Мәжіліс депутаттары: Атырау облысының экологиялық ахуалын жақсарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет

Атырау облысында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин бастаған депутаттар комитеттің «Атырау облысындағы экологиялық ахуалдың жай-күйі» тақырыбында көшпелі отырысын өткізді.

Мәжіліс депутаттары: Атырау облысының экологиялық ахуалын жақсарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет
1205

Көшпелі отырыс аясында депутаттар Атырау облысындағы «Орал-Атырау бекіре балық өсіру зауыты», «Атырау Су арнасы» кәсіпорнының қызметімен танысты. Сондай-ақ, Доссор және Құлсары кенттерінің тұрғындарымен кездесіп, «Эко-текникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, «Тухлая балка» және «Квадрат» булану алқаптарына және басқа да бірқатар нысанға барды.

Сонымен қатар комитеттің көшпелі отырысы өтті. Оған Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, Экология вице-министрі Мансур Ошурбаев, Энергетика министрлігінің өкілі, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыс активінің өкілдері, экологтар, сарапшылар, ірі мұнай өндіруші және мұнай өңдеуші компаниялардың басшылары қатысты. Сондай-ақ энергетика және төтенше жағдайлар министрліктерінің лауазымды тұлғалары бейне байланыс арқылы қосылды.

Отырысты ашқан Еділ Жаңбыршин жалпы Атырау өңірінің экологиялық жағдайы депутаттарды толғандырып отырғанын атап өтті.

– Қоршаған ортаны қорғауға жыл сайын қомақты қаражат жұмсалып жатыр. Соған қарамастан биыл ахуалдың жақсарғанын көрмей отырмыз. Облыста табиғат пайдаланушылар тазарту құрылғыларымен жабдықталмаған, ірі кәсіпорындар әлі күнге шейін автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізбеген. Ірі өндірістік кәсіпорындар тазартылған кәріз суларын технологиялық процесстеріне пайдаланудың орнына, өңірдегі ауызсудың бірден-бір ғана көзі болып табылатын Жайық өзенінен суды шамадан тыс көп тұтынуда. Онсыз да тартылып бара жатқан Жайық өзеніне бұл жағдайдың кері әсер ететіні анық, – деді Е.Жаңбыршин.

Жиында Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев өңірдегі экологиялық ахуал туралы баяндама жасап, Жайық өзені мен Каспий теңізінің жағдайына тоқталды.

– Облыс көлемінде Жайықты оңалту бойынша түп тереңдету және жағалау бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Алайда Жайық өзенінің соңғы үш жылда арналары тартылып, экологиялық зардап шегу алдында тұр. Өзеннің орташа көпжылдық ағынының қалыпты көлемі 9,46-дан 2022 жылы орташа жылдық ағыны 4,93  текше километрге, яғни 2 есе төмендеді. Осыған орай бірінші кезекте өзеннің су ағынын ұлғайту қажет. Ол үшін Жайық өзенінің жоғары жағында орналасқан су қоймаларынан төмен қарай су жіберу көлемін арттыру, оның ағысын үйлестіру мәселелеріне және өзеннің ғылыми-зерделеу жұмыстарын ұйымдастыруды, Экология, табиғи ресурстар министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігі ерекше назар аударуы қажет деп есептеймін, – деді Ж.Бисембиев.

Өз кезегінде сөз сөйлеген Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев облыстағы ауа бассейнінің ластануының негізгі үлесі (85%-дан астамы) мұнай-газ өндіру және мұнай өңдеу шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарға тиесілі екенін мәлімдеді. Десе де, 2023 пен 2022 жылғы деректерді салыстырғанда эмиссиялардың көлемі 52,793 мың тоннаға азайғаны байқалған.

– Оның себебі – жанатын отын көлемінің азаюы, алауда (факелда) жағылатын газдың азаюы, жылыту пештерін жөндеу және газ беруді шектеу.  Сонымен қатар Атырау қаласында орналасқан сорғы станцияларын қалпына келтіру, Құрманғазы, Махамбет және Жылыой аудандарында ағынды суларды алдын ала тазартуды қамтамасыз ету үшін кәріз-тазарту қондырғысын салу сынды өзге де мәселелер бар, – деді М.Ошурбаев.

Депутаттар облыстағы мұнай-газ игеруші компаниялар қоршаған ортаны ластау жұмыстарын тоқтатпай, келісілген міндеттемелерді орындамаса келісім-шарт аяқталатынын айтты. Сонымен бірге Каспий теңізі мен Жайық өзенінің деңгейінің түсіп кетуі, өңірдің атмосфералық ауасын қорғау, ластанған жерлерді рекультивациялау, суды үнемдеу және кәріз суларын тазалау, өңір халқының денсаулығы мәселелеріне ерекше назар аударды.

Іс-шараны қорытындылаған Еділ Жаңбыршин Каспий теңізі, Еділ мен Жайық өзендеріндегі экологиялық ахуалды Біріккен Ұлттар Ұйымының деңгейінде көтеру қажеттігіне мән берді.

Отырыс барысында айтылған ұсыныстар тиісті министрліктер мен Мәжіліс комитетінің алдағы жұмысында ескерілетін болады. Депутаттар экологиялық ахуалды жақсарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, заңнамалық қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыратынын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары