Ресейде туып, Америкада өскен қазақ – Луис Азамат Альбертини
"Мен «Қазақстан» деген кітаптың парағын ашқан кезде жиырма екіде едім. Ол кезде «Қазақстаннан не ала аламын?», «Не үйренсем болады?» деп ойлайтынмын. Ал қазір 34 жасымда «Мен Қазақстанға не бере аламын?» деп ойланамын".
Ресейдің Воронеж қаласындағы балалар үйінде болған Луис Азамат Альбертиниді 1991 жылы үш жасында италиялық ерлі-зайыпты асырап алып, мұхит асырып алып кеткен. Американың Мичиган штатында өскен ол колледждің соңғы курсында Қазақстанға қызығушылығы артып, Алматыға екі аптаға қыдырып келген. Кейін «Дұрысы, барып тұрып көрейін. Зерттейін» деген ол арнайы бағдарлама арқылы Алматыға тағылымдамаға барып, артынша жеке кәсіп ашып, төрт жылға жуық сонда тұрған. Қазір Америкада жүрсе де, «Қазақстанмен байланысым үзілмейді» деп ағынан жарылған Луис Азаматқа хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– 2000 жылдары америкалықтар асырап алған қазақтар Қазақстанда туып-өскен. Бірақ сізді Ресейдің Воронеж қаласынан асырап алды дегенді естігенде таңғалдым. Сіз сонда Воронеж қаласында дүниеге келдіңіз бе, әлде ата-анаңызбен бірге сонда Қазақстаннан көшіп бардыңыздар ма?
– Орынды сұрақ. Мен 34 жастамын. Отыз төрт жыл бұрын шетелдіктердің қазақ балаларын қамқорлығына алуы сирек болатын. Тіпті, Ресейдің өзінде аз болатын. Бір жылда екі немесе үш-ақ баланы асырап алуға рұқсат беретін. Қазір, әлбетте, бәрі басқаша. Бейнелеп айтсам, мен Америкадағы қазақ ауылының бір бөлігімін (күліп). Мұнда өзіңіз айтқандай 2000 жылдары асырап алынған балалар жетерлік. Оларға ағалық ақылымды айтып, оқуына көмектесіп, қолдап отырамын. Ментор секілдімін. Ең үлкені – жиырма бесте, ең кенжесі жиырма үште болар. Мен секілді жасы отыздан асқандарды кездестірмедім. Өз хикаямды баяндайтын болсам, туған ата-анам – Қазақстан азаматтары. Екеуі де – қазақ. Бала туғанда берілетін, ішінде тіпті ата-анаңның ұлты кім екені жазылып тұратын құжат қалай аталатын еді сіздерде? Ұмытып тұрмын. Сырты – жасыл.
– Туу туралы куәлік.
– Иә, сол туу туралы куәлігімде екеуі де қазақ деп жазылған. Жаңылыспасам, туған әкем – Павлодардан, ал анам Оңтүстік Қазақстан облысында туып-өскен. Әкеммен танысып, артынша көңіл жарастырған анам Павлодарға онымен бірге еріп барып, сонда отбасын құрса керек. Сосын тұрмыс салтымызды жақсартамыз деп Ресейге қоныс аударған. Тоқсаныншы жылдары Ресейге жұмыс іздеп барған қазақтар көп болған ғой. Сол секілді олар да нәпақа табу үшін Воронеж қаласына тұрақтаған. Мен сонда дүниеге келдім. Сосын олардың жағдайы күрт нашарлап, асырап-бағуға шамасы жетпегендіктен мені балалар үйіне өткізуді ұйғарған. Содан соң мені үш жасымда Нью-Йоркте тұратын италиялық жұп асырап алды. Менен бөлек, олар Жанна есімді қарындасымды да қанаттарының астына алуды жөн санаған. Оның ұлты да – қазақ. Тек ол Санкт-Петербургте туған. Мен АҚШ-тың Мичиган штатында өстім. Жақсы мектепте білім алдым. Жоғары сыныптарда көзілдірік киіп жүретіндіктен, азиялық түр-сипатымды меңзеп, көңіл күйімді түсіргісі келгендер де болды. Алайда анау айтқандай буллиң көрдім деп айта алмаймын. Мектеп бітірген соң, Мичиган университетінде оқуға түсіп, экономика және Орталық Азия елдерінің тарихын зерттедім.
– Ұлтыңыз қазақ екенін сол туу туралы куәліктен білген боларсыз?
– Жоқ. Мен оқушы кезімде бұл туралы тіпті де ойланбадым. Ата-анам да кинодағыдай отырғызып қойып, қас-қабағыма қарап «Балам, біз сені асырап алғанбыз» деп те айтпады. Олар маған ешқашан мені асырап алғаны туралы тіс жармады. Дейтұрғанмен, мен олардан өзгеше екенімді біліп өстім. Мен қазақ ұлты, Қазақстан елі туралы колледждің соңғы курсына дейін еш ойламадым. Ресейде туған соң, өзімді орыспын деп ойладым (күліп). Ресейлік және орыс сөздерінің мағынасын кейін түсіндім ғой (күліп). Аңғал болдым, көп ештеңе білмедім. Жаз айларында Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларына барып, алмасу бағдарламасы бойынша білім алдым. Тіл үйрендім, экономикасы мен тарихын оқыдым. Ондағылар мені америкалық деп есептеген жоқ. «Сен Қазақстан немесе Қырғызстаннан болуың керек» деді. Сол кезде Қазақстан туралы ойлана бастадым. Сол жылдары Мичиган университетінде «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан, өзіммен аттас Азамат есімді баламен танысып, айнымас досқа айналдық. Жақында оның үйлену тойына барып қайттым. 2012 жылы Мәскеуде жазғы оқуым аяқталған кезде Азамат маған хабарласып «Мәскеуден ары Алматыға барып, тарихи Отаныңды көруің керек. Бар, көр, таны, біл» деп ақылын айтты. Сөйтіп, Мәскеуден ары Алматыға барып, бөлек әлемге еніп кеттім. Өзіме ұқсайтын адамдарды көрдім, өзімді жайлы сезіндім. Америкада бізді түр-әлпетімізге қарап, кәріс, жапон немесе қытай деп ойлайды. Қазақ деп ешкім айтпайды. Алғаш рет Алматы көшелерінде қаумалаған қазақтардың ортасына шыққанда бірінші ойыма келген нәрсе: Мен – қазақпын. «Мынау Өзбекстаннан ғой», «Мынау Тәжікстаннан емес пе?» деп ешкім келіп саған айтпайды.
– Америкалықтар асырап алған бір-екі қазақтың Қазақстанға бірінші рет келгенде сіз секілді «Айналамдағылардың бәрі неге маған ұқсайды?» деп таңданып, төбесі көкке бір елі жетпей қалған кездеріне куә болғанбыз.
– Иә. Керемет сезім. Мен де солай қуандым. Бәрі керемет. Бәрі түсінікті. Әрі есімім Азамат та – елде көп таралған есімдердің бірі. Маған бәрі ұнады. Ет тағамы бұрыннан ұнайтындықтан манты, қуырдақ, қазақша ет тағамдарын сүйсініп жедім. Жылқы етінің дәмі ұнады. Ол кезде екі апта ғана болдым. Содан соң Америкаға қайтып, Чикаго қаласында бірнеше жыл жұмыс істедім. Сосын 2015 жылы Қазақстанға турист ретінде емес, онда біраз жұмыс істеп, тұрып көрейін деп шештім. Қыдырып барсаң, көп нәрсені байыбына барып түсіне алмайсың. Ал мен бәрін тереңірек зерттегім келді. Сөйтіп, Princeton in Asia бағдарламасы бойынша құжат тапсырып, ақырында Алматыдағы КИМЭП университетіне бір жылға тағылымдамадан өтуге жіберілдім. Онда бір жыл жұмыс істеген соң, Қазақстан мен Америка арасындағы ІТ саласына назарым ауып, жаңа технологияларға ден қоя бастадым. Кәсіппен айналысамын деп, Алматыда тағы үш жылға жуық тұрдым.
– Содан соң Америкаға оралуға не түрткі болды?
– 2019 жылы ата-анамның қасында болайын, қарайласайын деп Америкаға қайттым. Алайда мен Қазақстанға жылына екі рет барамын. Онда жеке кәсібім бар. Консалтинг және Кремний алқабы мен Қазақстан арасында жол жалғайтын ІТ жобаларым бар. Мен бұл жұмысты 2017 жылы ІТ экспортына сұраныс жоқ кезде бастадым. Ол уақытта білікті маман жоқтың қасы. Кейін қарыштап, елде оқыған-тоқыған ІТ мамандар ірі алпауыт компанияларға жұмысқа кірді. Аз уақыт ішінде осындай прогресс болғанына қуаныштымын.
– Қазақстанда тұрған төрт жыл ішінде сізге ең басты ұнаған нәрсе не?
– Қонақжайлылық. Мен кездестірген әрбір адам құшағын ашып, асты-үстіңе түсуге дайын тұрады. Мысалы, Америкада тұратын достарыңа «Таңғы төртте әуежайдан күтіп аласың ба?» десең, ешкім келісе қоймас. Ал мен Қазақстанға келер кезде, бір досыма ғана жазған едім, әп-сәтте он адам хабарласып, әуежайдан күтіп алатынын айтқанда аң-таң болдым. Бұл – достықтың жоғары деңгейі. Бұл – мен үшін маңызды.
– Бізде «Қонақжайлылық қанымызға сіңіп кеткен» дегенді жиі айтады.
– Толығымен келісемін. Қазақстанда көп отбасы немесе достар бір үйде жиналып, ет жеп, сорпа, шай ішіп, төрт-бес сағат әңгімелесіп, шүйіркелескенді құп көреді екен. Маған бұл дәстүр ұнап қалды. Қазақ достарыммен көп әңгімелесіп, көп кездесетінді шығардық. Ал Алматыда достарымыздың үйіне, қала берді, қала сыртындағы саяжайларына барып, әңгіме-дүкен құрып, керемет кештер өткіздік. Ғажап сезім. Мұндайда отбасылық құндылық, ұрпақтар арасындағы сабақтастық бәрінен биік тұратынын байқайсың. Мен Шымкентте досымның шақыруымен үйлену тойға да бардым. Қызық болғанда, қателесіп, басқа тойға кіріп кетіппін. Іштегі қонақтардың біреуі қолыма шампан ұстатқан соң, осы үй болар деп бөлмеге кірсем, досым емес екен (күліп). Сосын оған хабарлассам, ол тура мен кірген үйге қарама-қарсы үйдегі тойға кіруім керек екенін айтты. Сонда байқағаным, бір көшеде қатар тізілген бірнеше үйде той болып жатыр. Тіпті, ертесі де той өткізіліп жатыр. Күн сайын той. Адам санының көптігінен бұрын қазақтың тойлары өте қызықты әрі көңілді өтеді. Асабаның басқаруы, ойындар, бишілер, ұлттық тағамдарды таныстыру, бәрі, бәрі мені таң-тамаша етті.
– Дейтұрғанмен, «Мына жері қызық екен. Бізде олай емес» деген кездер болған шығар?
– Әлбетте, болды. Америкада жұмыс процесін басқару жүйесі өзгеше. Ал Қазақстанда тіпті басқаша. КИПЭП-те жұмыс істегенде барлық шешім бас директордың қарауынан өтетінін білдім. Сен оған тіпті қарсы шыға алмайсың. Әсіресе, үлкен компанияларда ұзын тізімі бар директорлар кеңесі болады. Сен тіпті кейде негізгі директордың кім екенін білмейсің. Мен мұны жаман демеймін, тек өзгеше. Мысалы, Google компаниясында сенің жұмысыңа жауапты маманның айтқаны – заң. Ол – нөмірі бірінші адам. Оның артында ешқандай орынбасар немесе кеңесші болмайды. Ал Қазақстанда тіпті орта буын (middle management) басшысының қолында билігі жоқ. Ал Америкада ол маман бәріне жауапты, билігі бар. Сосын мен «қазақтар жалқау» деген стереотипті ұнатпаймын. Осы жылдар ішінде жалқау ешкімді көрмедім. Тек көп мықты маманның көзінде жалын жоқ. Мотивация байқалмайды. Америкада бір компанияда істесең, саты бойынша дамуға үлкен мүмкіндік бар. Басында талдаушы, сосын менеджер, одан соң аға менеджер секілді лауазымың жоғарылай береді. Жолың анық. Ал Қазақстанда бұл жағы басқаша екен. Тіпті, сол «баспалдақпен» көтеріліп келе жатқан маманды Бәке, Сәкесі бар, байланысы немесе туыстық қарым-қатынасы бар бәзбіреулер жолдан тайдырып, мүлде басқа маманды тағайындай салады. Сонда әлгі маман соншама жыл не үшін аянбай еңбек етеді? Әлбетте, ол да өсіп-өніп, жинаған тәжірибесіне сай лауазым атқарғысы келеді ғой. Cодан соң 40 жастан асқан, Кеңес заманында тәрбиеленген кейбір ғалымдар сыни ойлау, жаңа фактілермен жұмыс істеуден бейхабар. Ал бұл – инновация саласында еңбек ететіндер үшін баға жетпес қабілет. Ал бірақ жалындап тұрған жастардың ойы ұшқыр, зейінді әрі алғыр.
– Сөздің шыны керек, сұхбатқа келісерде сіздің Қазақстанда жобаларыңыз бар деп ойламаппын. Тек Қазақстаннан не үшін кеткеніңізді білгіміз келіп, өз хикаяңызды өз ауызыңыздан есту үшін хабарласқан едік.
– Мен «Қазақстан» деген кітаптың парағын ашқан кезде жиырма екіде едім. Ол кезде «Қазақстаннан не ала аламын?», «Не үйренсем болады?» деп ойлайтынмын. Ал қазір 34 жасымда «Мен Қазақстанға не бере аламын?» деп ойланамын. Менің білімім, тәжірибем, зерттеуім кәдеге жарайтынын білемін. Сол үшін Қазақстанда жоба жүргізіп жатырмын. Қазақстанда ақылды адамдар, жаңа мүмкіндік көп. Шетелдік инвесторлар Қазақстан мен Орталық Азияға қызығады. Оларды Қазақстанға шақыруға көп мүмкіндік бар. ІТ-ды жетік меңгерген қазақтарды сыртқа жібергеннен гөрі, осында инвесторларды шақырып, бірлесіп жұмыс істеген әлдеқайда тиімдірек. Үкімет жақсы жұмыс істеп жатқаны білінеді. Дегенмен ел арасында шетелдіктер бізді қайтсін, Алматы, Астана немесе Шымкент Кремний алқабы бола алмайтын шығар деп ойлайтындар табылар. Алайда сізге өтірік, маған шын, Қазақстанға қызығатын мықты мамандар жетерлік. Қазақстанға келіп, тұмса табиғатына тамсанғандары өз алдына, қалалардағы өмір сүру сапасына қызыққандар, жоғарыда айтқандай елдің әлеуеті мен мүмкіндігін байқап, таңырқағандар жетіп артылады. Мен Алматыда тұрған кезде көп шетелдік досымды қонақ қылдым. Олар тауы мен бауына тамсанған Алматыны әлемдегі ең бірегей қалалардың бірі деп бағалады. Инфрақұрылымы да көңілінен шықты. Кептеліс көп болса да, көп мүмкіндік бар екеніне көз жетті. Олар Алматыда тұратын америкалықтар немесе еуропалықтармен емес, жергілікті тұрғындармен жұмыс істегісі келеді. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда көп хабпен байланыс орнатуға болады. Жалпылама айтсам, Қазақстанның профайлын дамытуға мүмкіндік жетерлік. Шетелдіктерді «Тау мен табиғатты көріңіздер» деп қана емес, болашақта Сингапур, Дубай секілді іскерлер әлеміне айналатындай әлеуеті бар қолайлы орын деп шақыруымыз керек. Шетелдіктерді тартсақ, инвесторларды тапсақ, экономика да ілгерілейді. Мықты мамандар тартылады, жергілікті нарық дами түседі. Тиісінше, жалақы да өседі.
– Қазір Америкада жүрсеңіз де, тарихи Отаныңызбен арадағы байланыс ешқашан үзілмейтініне қуаныштымыз.
– Мен Қазақстанмен тығыз байланыстамын. Маған Қазақстан ұнайды. Онда көп досым тұрады. Қызықты жобаларым да көп. Шетелде тұратын қазақтар Қазақстан туралы айтудан шаршамаймыз. Арасында Қазақстанға оралып, елдің дамуына үлесін қосып жатқандар да бар. Жоғарыда айттым ғой, бізде ақылды балалар көп. Мұндай балалардың елдің іргесін көтеруге атсалысқысы келетіні көңіл қуантады. Мен 2012 жылы Қазақстанға алғаш рет келгенде сапалы қызмет көрсететін банк, каршеринг (автокөлікті жалға алу қызметі) болмаған. Тіпті, интернет сапасы да онша емес еді. Тағам түрлері, жақсы мейрамханалар да аз болатын. Ал қазір бәрі өзгеріп сала берді. Он жыл ішінде осыншама деңгейде дамығанына аң-таңмын. Әсіресе, Алматы – өте заманауи қала. Алматы мен Астанадан бөлек, Қарағанды, Тараз, Шымкент, Көкшетау, Көкшетау және Талдықорған қалаларында болдым. Әр қаланың өзіндік колориті бар. Әрбірінің өзгеше бір қыры бар. Маған қатты ұнады.
– Соңғы сұрағыма жауап бермесеңіз де болады. Дегенмен осы күнге дейін биологиялық ата-анаңызды іздестіру туралы ой мазаламады ма?
– Жоқ. Мені бағып-қаққан керемет ата-анам бар. Баланы туу оңай. Алайда оны тәрбиелеу, өсіріп-жеткізу – қиынның қиыны. Мені асырап алған ата-анам маған тәрбие, мүмкіндік берді. Маған бар ғұмыры мен қаражатын сарп етті. Бетімнен қақпай, белімді буып өсірді. Анам мен Қазақстанда тұрғанда келіп кеткен. Қатты ұнатты. Олар «тарихи Отаныма барамын» дегенімде «Бұл – өмірде бір-ақ рет берілетін мүмкіндік. Бар, көр, тұр» деп қолдап, ыстық лебізін айтты. Ал маған Қазақстан әлемін ашқан досым Азаматтың анасын Қазақстандағы анам әрі ең жақын жан деп есептеймін. Ол кісі мені үнемі тамаққа шақырып, отбасында өтетін әр мейрамнан қалдырмайды. Барған сайын асты-үстіме түсіп, шыр-пыр болып, күтіп алады. Мен ол отбасының бір бөлігі секілдімін. Сондықтан мен Қазақстанда отбасым бар деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ