«Челахтың қасына барасың»: Байзақтағы жарылысқа айыпталған сарбаздар күтпеген мәлімдеме жасады

Сотталған екі сарбаз тергеушілер қоқан-лоққы көрсетіп, қылмысты біздің мойнымызға ілгісі келеді дейді.

«Челахтың қасына барасың»: Байзақтағы жарылысқа айыпталған сарбаздар күтпеген мәлімдеме жасады
КТК
2159

Байзақтағы әскери бөлімде болған жарылысқа кінәлі деп айыпталған сарбаздар сотта соңғы сөзін айтты, деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қатардағы жауынгер Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбай 18 адамның өліміне өзін кінәлі сезінбейді. Себебі тергеушілер қоқан-лоққы көрсетіп, қылмысты біздің мойнымызға ілгісі келеді дейді.

«Өмір бойына кетесің, Челахтың қасына барасың» деді. Мен сол кезде қорықтым, бұған не үшін мойындауым керек деген кезде, «мойныңа ала сал, бұл тірлікті жабамыз, прокурормен, Астанамен сөйлесіп қойдық, сендерге шартты жаза береді, шығып кетесіңдер» деді. Бізді бала сияқты алдады. Прокурор мырзаға сұрақ қоймақшы едім, «Тұраров пен Әшірбайға ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабымен, 459-бабымен сотталсын дедіңіз, қай бетіңізбен айтып тұрсыз, сіз де бәленің бәрін білесіз», - дейді олар.

«Тергеуде қысым көрдік» деген қос сарбаз соттан өзін ақтап алуды сұрады. Екеуінен бөлек, сот залында күдікті деп танылған тағы төрт офицер отырды. Бірақ оларға әлі сөз берілген жоқ.

Еске салсақ, 2021 жылы тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімшесінің қару-жарақ қоймасы жарылып, 18 адам қаза тапқан. Тағы 82 адам жараланған болатын. Осы оқиғадан кейін жақын маңдағы ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген.

Бұл іс бойынша 250-ден астам адам жәбірленуші ретінде танылған. Бірақ жараланғандар мен мүлкі бүлінгендер осыған дейінгі сот отырыстарында жарылысқа дәл осы сарбаздар кінәлі дегенге сенімсіздік білдірген. Келесі сот отырысы ертең жалғасады.

 

Серіктес жаңалықтары