Теміртауда құбырлар жарылып, көшелерді ыстық су басты

Ыстық су жіберілген құбырлар үш күннің ішінде 29 жерінен жарылды.

Теміртауда құбырлар жарылып, көшелерді ыстық су басты
КТК
1452

Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында жылу маусымы басталмай жатып, құбырлар жарылып жатыр, деп хабарлады turkystan.kz KTK арнасына сілтеме жасап.

Қысымға шыдамаған жылу жүйесі әр жерден тесіліп, көшелерді ыстық су басты. Ыстық су жіберілген құбырлар үш күннің ішінде 29 жерінен жарылды.

Коммуналдық мекеменің хабарлауынша, жарылған құбырлардың дені үйлер мен ғимараттар арасындағы желі екен.

«Кварталаралық ескі жылу құбырларынан ақау шығып жатыр. Қазір жұмыста он апат бригадасы жүр. Құбырлардың тесілген жері шұғыл жөнделуде. Тұрғындар осындай апатты көрген жағдайды тез арада бізге хабарлауын сұраймыз», - деді «Оқжетпес-Т» ЖШС техникалық директоры Владислав Ким.

Мұнда бюджет қаражатына тек магистральді құбырлар ауыстырылып жатыр. Жалпы, қалада құбырлардың 70 пайызға жуығы әбден тозған дейді мамандар.

Серіктес жаңалықтары