Қазақ детектив жанрының дарабозы

Алматыдағы Достық үйінде көрнекті қазақ жазушысы, қазақ әдебиетінде шытырман оқи­ғалы прозаның қалыптасып дамуына зор еңбек сіңірген қарымды қаламгер Кемел Тоқаевтың туғанына 100 толуына байланысты халықаралық ғылыми-тәжірибелік кон­фе­рен­ция өтті.

Қазақ детектив жанрының дарабозы
ашық дереккөз
1750

Алматыдағы Достық үйінде көрнекті қазақ жазушысы, қазақ әдебиетінде шытырман оқи­ғалы прозаның қалыптасып дамуына зор еңбек сіңірген қарымды қаламгер Кемел Тоқаевтың туғанына 100 толуына байланысты халықаралық ғылыми-тәжірибелік кон­фе­рен­ция өтті. Конференцияға Мәдениет және ақ­парат министрі Аида Балаева, ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан Жазу­шы­лар одағының мүшелері, Ресей федерациясы, Өзбекстан және Қырғыз Республикасы ел­дері­нің белгілі қаламгерлері қатысты.

Конференцияны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ашып, Кемел Тоқаев өмірі мен шығармашылығы жайын­да «Шырғалаңы мол шығармашылық» деген та­қырыпта баяндама жасады. Ол жазушының әдеби туын­дылары мен оның жариялануы кезіндегі қиын­шылықтары жайында айта келіп, өзгеше тағ­дырлы, ерекше шығармашылық иесінің қала­мынан шыққан туындылардың қазақ әдебиетінде алатын орны мен маңызы жайында баяндады.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ба­лаева Мемлекет басшысының конференция қа­тысу­шыларына құттықтау хатын оқып берді.

Құрметті жазушылар!
Қадірлі қауым!

Сіздерді көрнекті жазушы Кемел Тоқаев­­тың туғанына 100 жыл толуына ар­нал­ған халықаралық, ғылыми-тәжіри­бе­лік конференцияның ашылуымен құт­тықтаймын!
Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінде тың­нан түрен салып, детектив жанрының не­гізін қалады. Шоқтығы биік шығар­ма­ларымен көпшіліктің ықыласына бөленді. Жазушы «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға», «Арнаулы тапсырма», «Соң­ғы соққы», «Таңбалы алтын» және басқа да шытырман оқиғаға толы туындылары ар­қылы оқырманын жамандықтан жи­рену­ге, жақсылықты үйренуге үндеді. Со­ны­мен бірге адалдық, мейірім, жана­шыр­лық сияқты адамгершілік құндылықтарды дәріптеді.
Қарымды қаламгердің тағылымы мол туын­дылары қазақ әдебиетінің алтын қо­ры­на қосылған құнды қазына екені сөзсіз.
Бүгінгі іс-шарада Кемел Тоқаевтың шы­ғар­машылығына шынайы баға беріліп, әдеби мұрасына терең талдау жасалады деп сенемін. Баршаңызға алғысымды білдіре отырып, зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

Ақорда
2023 жылғы 2 қазан.

Бұдан кейін сөз алған ТҮРКСОЙ-дың хат­шысы Сұлтан Раев қазақ әде­бие­тінде детектив жанрын үлкен белеске кө­тер­ген Кемел Тоқаевтың шығарма­шы­лы­ғы­на зор баға берсе, әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің ректоры Жан­сейіт Түймебаев әдебиеттің бір жан­ры­ның көркеюіне ғұмырын арнаған жазу­шы мұрасының мәнін жоймас құндылыққа ай­налғаны жайында пікір білдірді. Ал өз­бекстандық қаламгер «Маънавият ва мари­фат» республикалық орталығының же­тек­шісі Минхожиддин Ходжиматов Кемел Тоқаев шығармашылығымен өзбек елі оқыр­мандарының таныс екеніне тоқталып, жазушының өзбек тілінде басылып шық­қан туындылары жайында ойларын айтты. Сон­дай-ақ ол Кемел Тоқаевтың өзбек тілін­де басылып шыққан үш томдық шығар­ма­лар жинағын Қазақстан Жазушылар одағы төрағасына тарту етті.
Конференцияға бауырлас қырғыз елі­нен арнайы келген Қырғыз Республикасы Жазушылар ода­ғының төрағасы Нұрлан Қа­лыбеков пен Қыр­ғыз Республикасы Ұлт­тық Ілімдер Ака­де­миясының академигі, филология ғы­лымдарының докторы, профессор Абдыл­да­жан Акматалиевтің жә­не заң ғылым­да­ры­ның докторы, про­фес­сор, Ресей ғылы­мы­ның Еңбек сіңірген қай­рат­кері, детектив жан­рының әйгілі жазушысы Дмитрий Шестаковтың баян­дамалары да тартымды бол­ды. Сондай-ақ бел­гілі қаламгерлер − Қа­зақ­стан Респуб­ли­касының Еңбек ері, Мем­лекеттік сый­лық­тың лауреаты Дулат Иса­беков пен жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахмет Ашири де Кемел Тоқаев шығарма­шы­лығына жоғары баға берді. Өзге де шы­ғып сөйлеушілердің пікір­лері сол үдеден шы­ғып жатты.
Баяндамалар арасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Әшіров «Темірбектің төкпесі» күйін, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкімән Қасым Аманжоловтың «Жас дәурен» әнін, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау» әнін, ТҮРКСОЙ сыйлығының лау­реа­ты Талғат Әбуғазы халық әні «Хәләулім-айды» орындап, конференция қатысушы­ла­рына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сонымен бірге конференция қатысу­шыларына жазушы Кемел Тоқаевтың шы­ғармашылығына арналған Алматыдағы Ұлт­­тық кітапхана ұжымы дайындаған кі­тап көрмесі көрсетіліп, конференция қа­ты­су­шыларының әрбіріне Қазақстан Жазу­шылар одағы Кемел Тоқаевтың 5 том­дық шы­ғармалар жинағын сыйлады. 

КЕМЕРІНЕН АСПАҒАН КЕМЕЛ АҒА

Мен Кемекеңмен оның Жоғарғы Кеңес­тің ведомствосының редакторы бо­лып қызмет істеп жүрген кезінен бастап та­ныс-біліс бола бастадым. Жоғарғы Кеңес­­­­­тің ғимараты Жазушылар одағының ір­гесінде болғандықтан ол кісі әдеб­иет­шілер үйіндегі жиындарға үзбей қатысып жүретін. Жоғарғы Кеңестің қызметкері бол­ғандықтан ол кісіні көрген бетте енте­леп барып, амандаса кетуді ерсі санайтын­быз. Ыңғайсызданамыз. Қанша дегенмен Жоғарғы Кеңестің қызметкері ғой.
Жылдар өтіп жатты. Біздің «сырттай» таныстығымыз бірте-бірте сый­ластыққа айнала бастады. Оған себеп – ол кісінің ауық-ауық бас­падан шығып жатқан жаңа кітаптары, Қазақстаннан, Мәскеуден алып жатқан сыйлықтары мен әртүрлі дәрежедегі марапаттары бол­ды. «Құтты болсын» деп қолын алғанымызда баяғы сабырлы қал­пынан таймай «рақмет» деп күбірлейтін де қоятын. Ол кісі Жазу­шылар одағына келіп-кетіп жүргенде немесе одақтың кең­сеішілік қызметін атқару барысында өзгелермен ақтарыла сырла­сып, әңгімелесіп жүрсе жүрген шығар, одақ қабырғасында менің Кемел ағамен жақын танысуымның реті келмепті.
Менің ол кісімен жақынырақ араласуым 70-жылдардын аяғы 80-жыл­дардың бас кезінде жазушылардың шығармашылық үйінде бас­талды. Бұл кез Кемел ағаның барлық қызметті атқарып болып, демалысқа шыққан кезі еді.
Кемел ағамен жақынырақ танысып, ашығырақ сөйлесудің бары­сын­да ол кісінің мейлінше қарапайым, мейлінше сыпайы, қызмет пен жазушылықтың кемеліне жетіп жүрсе де кемерінен бір аспай­тын, Есіл өзеніндей жайбарақат ағысынан бір танбайтын мінезге бай адам екеніне көзім жетті.
Екеуміз де шығармашылық үйінің екінші қабатында тұратынбыз. Бөлмелеріміз де қатар. Бір күні кешкі астан соң екеуміз шығар­ма­шы­лық үйінің артындағы саябақта біраз серуендеп, бөлмелерімізге қайттық. Кемел ағаның бөлмесі менің бөлмемнен бері болатын. Бөл­месінің тұсына келгенде ол: 
− Менің тұрып жатқан бөлмемді көріп кетпейсің бе? – деді. 
− Көрсем көрейін, − деп ішке кірдім.
Сол түні екеуміз ұзақ отырып сырластық. Ол кісі сол кеште ба­сынан өткен оқиғаларды айтып бергенде, осы адамның төніп ке­л­ген ажал құрсауынан бүгінгі күнге аман жеткеніне таңдана оты­рып тындап едім. Ашаршылық, соғыс, соғыстан кейінгі қиындық. Әсіресе, отқа жылынып отырған қызының анасының көз алдында өртеніп өлгенін, сол күйікке шыдай алмай анасының да өліп кеткені жайлы айтқанда көзіме еріксіз жас алып едім. Осы оқиғалар жайлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі әкесі жайлы естелігінде тебірене жаз­ған екен...
Бір өкінерім, жазушылардың шығармашылық үйінде апталап жат­­қанда суретке түсу деген ойымызға келмепті-ау! Кемел ағамен бір­ге Ғ.Мүсірепов, М.Қаратаев т.б. ұлы адамдар да осы үйде демалып, жазу жазып жатты емес пе? Солармен суретке түсу неге ойымызға кел­­меді? Бүгінгі күннің ертең тарихқа айналатынына мән беріп үй­рен­беген ескі салғырттықтан қанша оқысақ та арыла алмаппыз-ау!
Екінші өкінерім, Кемел аға арамыздан ерте кетті. Пайғамбар жа­сында. Өзі тәрбиелеп өсірген ұлының бүгінгі таңда ел Президенті бол­ғанын, жай ғана Президент емес, мәдениеттілігімен, қара­пайым­дылығымен, әлемнің бес тілінде еркін сөйлеп, сол тілде баяндама жа­сай алатындығымен, өзге Президенттер секілді алып-ұшпа пікір­ден өзін аулақ ұстай білетін тектілігімен ерекше құрметке бөленіп отыр­ғанын емес, тым болмаса министр болғанын да көре алмай, жет­тім дегенде «жығылып» қалғаны өкінішті-ақ!
Амал қанша «Өмір заңы қатал-ақ!». Қазір ойлаймын, егер Кемел аға баласының Президент болып әлемге танылған тұлғаға айнал­ға­нын көре қалған күннің өзінде баяғы мінезінен бір де айнымай, ке­мерінен асып-төгілмей қарапайым өмірін жалғастыра беретін сияқты.

Дулат ИСАБЕКОВ,
Қазақстанның Еңбек ері,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ІРІ ӨКІЛІ

Өзбек-қазақ халықтарының туыстық, достық бай­ла­ныстары­ның тарихы ұзақ дәуірлерге кетеді. Олар ежелден бір-біріне жа­қын жасап, бір бұлақтан су ішіп, өзара үйлесімді өмір сүріп келген. Біз­дің тарихымыз, әдет-ғұр­пы­мыз, тіліміз бен тағдырымыз ортақ. 
Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, заманауи қазақ про­­за­сында өз орны бар, өз дәуірінің тынысын шығарма­шы­лығында сәу­лелендірген тұлға Кемел Тоқаевтың туға­нына 100 жыл толу­ы­ның екі халық үшін де маңызы бірдей дер едім.
Асылында күрделі детектив жанрын қазақ ұлттық про­засына орнықтыру оңай болмаған, бұл қаламгерден күш­ті рухани ерлікті талап ететін жағдай десек қателеспейміз. Кемел Тоқаев сол сы­нақ­­тан сүрінбей өтіп, шығармалары оқырман көңілінен терең орын алғаны на­зар аударарлық.
Бүгінде танымал жазушының «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» секілді ро­­мандары, «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сар­ға­банда болған оқи­ға», «Таңбалы алтын» секілді хикаяттары әрбір қазақ үйіндегі кітап сөрелерінен орын ал­ғаны тегін емес.
Кемел Тоқаевтың «Көмескі із», т.б. хикаяттары өзбек тіліне аударылған. Бұл шы­­тыр­ман оқиғалы туындыларды сүйетін өзбекстандық оқырмандарды қуан­дыр­ғаны анық.
Жазушы қандай тақырыпты қозғаса да әрқашан шығармашылыққа жауап­кер­шілікпен қарайды. Әрбір туындыны жүрек сезімімен жасайды. Ондай шығармаларды ұнататын әрбір оқырман өз дәуірінің тынысын көркем өрнектеген жазушының шығармашылығына ықыласы ауып, жанкүйеріне айналады. Бұл тұрғыда Кемел Тоқаевтың өзіне тән стилі, жазу мәдениеті көңілге қуаныш сыйлайтын көркем прозасы бар десек, ақиқаттан алыс кетпейміз.
Кемел Тоқаевтың туындыларының өзбек тілінде басылып шығуы оның шығармашы­лығының Қазақстанда да, Өзбекстанда да қадірлі екенінің, өзбек-қазақ әдеби достығының жаңа деңгейге көтерілгенінің дәлелі.
Бұл жылда қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін салушы, жазушы Кемел Тоқаев­тың 100 жылдығын тойлау − өзбек-қазақ әдеби туыстығының жарқын белгісі ретінде есте қалары шүбәсіз.

Сирожитдин САЙИД,
Өзбекстан Жазушылар Одағының төрағасы,
Өзбекстан Халық ақыны

 

ТАРИХИ ДЕТЕКТИВ ЖАРАТҚАН ЖАЗУШЫ

Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының атасы  Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығы кеңестік дәуірге тұспа-тұс келді. Тағдыры күрделі қалыптасқан ол 1930 жылдарда ата-анасы, туыстарымен Фрунзеде күн кешті. Ата-анасынан, қарындасынан айырылды. Ағасын жоғал­тып алды, іздеді.  Жас кезінен соғысқа аттанып қан кешті, ағасынан айырылды. Осындай күрделі тағдыр жазушыны жа­сыта алған жоқ, керісінше ширатты, рухы мықты ры­царь қылып шығарды.
Ош шаһарындағы Қазақстанның консулы, қырғыз әде­биетінің досы, (жақында қазіргі қырғыз поэзиясының ан­тологиясын қазақ тілінде шығарды) Мұхтар Ахатұлы Кәрібай Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы толғаныс» (қырғызшалаған Чынара Океева) кітабына редак­тор болуымды өтінді. Кітапты редактор ретінде оқып жатып, жазушының ауыр тағдыры көз алдымнан өткендей болды.
Кемел Тоқаевтың мені таңдандырғаны − архивтерде отырып, фактілермен жұмыс істегені болды. Ойдан шығарылған бір-бірінен сюжеттері көшірілген көркем шы­ғармалар толып жатады емес пе? Фактіге сүйеніп, архивтік материалдарды пай­даланып көркем шығарма жазу − бұл жазушының жауапкершілігі деп есеп­тей­мін.  Демек, Кемел Тоқаев тарихи көркем шығарма тудырған жазушы.
Кітаптары сөреде шаң басып жатпаған, оқырманы көп жазушының «Соңғы соқ­қы» романы АҚШ Конгресінің кітапханасына алынуы көп нәрседен хабар берсе керек. Әттең, егер цензура үстемдік қылған кеңестік дәуірде тумай, қазіргі тәуелсіз Қа­зақ­станда дүниеге келгенде шығармаларына басқаша қарап, қазақ елінің ер­кіндігін, ар-намысын, кеңпейілдігін, ұлылығын дәріптеген жаңа әдебиетті жасар еді деп ойлаймын.
Жазушының екі өмірі бар демекші, оның шығармаларын ұмытпау кейінгі ұрпақ­тардың мойнындағы парыз деп есептеймін. Мен төмендегі мәселелерді ұсынамын:
1. Кемел Тоқаевтың таңдамалы шығармаларын қырғыз тіліне аудару;
2. Кемел Тоқаевтың Бішкек шаһарында үй-музейін ұйымдастыру;
3. Бішкек қаласының көшелерінің біріне Кемел Тоқаев атын беру.
Жоғарыда айтылғандарды  Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы өкіметінің назарына ұсынуды өтінер едім.

Нұрлан ҚАЛЫБЕКОВ,
Қырғыз Республикасы Жазушылар одағының төрағасы

 

РУХЫ МЫҚТЫ ҚАЛАМГЕР

Қазақ әдебиетіндегі шытырман оқи­ғалы-детектив жанрының негізін қалаушы, дарынды прозаик, қаламынан «Түнде атыл­ған оқ», «Сарғабандағы оқиға», т.б. ке­ре­мет шығармалар туған майдангер жазу­шының 100 жылдық мерейтойына орай бүгін осында болу мен үшін үлкен мәр­тебе, зор қуаныш. 
Кемел Тоқаев шығармашылығының шы­найылығы, белгілі бір дәрежеде оның же­ке тәжірибесімен байланысты деп есеп­теймін. Оның балалық шағы ұжымдастыру кезеңіне тұспа-түс кел­гендіктен түрлі қиындықтарды бастан өткерді, ең жақын адам­дарынан – ата-анасынан, қарындасынан айырылды.
Болашақ жазушыға шығармашылық серпін берген жағдайдың тағы бірі – Екінші дүниежүзілік соғысына қатысты. Кемел Тоқайұлы жас кезінде Сталинград шайқасына белсене қатысты, жарақат алды. Со­ның бәрін жеңіп шығуы болмысының қайсарлығы болса керек.
Ол Сталинград шайқасына ғана емес, Украинаны, Белоруссияны, По­льшаны Кеңес әскерлері қатарында азат етуге қатысып, бұл елдерді жай жүріп өтпей бірнеше рет ерлік көрсеткеніне оның Екін­ші дүниежүзілік соғысының І және ІІ дәрежелі орденьдерімен марапатталуы дәлел. Мұның бәрі кейін Тоқаевтың Қызыл Армия мен генерал Дутов, атаман Анненковтың әскерлері арасындағы күрес­ті суреттейтін «Соңғы соққы» романына жақсы әсер етті деп есеп­теймін. Оның шығармаларының кейіпкерлері – батыл да көреген адамдар, заңбұзушыларға қарсы күресетін құқық қорғау және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының өкілдері.
Кемел Тоқаев өз кейіпкерлерінің мінезін олардың өзіне тән ар­тық­шылығы мен кемшілігімен шебер жеткізіп қана қойған жоқ, жазушының туындыларында қылмыскерлердің образдары да шынайы ашылған.
Бүгінгі конференция шығармашылық адамдары мен кри­ми­нология ғылымының арасындағы байланыс туралы ойларымыз бен әсерлерімізді әрі қарай дамыта түсуге алғышарт жасайды деп сене­мін. Криминалист, сонымен қатар жазушы ретінде мен үшін осын­дай маңызды оқиға Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған конференциямен байланысты екенінің мәні ерекше.

Дмитрий ШЕСТАКОВ,
жазушы,  заң ғылымдарының докторы, 
профессор,
«Криминология: вчера, сегодня, завтра» 
ғылыми журналының бас редакторы

 

P.S. 
Әдебиетке әр дәуірде келетін талантты қаламгерлер тобы өздерінің әдеби атмосферасын жасайды. Біреу бұрыннан келе жатқан дәстүрді жалғастыра келсе, енді бірі тыңнан түрен салып соныға із салады. Қазақ көркемсөз әлемінде бір жанрды биіктетіп, туған әдебиетімізде шытырман оқиғалы шығармалар тудырудың хас шебері Кемел Тоқаевтың туындылары дәуірлер сынынан өтіп, халқына қызмет ете бермек.

 

Серіктес жаңалықтары