46 жаста тұрмысқа шыққандағы әсерім – 18 жастағыдай – танымал композитор өз оқиғасын айтты

Жүрекке үңілсеңіз, жүрек көзімен көре білсеңіз, сіз бақытыңызды табасыз, – дейді композитор.

46 жаста тұрмысқа шыққандағы әсерім – 18 жастағыдай – танымал композитор өз оқиғасын айтты
ашық дереккөз
2346

46 жаста тұрмысқа шыққан танымал композитор, продюсер Ғалия Шаудырбаева өмірлік жарымен Facebook желісі арқылы танысқан. Кейін бір айға жуық уақыттан соң шаңырақ көтеруге бел буыпты. 

"Тура ораза айы басталған кезде компьютерімнің пернетақтасының астына "Аллаһым, маған мені сүйетін, аялайтын, құрметтейтін азаматпен таныстырып, бас қосуыма көмектесші" деп екі күн қатарынан ақ параққа жазып қойдым. Аллам қабыл етті ме, бір аптаның ішінде әлеуметтік желі арқылы таныстық. Бір ай қыз бен жігіттей тарауық намазына барып жүріп, "егер осы азамат маған лайық болса, неке қияйық, заңды некеге тұрайық деп айтса" деп мен Құдайдан тіледім. Тура солай болды. Жүзік тағу менің арманым болатын, сол арманыма жеттім", – деді Ғалия Шаудырбаева.


Тойға қазақ эстрада жұлдыздары жиналып, композитордың танымал туындыларын шырқапты.

 "Әдемі сәтте жазылған ән Бағлан Әбдірайымовтың орындауында халықтың жүрегіне жетті. Қазір оны Қарақат Әбілдина да орындап жүр. Қарақаттың орындауымен де қазақтың қаншама қызы ұзатылып жатыр. Біздің тойда осы ән орындалған кезде көз жасыма ерік бердім. Сондай бір әсерлі болды. "Мені осылай бағаласа екен деп тілеп едім, сол тілегім араға жылдар салып орындалып тұр ғой" деп қуандым. 46 жаста тұрмысқа шыққандағы әсерім 18 жастағыдай. Сол 18 жастан түк айырмашылығы жоқ. Елге басқаша көрінгенімен, өзімізге түк әсері жоқ. Біздің сыртқы болмысымыз, түр-әлпетіміз қартайғанымен, жүрегіміз қартаймайды", – деді композитор әйел. 


Композитор бақытты болуға ешқашан кеш емес екенін айтады. 

"Бақытты болуға ешқашан да кеш емес. Себебі адамның жартысы болуы керек. Ол махаббатты, ол сезімді табу үшін 18 жасқа оралудың қажеті жоқ. Оны бақытты жүректен табуға болады. Жүрекке үңілсеңіз, жүрек көзімен көре білсеңіз, сіз бақытыңызды табасыз. Сол себепті мені көріп отырған қыз-келіншектерге айтарым: "Бақытты айдаладан іздеудің қажеті жоқ. Бақыт, бәлкім сіздің қасыңызда жүр, бәлкім ауылыңызда қалып қойды, бақыт, бәлкім сізге қарама-қарсы келе жатыр" дегім келеді. Жамбыл бабамыз да 90 жасында төсектен басын көтеріп, ғашық болған ғой. Сол секілді махаббат деген бүкіл жасқа тәуелді дүние", – дейді сазгер.  

Серіктес жаңалықтары