Полигонға қоқыс тазартуға барған: Маңғыстау облысында қайтыс болған сарбазға қатысты тың деректер айтылды

Отан алдындағы борышын өтеу үшін Шымкенттен шақырылған жігіт түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға барар жолда жан тапсырған.

Полигонға қоқыс тазартуға барған: Маңғыстау облысында қайтыс болған сарбазға қатысты тың деректер айтылды
Фото: alashainasy.kz
1432

Маңғыстау облысындағы 25/744 әскери бөліміндегі сарбаз өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабы, яғни «қызметке салғырт қарау» бабы бойынша тергеу басталды, деп хабарлады turkystan.kz Іnformburo жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Отан алдындағы борышын өтеу үшін Шымкенттен шақырылған жігіт түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға барар жолда жан тапсырған. Үйіне оралуға тура жарты жыл қалған сарбазды туыстары туған жеріне табытпен алып кетті.

Жас жігіт өткен сенбіде Оймашы полигонын қоқыстан тазартуға барған. Сол кезде белгісіз зат жарылып, сарбаз ауыр жарақат алған екен. Алайда дәрігерлер жігіттің өмірін аман алып қала алмаған.

Жарылыстан жарақаттанған тағы бір сарбаздың жағдайы қазір қалыпты. Әскери прокурорлар өлім себебін анықтау үшін сараптама қорытындысын күтіп отырғанын айтты. Егер бөгде заттар табылса, басқа да сараптамалар жасалады. Кінәлілер анықталған жағдайда ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеті үшін бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Қазір Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодесінің 453- бабы 2-бөлігі, яғни лауазымды тұлғалардың қызметке салғырт қарауы бойынша тергеу басталды. Сарбаздарға кімнің бұйрық бергені, оқиғаның қалай болғаны тергеу барысында анықталады. Тергеу аяқталған соң кінәлілер жауапқа тартылады», - деді Ақтау гарнизонының әскери прокуроры Ерлан Құтқожа.

 

Серіктес жаңалықтары