Елімізде өлім-жітім көрсеткіші азайды

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, елімізде денсаулық сақтау саласында негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады.

Елімізде өлім-жітім көрсеткіші азайды
Фото: aqmeshit-zhastary.kz
1195

2023 жылы 5 қазанда ОКҚ-да өткен брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2021 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы төрт жылға өскенін жеткізді, деп хабарлады turkystan.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, елімізде денсаулық сақтау саласында негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады.

«2023 жылдың 7 айында өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда халықтың жалпы өлім-жітім көрсеткіші 7,4%-ға төмендеді. Сәби өлімі 10%-ға азайған», - деді Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау министрі Мемлекет басшысы халықтың денсаулығын сақтаудағы негізгі шаралардың бірі – алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін ұтқырлық пен қолжетімділік тұрғысынан түбегейлі қайта қарастыруды тапсырғанын атап өтті. Қазіргі уақытта елімізде медициналық көмектің 57%-ын мемлекеттік амбулаториялық-емханалық ұйымдар, 43%-ын жекеменшік ұйымдар көрсетеді.

«Амбулаториялық деңгейде қаржыландыру ұлғайды, ол ДДҰ ұсынған 60% деңгейіндегі жалпы көлемнің 56%-ын құрайды. Жан басына шаққандағы норматив жылына бір тұрғынға 15 мың теңгеден 27 мың теңгеге дейін ұлғайды. Сондай-ақ, орта есеппен 1 тұрғынға шаққанда КТС – 1 565 теңгені құрады», – деді Денсаулық сақтау министрі ОКҚ алаңында өткен брифингіде.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, амбулаториялық деңгейде қаржыландыру ұлғайды.

Үш жыл ішінде консультациялық-диагностикалық көмек көлемі жеті есе, қымбат тұратын КТ-қызметінің қолжетімділігі тоғыз есе, МРТ алты есе өсті. Үстіміздегі жылдың 6 айында 200 млн-нан астам консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетілді.

Сонымен қатар, жалпы практикадағы дәрігер алдындағы кезекті төмендету үшін медбикелердің науқасты қабылдау бойынша функциясы кеңейтілді. Жалпы, практикадағы дәрігер алдына бармай-ақ, мамандардың қабылдауы үшін жағдайлар жасалды, ал онкологиялық ауруға күдік келтірілген науқастар үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарындағы тексеру процедуралары жеделдетілді.

Қазақстан халқына жоғары технологиялық медициналық көмектің 80 түрі қолжетімді. Олардың ішінде - ағзаларды трансплантациялау, кардиохирургиялық, нейрохирургиялық, жалпы хирургиялық және басқа да медициналық көмектер. Сондай-ақ ел азаматтары үшін ядролық медицина орталықтары жұмыс істейді.

 

Серіктес жаңалықтары