып, заманауи зерттеу бағыттарына шолу жасалды. Т.С. Садықовтың ғылыми мұралары жас зерттеушілер мен студенттер арасында насихатталып, қатысушылар арасындағы пікірталастар мен диалогтар конференцияның маңызды бөлігі болды.
 
Аталған ғылыми-практикалық конференция Қазақстан мен шетелдік ғалымдары мен зерттеушілеріне байланыс орнатуға, білім мен тәжірибе алмасуға және ынтымақтастық пен болашақ ғылыми жобалар жасауға мүмкіндік берді. Конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді.

Серіктес жаңалықтары