Теміртауда ер адам 10 жыл бойы ВИЧ-ті өзгелерге әдейі жұқтырып келген
Сотта ер адам өз кінәсін ішінара мойындады
Теміртау қалалық соты ұзақ уақыт бойы адамдарға ВИЧ инфекциясын әдейі жұқтырған ер адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлады turkystan.kz.
Тергеу материалдарына сәйкес, сотталушы қауіпті ауруды таратқаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін білген. Соған қарамастан, 10 жылдан астам уақыт бойы жыныстық қатынасқа түскенде қорғаныс құралдарын қолданбаған. Ол адамдарға иммун тапшылығы вирусымен ауырып жүргенін де айтпаған.
Sputnik.kz сайтының мәліметінше, сотта ер адам өз кінәсін ішінара мойындады. Жәбірленушілер де өз айғақтарын ұсынды. Прокурор сотталушыны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал ер адамның қорғаушылары оны түрмеге отырғызбауды өтінді. Асырауында кәмелет жасқа толмаған баласының бар екенін де жеткізді.
Судья бәрін ескеріп, сотталушыны 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.