Қостанай облысында есірткі таратқан екі студент 10 жылға сотталды

Сот қарауы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде 300 студенттің қатысуымен өтті.

Қостанай облысында есірткі таратқан екі студент 10 жылға сотталды
polisia.kz
1107

Жергілікті колледждің 19 жастағы студенттері есірткі таратқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыс прокуратурасының өтініші бойынша, сот қарауы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде 300 студенттің қатысуымен өтті.

Естеріңізге сала кетсек, екі қызды Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері осы жылдың 11 қаңтарында жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде ұстаған болатын.

«Қостанай қаласындағы колледждердің бірінің студенттері есірткіні үйлердің кіреберістерінде, соның ішінде пошта жәшіктерінде жасырған. Тінту кезінде студенттерден ақ түсті ұнтақ заты бар 50 байлам тәркіленді. Кейіннен жалдамалы пәтерді тінту кезінде аса ірі мөлшерде, 192 грамм синтетикалық есірткі — мефедрон табылды және тәркіленді», – делінген хабарламада.

Осы фактілер бойынша полиция ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) (аса ірі мөлшерде) сотқа дейінгі тергеу жүргізді.

Сот шешімімен сотталушылар 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Жыл басынан бері Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына байланысты 237 қылмыс пен құқықбұзушылықты анықтады. Олардың айналымы 340 келіге жуық түрлі есірткі заттарын тәркіледі. Қазіргі уақытта облыстың барлық қалалары мен аудандарында Қазақстан Республикасында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес құқық қорғау блогы жастармен профилактикалық кездесулер өткізіп жатыр.
 

Серіктес жаңалықтары