«Өмірдегі ең ұзақ 30 секундым»: Ризабек Айтмұхан Тәуелсіздік тарихындағы алғашқы алтынды қалай алғанын айтты (ВИДЕО)

Ризабек Айтмұхан Олимпиада ойындарында өзіне шынайы бәсекелес болатын балуандарды да атады.

«Өмірдегі ең ұзақ 30 секундым»: Ризабек Айтмұхан Тәуелсіздік тарихындағы алғашқы алтынды қалай алғанын айтты (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз
2313

Ризабек Айтмұхан AIQYN ютуб арнасына берген сұхбатында Сербия астанасы Белград қаласында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатындағы ақтық сында Осман Нурмагомедовті қалай жеңгенін айтты, деп хабарлады  turkystan.kz.

Жарыс барысында әкесі мен жаттықтырушысы жас балуанға күшің сарқылғанша белдес деген.

«Соңғы 30 секунд қалған кезде Османның шаршағанын сездім. Әдісімді жасадым, 2 ұпайымды алып алдым. Енді қиын уақыт басталды. Өмірдегі ең ұзақ 30 секундым осы болған шығар. Бірақ мен өзіме сендім. Османнан қорқыныш болған жоқ менде. Өзімнің әкем, ағайым маған «Ризабек, сен 6 минут бойы тынбай жұмыс істеуің керек. Небәрі 6 минут қана» деді. Сондықтан болар, мен әрдайым 8-0 ұпайымен ұтылып жатсам да, соңына дейін күресемін», - дейді спортшы.

Ризабек Айтмұхан Олимпиада ойындарында өзіне шынайы бәсекелес болатын балуандарды да атады.

«97 келі салмақта мықты балуандар өте көп. Ең басты қарсыласым деп дағыстандық балуан Ахмет Тажудиновты көріп отырмын. Бірақ Абдулрашид Садулаев, Кайл Снайдер қанша жасы үлкен болғанымен де, өте мықты балуандар. Қазақстандық Әлішер Ерғалиев ағам бар. Олимпиада ойындарында 16 мықты балуан бар. Олардың бәрін жеңу оңай емес», – деді жас чемпион.

Айта кетейік, алғашында әзербайжандық балуан әдіс қолданып, алғашқы ұпайын еншіледі. Одан кейін Ризабек таразы басын теңестірді. Соңғы сәтте ол тағы айласын асырып, ұпайын арттырды. Нәтижесінде, Ризабек Айтмұхан қарсыласын 4:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды.

 

Серіктес жаңалықтары