Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Мәжіліс депутаты: Президент кешенді жобалар тізбегін ұсынып отыр
Жолдауда айтылған мәселелер қалай жүзеге асырылмақ?
Кейінгі жылдарда білім саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да аталған салаға айрықша назар аударды. Жолдауда айтылған мәселелер қалай жүзеге асырылмақ? Біз осы жөнінде Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракция жетекшісінің орынбасары Жұлдыз Сүлейменовамен әңгімелескен едік.
Президент сапа мәселесін аяқ астынан көтерген жоқ
– Жұлдыз Досбергенқызы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» – деп шегелеп айтты. Маман ретінде бұл жөнінде не айтасыз?
– Мемлекет басшысының: «Мұндағы түйінді сөз – «сапа» – деп шегелеп айтуында мән бар. Анабір қиын жылдарда тәжірибелі мұғалімдердің біразы мектептен кетіп қалды. Құқық қорғау органдары қазір аттестациядан жемқорлықпен өткен мұғалімдерді де әшкерелеп отыр. Бұл – өте ұят нәрсе. Ал енді сондай «мұғалімдер» бар жерде білім сапасын көтеру туралы әңгіме болуы мүмкін бе? Әрине жоқ.
Президент білім сапасы туралы мәселені аяқ астынан көтерген жоқ. Әуелі осы саланың ауып бара жатқан жүгін түзеп алды. Мемлекет тізгінін қолға алған сәтінен бастап білім саласына ерекше көңіл бөлді. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы 2019 жылы Тамыз кеңесіне қатысып, «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданатынын айтып, «Әліппені» қайтаруға уәде берді. Сол жылы желтоқсан айында «Педагог мәртебесі» туралы заңға қол қойылды. «Әліппе» қайтарылды. Заң қабылданғасын мұғалімнің жалақысы күрт өсті. мұғалім-стажер, мұғалім, мұғалім-модератор, мұғалім-сарапшы, мұғалім-зерттеуші, мұғалім-шебер секілді бірнеше педагогикалық біліктілік деңгейі бекітіліп, оған қосымша ақы төленетін болды. Дәптер тексергені, жаңартылған білім беру мазмұнымен сабақ бергені, ауылдық жерде, экологиялық аймақта сабақ бергені, магистр, PhD ғылыми дәрежелері үшін заңмен бекітілген қосымша ақысы бар. Бұдан бөлек, мұғалім боламын деген студенттердің шәкіртақысы өсті. Мысалы, өзгелер 41 мың 898 теңге стипендия алса, болашақ мұғалімдердің стипендиясы – 67 мың 200 теңге. Міне, осының бәрі мұғалім мамандығының беделін көтеріп, еңбек нарығындағы тартымдылығын күшейтті.
Бірақ соған сәйкес, талап та күшейді. Бұрын ҰБТ тапсырғанда мұғалімдік мамандықтарға шекті балл 50 болса, қазір 75-ке көтерілді. Соңғы екі жылда математика, физика, химия, биология, яғни жаратылыстану пәндері мамандықтарына, инженерлік-техникалық мамандықтарға баратын абитуриенттердің өту балы – 101-103 болатынын аңғарып жүрмін. Демек, мұғалім болатын балаларды мектептен бастап іріктеудің жақсы жүйесі қалыптасты. Яғни, жақсы оқыған балалар енді мұғалім болуға өздері ұмтыла бастады. Бұл – «Педагог мәртебесі» заңының аясында қабылданған үлкен реформа. Біз жалақы көтерілгенімен қатар аз уақытта жүзеге асырылған осы кешенді реформаларды да көп айта бермейміз.
Сала еңсе тіктегесін Президент сапа мәселесін көтеріп отыр. Расында да, ендігі жерде сапаны күшейтпесе болмайды. Жоғарыда айтқанымдай, бұның іргетасы қаланып тұр. Мектепте өте жақсы оқыған, әке-шешенің ықпалы емес, жүрек қалауымен ұстаздықты таңдаған, 4 жыл бакалавриат, 2 жыл магистратурада үздік оқыған жас мамандар бірнеше жылдан кейін мектептерге келе бастайды. Соларға ерекше үміт артамыз. Білім саласына өзгеріс алып келеді деп сенеміз. Сол кезде мектептердегі білім сапасына қатысты жақсы көрсеткіштерге қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Әрине, тек қана жастарға сеніп отыру қателік болар еді. Біздің осы салада еңбек етіп келе жатқан өте тәжірибелі мұғалімдеріміз бар. Президент «Мұғалімдердің біліктілігін арттыру керек» – деді. Яғни, өмір бір орнында тұрмайды, күн санап өзгерістер болып жатады. Мұғалім де сол өзгерістерден қалмауы керек. Ол үшін үнемі өзін-өзі жетілдіруі, біліктілігін арттыруы қажет. Бұрын мұғалімдер әр 5 жылда біліктілігін арттыру курстарына баратын. Ол және өзі сабақ беретін пән бойынша курстан өтетін. Қазір 3 жыл сайын біліктілігін арттыратын болды. Президент Жолдауын тыңдап отырып, мен сол мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын өзгерту керек деген ойға келдім. Мысалы, қазір сол курстардан өту үшін мұғалім облыс орталығына, республикалық маңызы бар қалаларға барады. Мүмкін, біз ауылдағы мектептерге барып, олардың мүмкіндігіне сәйкес, бүгінгі таңдағы белгіленген стандартқа сай білім меңгертудің жаңаша тәсілдерін игерген біліктілік арттыру курстарын әзірлеуіміз керек шығар. Сосын мұғалім өзі сабақ беретін пәннен ғана емес, психологиядан, педагогикадан, методикадан немесе өзінің пәні бойынша сыныпаралық айырмашылыққа байланысты бағдарлама мазмұнына арналған курстан өткісі келуі мүмкін ғой. Бұны да ескеру керек. Бұдан бөлек, емтиханның материалын дайындау, оны бағалауға қатысты сұрақтары болуы мүмкін. Сосын қазір басқа жерге бармай-ақ онлайн өткізудің де мүмкіндігі бар ғой. Оны да қарастыру керек. Меніңше, Оқу-ағарту министрлігі өңірлердегі білім басқармаларымен бірге осы мәселелерді тыңғылықты ақылдасуы қажет.
«Қазақстан тарихы» мен «Қазақстан географиясы» тек қазақ тілінде оқытылуы керек
– Осы жерде оқулық мәселесін де бір реттеп алған жөн шығар. Оқулықтардың сапасы сын көтермейтіні жиі айтылып жүр. Сосын бір мектепке бір баспаның, екінші мектепте тағы бір баспаның оқулығын оқытудың не қажеті бар?
– Менің бұл пікіріме баспагерлер ренжуі мүмкін, бірақ математика, геометрия, физика, химия, биология оқулықтарын жыл аралатып қайта шығарудың керегі жоқ. Өйткені ондағы теоремалар жыл сайын өзгермейді ғой. Бұл жерде бір мәселе бар. Ол – оқулықтардың мәтінін аударған кезде кеткен өрескел қателер. Бізде қазір ғалымдар, мықты мұғалімдер, аудармашылар бар, бәрі бірігіп отырып, соны түзеп, 10-15 жылда бір-ақ рет шығару керек. Ал Әліппе, Ана тілі, Қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы – біздің ұлттық болмысымызды танытатын пәндердің оқулықтары. Білікті ғалымдар мен мұғалімдерді тарта отырып, сапалы оқулық құрастыру қажет. Бұдан қаржыны аямауға тиіспіз. Мен жақында географтармен кездестім. Олар «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Қазақстанның физикалық географиясы», «Қазақстанның әлеуметтік экономикалық географиясы» аталатын оқулықтардың осы күні жай ғана «География» аталатынын» айтып шағынды. Географтардың айтып отырғаны дұрыс. Елдің атауы оқулықта тұрғаны жөн. Балалардың санасына отаншылдық рухты сіңіре беру керек. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстан тарихы, Қазақстан географиясы пәндерін барлық мектепте қазақ тілінде оқытуды таңдау компоненті ретінде енгізуіміз керек. Бұндай тәжірибе бізде бар. Зияткерлік мектептер бұл 2 пәнді 15 жылдан бері бір ғана тіл – қазақ тілінде оқытып келеді. Оқушылар емтихан тапсырып жүр.
– Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек. Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн, — деді Президент. Бұл жөнінде не дейсіз?
– Қазір еңбек нарығы мүлде өзгеріп кетті. Яндекс такси жүргізушілерінің 25 пайызы жоғары білім дипломы бар мамандар екен. Күзетшілер де солай. Біз жоғары білім дипломының құнын түсіріп алдық. Бейнелі түрде айтсақ, шеге қағатын адам жоқ, керісінше, дипломы бар жүргізушілер, күзетшілер көп. Бұл экономиканың дисбалансына алып келеді. «Еңбек нарығының сапасы» деген ұғым бар. Дамыған елдердегі еңбек нарығы баланың мектептегі алған білімінің сапасымен өлшенеді. Балабақшадағы балаға қанша қаражат салғанына қарап экономиканың даму көрсеткіші анықталады. Себебі, білім – қоғам дамуының айнасы, өркениет дамуының басты көрсеткіші. Біз де ақырындап осыған келе жатырмыз.
Педагогикалық зерттеулерде «Білімдегі кедейшілік» мәселесі жиі айтылып жүр. Біз әлі де көбіміз мән бермейміз. Бұл – ата-ананың әлеуметтік жағдайына байланысты балаға көңіл бөлуі. Неғұрлым әлеуметтік жағдайы жақсы болған сайын баланың үйірмеге баруы, репетитормен дайындалуы, кітап алуы, жалпы білім ресурсына қол жеткізу мүмкіндігі жоғары болады деген зерттеулер бар. Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың балаларында ондай мүмкіндік бола бермейді. Атаулы әлеуметтік көмек қаржысы баланың интеллектуалды дамуына, яғни жасына сәйкес, кітап оқуына, спортпен шұғылдануына, үйірмеге баруына, бос уақытында тұлғалық, физикалық, психологиялық дамуына жұмсалғаны абзал. Бізде осыған назар аударылмайды. Яғни, Оқу-ағарту министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, ведомствоаралық осындай байланысты күшейтуі, мәселені ретке келтіруі керек.
Мысалы, репетиторлық орталықтарға мемлекеттік тапсырыс бере отырып, тұрмысы төмен отбасылардың балаларын қамтуы қажет. Бұл үшін велосипед ойлап табудың керегі жоқ, бұрынғы тәжірибені алсақ, жетіп жатыр. Менің анам 15 балалы отбасыда дүниеге келген. Нағашы атам мен әжем соның 8-інің жоғары білім алуына жағдай жасаған. Әрине, өздері де еңбек еткен шығар, бірақ бұл, ең алдымен мемлекеттің қамқорлығының арқасы! Анам мектеп бітірген соң кеңшарда жұмыс істеген, жолдамамен рабфакқа түскен, одан соң жоғары білім алып, дәрігер мамандығымен елге оралған. Біз осы тәжірибені нарықтық экономикаға икемдей отырып, жаңа жүйе қалыптастыруымыз керек. Білім беру бағдарламалары, стандарттары тек ЖОО бітіруге бағытталмауға тиіс.
Президент айтқандай, жұмысшы мамандар көп керек. Біз биыл «Кәсіптік біліктілік» туралы заң қабылдадық. Мемлекет басшысы қол қойды. Сол заң кәсіптік білім беру саласының тынысын кеңейтеді деп сенеміз. Қазір бір ғана кәсіп игеріп, сонымен өмір бойы нәпақа табамын деуге болмайды. Еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатыр. Алдағы 10 жылда КТ, УЗИ түсіретін мамандардың орнын роботтар атқаруы мүмкін. Сол секілді басқа да көптеген мамандыққа жасанды интеллект «жайғасуы» ғажап емес. Сондықтан кез келген жағдайға бейім болу керек.
– Президент «Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғанға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек» – деді. Жалпы, осы буллингті қалай тоқтатуға болады?
– Бұл – өте күрделі мәселе. Қазір бала смартфонмен бетпе-бет, жалғыз қалды. Одан алып жатқан ақпаратының моральдық жағына ешкім жауап бермейді. Балалар қатыгезденіп барады. Тәрбиемізде олқылық кетті. Шетелге көп еліктейміз. Педагогикамыз ұлттық салт-дәстүрге негізделуі керек. Финляндия, Жапония, Оңтүстік Корея секілді елдер осылай істеген. Оқулықтарын ұлттық тәрбиеге негіздеп жазған. Соның арқасында бұл мәселеде біршама жетістікке жетіп отыр. Алаш қайраткері, педагогика методикасын зерттеуші Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші» немесе «Психология» атты еңбектері бар. Сол еңбекті педагогикалық жоғары оқу орындарында оқытып, педагогикадан арнайы курстарды меңгерту керек. Қоғамдағы түрлі жағдайды бала көріп отыр. Мұғалімнен сұрайды. Ол шамасы келгенше жауап беруге тырысады. Отбасындағы тәрбие мықты болса, бала аяғын шалыс баспас еді. «Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» – дейді қазақ.
Өкінішке қарай, отбасыдағы әкенің де, шешенің де беделін түсіріп алдық. Мұғалім мен ата-ана арасындағы байланысты нығайту керек. Тыйым салумен, шектеумен ештеңе шешілмейді. Тәрбие компонентін күшейту қажет. Мектеп – идеологиялық институт. Қажет жерінде ата-ананы да тәрбиелеуі керек. Бұл Григорий Петров деген философтың «Батпақтағы бақытты ел» еңбегін оқығаннан кейін туындаған ой. Көп жыл Скандинавия елдерінде айдауда болған Григорий Петров фин мемлекетінің даму тарихын, саяси жүйесін ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеген. Екі мемлекеттің отарында болған, небір күрделі жағдайларды бастан өткерген Финляндия әлемдегі ең озық елдердің біріне қалай айналды? Осы мәселені әбден зерттей келе: «Мектеп реформасының дұрыс жүзеге асуының арқасында!» деп тұжырады философ. Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демеп пе еді? Біздің «бесігіміз» – мектеп. Президенттің осы салаға ерекше назар аударуының себебі осында деп ойлаймын.
Жоғарыда баланың смартфонмен бетпе-бет, жалғыз қалатынын айттым. Онда түрлі қатыгез ойындар бар. Финдер сол ойындарды зерттеп, интернетке соларды алмастыратын ұлттық бояуы қанық ойын, баланың зейінін дамытатын тапсырмаларды енгізген. Яғни, жамандықты жақсылыққа айналдыра алған. Барған кезімде көргенім, оларда сабақ арасындағы үзіліс 40 минутқа созылады екен. Осы 40 минут үзіліс баланың шынығуына, шаңғы тебуіне, басқа да спортпен айналысуына, далада серуендеуіне арналады. Баланың бетінен қақпай, сөйте тұра, баланы тәртіпке бағынатын саналы азамат етіп өсіру – фин ұстаздарының басты ерекшелігі.
Робототехника кабинеттерінің есігі үнемі ашық тұрады екен. Құдды зауыт секілді істейді. Балалар сонда кіріп кетіп, кейде күні бойы жүреді. Спорт – бірінші орында. Яғни, барлық мүмкіндіктер жасалған. Баланың басқа нәрсені ойлауға уақыты жоқ. Бізде бір спорт залда кейде үш сынып жағаласып, жаттығып жатады ғой. Спорт залды айтасыз, бізде мектептерде орын тапшылығы әлі шешілген жоқ. Биылдың өзінде 270 мың орын тапшылығы бар. Егер, Мемлекет басшысы дер кезінде шешім қабылдамағанда, 2025 жылға дейін орын тапшылығы 1 миллионға жететін еді. Сондықтан да «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Бұл жоба 720 мың орын тапшылығын шешеді. Кең спорт залы, зертханалары бар инновациялық мектептер салынып жатыр.
Қайтқан қаржыда қайыр бар!
– Биыл Парламент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылдап, шілде айында Президент қол қойған болатын. Қазір біршама қаржы қайтарылды. Сол қаржы негізінен мектеп салуға жұмсалып жатыр деп естиміз. Нақты мысалдармен айтып берсеңіз?
– Иә, қайтарылған қаржыға әлеуметтік нысандар, соның ішінде мектеп салу басталып кетті. Мысалы, 2018-2020 жылдары жоспарланған мектептер бар. Кейін пандемия басталды, әлемдегі саяси жағдай ушықты. Соның кесірінен баға қымбаттап кетті. Міне, осындай себептермен тоқтап қалған 62 мектептің құрылысы қазір қайтарылған қаржының есебінен жанданып жатыр. Мен Ақтөбе облысындағы 6, Ұлытау облысындағы 3 мектептің құрылысының толық аяқталуын бақылауда ұстаймын.
Осы жерде ескеретін бір нәрсе бар. Біз қайтарылған қаржыны мектеп салуға жұмсап жатырмыз, бұл, әрине дұрыс. Бірақ негізгі капитал, басты байлығымыз – бала екенін ұмытпауымыз керек. Қаржыны да соған салуымыз керек. Әйтпесе, сауатты ұлт болып қалыптаспаймыз.
Жоғарыда аталған заңға сәйкес, қайтарылған қаржылар, мүліктерді қайтарудан және өткізуден түскен ақшалар арнаулы қорға түседі. Жақында БАҚ-та 837,4 миллиард қаржы қайтарылды деген ақпарат шықты. Бұл аз ақша емес. Мысал үшін айтайын, биыл энергетикалық орталықтардағы апаттардың салдарын жою үшін 2 республикалық бюджет резервінен Көкшетаудағы қазандықтарды жөндеуге 2 млрд теңге, Екібастұздағы жылу электр орталығына – 7,4 млрд теңге, Ақтаудағы МАЭК-ке – 4,9 млрд теңге, Риддердегі жылу электр орталығына – 7,2 млрд теңге бөлінді. Жалпы алғанда – 21,5 миллиард теңге. Демек, жоғарыдағы ақпарат рас болса, біраз жыртықты жамап қана қоймай, жаңа өндіріс орындарын ашуға болады. Біз жақында Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, депутат Еділ Жаңбыршин бастаған «AMANAT» партиясы фракциясының бір топ депутаты осы қаржыны тек қана әлеуметтік салаға ғана емес, «стратегиялық нысандарды аяғына тұрғызуға, оның ішінде энергетикалық обьектілерді салуға, тозығы жеткен жабдықтар мен желілерді жаңалауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсау керектігі» жөнінде мәселе көтеріп, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдадық. Былтырғы жылу беру маусымында қандай оқиғалар болғанынан жұрт хабардар. Міне, қаржы сондай нысандарға жұмсалуы қажет деп есептейміз. Оның үстіне зауыт-фабрикалар ашылса, Президент Жолдауында айтылған «жоғары деңгейде өңделетін өнім шығаратын кластер» құрылмай ма? Бұл дегеніңіз, мыңдаған жаңа жұмыс орны, үкіметке салық түрінде түсетін кіріс һәм экономикамызды күрт көтеретін мүмкіндік қой. Әр тиынның қайда жұмсалғаны ашық көрсетіліп отырса, халықтың да сенімі нығая түсер еді.
Жалпы, өткен ғасырдың екінші жартысындағы индустриалды революция республикамыз үшін ғаламат мүмкіндіктерге жол ашты. Қаныш Сәтбаев бастаған ғалымдарымыз жер қойнауының байлығын картаға түсірді. Соның негізінде 42 моноқала ашылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін «Жердің асты да үсті де қазаққа қызмет ету керек» деген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың арманы жүзеге асуға тиіс еді. Енді, міне, кеш те болса, сол арман орындалғалы тұр. Биылғы Жолдаудың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» аталуы соның айғағы!
– Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда кітап нарығын дамыту және реттеу туралы мәселе көтеріп едіңіз. Сол мәселе қазір не болып жатыр?
– Ұлттық Құрылтайда айтқан ұсынысымды Қасым-Жомарт Кемелұлы қолдап, «Балалар кітапханасы» жобасын қолға алу керектігін айтты. Қазір 7 500 мектепте балалардың әдеби кітаптарының қоры жоқтың қасы. Әуелі бұны заңмен реттеу керек. Біз «Кітап нарығын реттеу туралы» заң жобасы аясында және «Мәдениет туралы» заң жобасына толықтырулар енгізу арқылы кітапхананың жұмыс істеу мазмұнын кеңейтіп, кітапханашыларды педагог статусына теңестіріп, балалар және ағартушылық бағыттағы кітаптар шығаратын баспаларға жеңілдіктер қарастыруды заң аясында реттеуді өзекті санаймыз.
– 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» атты жоба жүзеге аса бастауға тиіс. Осы жобаға қатысты әртүрлі пікір айтылады. Маман ретінде не дейсіз?
– Бізде қызық қой. Бұрын «Ұлттық қорда жинақталған ақша неге балаларға бөлінбейді» деп келдік. «Дамыған мемлекеттерде дүниеге келген сәбидің есепшотына бірден ақша түседі екен» деп даурықтық. Енді өзімізде сол жоба қолға алынып еді, бірден аунап түсіп, сынға ала бастадық. Ал бұл – өте керемет жоба, қаражат АҚШ долларымен жиналатынын ескерсек, бала 18-ге толғанша әжептәуір қаржы жиналуы мүмкін. Әрине, дәл қазір мынандай сома деп ешкім кесіп айта алмайды.
Бірақ Мемлекет басшысы алдағы 7 жылда Ұлттық қордың активтерін 100 миллиард долларға жеткізуді тапсырып отырғанын ескерсек, үміттенуге болады.
Жоғарыдағы әңгімемізден байқасаңыз, Мемлекет басшысы білім саласына арналған бірін-бірі толықтыратын кешенді жобалар тізбегін ұсынып отыр. Мысалы, биылғы Жолдауында біз сөз етіп отырған «Ұлттық қор – балаларға» жобасын толықтыратын бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді ұсынды. Демек, балаларға деген қамқорлық жалғаса береді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ