Аманжол Әлтай: Ұстаз біліктілігінің артуы білімді ұрпақтың қалыптасуына ықпал етеді
Жұмыс берушілер үшін — диплом емес, жас мамандардың кәсіби біліктілігі, икемділігі маңызды.
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Мемлекет басшысының Республикалық педагогтер съезінде сөйлеген сөзіне қатысты өз пікірін жеткізді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, педагогтер сьезінде ұстаздарды төл мерекесімен құттықтады. Қастерлі ұстаз қауымына деген ерекше құрметін, ерекше ықыласын жеткізді.
«Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең маңызды кілті» деп халқы бақытты, бақуатты мемлекет болу үшін білім мен ғылымның дамуы ерекше маңызды екенін атап өтті.
Ұстаз – деген атқа лайық абзал тұлға болу үшін үлкен жауапкершілік керектігін ескертті.
Білім беру саласына қатысты бірнеше маңызды мәселелерге тоқталды.
Соңғы төрт жылдың ішінде мемлекет басшысы жүргізген реформалардың ішінде білім мен ғылым саласына, ұстаз мәртебесінің өсуіне ерекше мән берілгені ақиқат. Атап айтқанда: «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды, ұстаздардың жалақысы екі есеге өсті, 220 педагог шетелдерде білімін жетілдірді, басқа да жақсы қамқорлықтарды айтуға болады.
Ендігі міндет — білім беру сапасын, ұстаздардың біліктілігін арттыру. Бұл жөнінде Президент өз баяндамасында жан-жақты тарқатып айтты. Өйткені, ұстаз біліктілігінің, кәсіби деңгейінің артуы — білімді, интелектуалды, жаңа заманға қабілетті ұрпақтың қалыптасуына ықпал етеді.
Ауыл мектептерінде білікті педагогтардың тапшылығы, материялдық базасының әлсіздігі — өзекті мәселе.
Президент жаңа технология қарқыны күн сайын үдеп бара жатқан бүгінгі күрделі кезеңде көштен қалмау үшін білім мен ғылым саласында дер кезінде нәтижелі реформалар жасалу керектігін алға тартты.
Жұмыс берушілер үшін — диплом емес, жас мамандардың кәсіби біліктілігі, икемділігі маңызды», - деді ол.