Абзал САПАРБЕКҰЛЫ: Бұл – әлем қазағының басын қосатын форум

«Отандастар қоры» 11 қазан кү­ні шетел қазақтары мен отандастары­мыз­дың басын қосатын «Отандастар» форумын ұйым­дас­тырмақ.

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ: Бұл – әлем қазағының басын қосатын форум
ашық дереккөз
2489

Әлем қазақтарын бір шаңырақ астына бі­рік­тіруді көздеген «Отандастар қорының» бү­гінде қыруар шаруа атқарып жатқанын бай­қап жүрміз. Әсіресе, әлеуметтік желідегі же­ке парақ­шаларында қиырдағы қазақтар мен елге табан тіреген қандастардың жоғын тү­гендеп, барын биікке көтеріп жүргенін жиі байқауға болады. Осындай игі, тағ­дыр­шеш­ті істер атқарып жүрген қор 11 қазан кү­ні шетел қазақтары мен отандастары­мыз­дың басын қосатын «Отандастар» форумын ұйым­дас­тырмақ. Шетелдегі этникалық қа­зақ­тармен өзара байланысты жетілдіруді көз­дейтін бұл келелі басқосудың маңызы мен ерекшелігі жайында «Отандастар қоры­ның» президенті Абзал Сапарбекұлымен сұх­баттасқан едік.

– Шетелдерде тұратын 200-ден астам отан­дасымыздың басын қосатын «Отан­дастар» форумын ұйымдас­тыру­дағы бас­ты мақсат қандай? Маңызы, ерек­ше­лігі неде?
 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда «Ше­телдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қа­тынас орнатып, рухани байланысты ны­ғай­та береміз. Бұл мәселе менің жеке наза­рым­да» деген болатын. Осыған орай қоғам биыл 11-қазанда Астана қаласында «Отан­дас­тар форумын» өткізгелі отыр. Аталған жиын­ға, өзіңіз айтқандай, шетелдерден 200-ге жуық қандасымыз келеді. Сондай-ақ еліміздің лауа­зымды тұлғалары, мүдделі мемлекеттік ор­гандардың басшылары, зиялы қауым өкіл­дері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қа­­­тыспақ. 

Форумның басты мақсаты – шетелдердегі қазақ мәдени ұйымдарының жетекшілерін, түрлі салада еңбектеніп, танымал болған қан­дастарымыз бен еліміздегі осы салаға жауап­ты мекемелер, жоғары білім ордалары, ұлт­тық компаниялар жетекшілерінің, зиялы қауым­ның, қоғам белсенділері мен қай­рат­керлерінің басын қосып, ең өзекті мәселелерді тал­қылау. Сондай-ақ форум қатысушыларына ашық диалог алаңын ұсына отырып, ше­тел­дер­дегі қандастарымыз бен отандастардың әлеуе­тін еліміздің ілгерілеуіне үлес қосуына мұ­рын­дық болу. 

Бұл жиын осымен екінші рет өткелі отыр. Ше­телдік  қандастарымыздың басын ата­жұрт­та қосқан алғашқы форум 2019 жылы ұйым­дастырылып, оған ұзын саны 100-ге жуық адам жиналған еді. Бұл жолғы форум­ның ауқымы да, күн тәртібі де, өту форматы да бұрынғыдан бөлек. 
Біріншіден, шетелдерден 200-ден аса қан­дасымыз келеді. Бұл алғашқы форум қа­тысу­шыларынан екі есе көп. Екіншіден, олардың қата­рында тек этникалық қазақтар ғана емес, байыр­ғы отандастарымыз да бар. Үшіншіден, соңғы 30 жылда шетелдерге білім қуып, кәсіп із­деп кетіп, сонда тұрақтап қалған қазақтар қауым­дастығы да қамтылып отыр. Төртін­ші­ден, тек көші-қон мәселесі ғана емес, сонымен бірге шетелдердегі отандастарымыздың интеллектуалдық-инновациялық әлеуетін ел да­муына пайдалану жайы негізгі әңгіме ар­қауы­на айналмақ. Бесіншіден, қандастарға қа­тыс­ты мемлекеттік саясаттың жаңа бағы­тын қалыптастыру, оған құқықтық негіз жа­сау жайы да егжей-тегжейлі талқыланбақ. 

Форум қатысушыларының географиялық ауқымы да кең. 40-қа жуық елден делегаттар ке­леді. Сонымен қатар басқосуға келе ал­май­тын­дарға ұсыныс-пікірлерін жолдауға, он­лайн форматта қатысуға мүмкіндік жасалады. Форум аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуе­ті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «ХХІ ғасырдағы қазақ тілі және бү­гінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи тренд­тер» атты панельдік сессиялар, сондай-ақ «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның жаңа жо­ба­лары­ның тұсаукесері» және  «Тайқазан» қо­ры­тынды сессиясы болады. «Ел дамуындағы қан­­дастардың рөлі» сессиясының мақсаты – шетелдегі этникалық қазақтардың және отан­дастардың еліміздің әлеуметтік-эко­но­ми­калық дамуына қосқан үлесін насихаттау, қан­дастардың қатысуымен жүзеге асы­ры­латын жаңа жобалардың мүмкіндіктерін қарас­тыру, осы бағытта жұмыс істеп жүрген қандастарымыздың өзара тәжірибе алмасу алаңын құру, атажұртқа қоныс аударған қан­дастарымыздың жетістікке жету фор­мула­сымен бөлісу, Қазақстанда түрлі салада игі идеяларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейту бойынша ұтымды ұсыныстарды тал­қы­лау.

Ал «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драй­вері» атты сессияда шетелдегі қазақ ұйым­дарының дамуы және қазақ мәдениеті мен ұлттық дәстүрін сақтап қалудың оңтайлы  жолдары талқыланып, ұлттық құнды­лық­тарды дәріптеудің озық және бірегей тәжірибесін ортаға салады. «ХХІ ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері» сес­сия­да қазақ тілінің жаңа форматта дамуы, жаңа тәсілдермен үйренуге арналған және білім және ғылым саласындағы мүмкіндіктер тал­қыланбақ. Ал «Медиа және заманауи тренд­тер» сессиясында білікті мамандар контент жа­саудың замануи технологиялары, осы заманғы озық тәжірибені ортаға салады. Одан бөлек, отандық және шетелдік қазақ ұйым­дары, шетелдегі қазақ тілді БАҚ ара­сын­да әріптестік  ынтымақтастық орнатудың орайлы жолдары қарастырылады.

Бұл келелі басқосудың маңыздылығына келетін болсақ, бұл мүдделі тараптардың бір платформада кездесіп, мәні зор мәселелерді бірлесе талқылауына, ортақ мәмілеге келуіне, бірлескен шешімдер қабылдауына жол ашады. Осы орайда жүзбе-жүз кездесіп, ашық сұхбат құрудың жөні бөлек. Халқымыз «Бармасаң, келмесең, жат боласың» деген. Бұл жиын түрлі елдерді мекендеген қазақтардың етене танысып, тығыз қарым-қатынас жасауына да зор мүмкіндік бермек. Осынау байланыс бары­сында тың идеялар, ортақ жобалар туын­дайтыны сөзсіз. Сондықтан, алдағы уақыт­та мұның ауқымын кеңейтіп, шетелдегі жастар, ғылым, бизнес, т.б. форумдарына ұластыру жоспарымызда бар. 

Сонымен қатар форумға бұрынғы отан­дас­тарымыз бен жаңадан қалыптасып келе жат­қан қазақ диаспорасы өкілдері де қатыс­қалы отыр. Олар тарапынан да тың ұсыныс­тар мен жаңа бастамалар түсуі бек мүмкін. Бұл, өз кезегінде, «Отандастар қорының» қыз­мет ауқымы аясын кеңейтуге, мәдени-гу­ма­нитарлық жобаларымызды қайта қарауға оң ықпал етеді деген ойдамыз. 

– Шетелде беделді қызмет атқара жү­ріп, ұлттық құндылығымызды бәрі­нен жоғары қоятын отаншыл тұлғалар же­тер­лік. Бұл форумда сондай белсенділер қа­тарынан кімдерді көре аламыз?

– Жоғарыда атап өткенімдей, «Отан­дас­тар» форумының түпкі идеясының өзі – негі­зі­нен шетелдерде ұлттық құндылығымызға қалтқысыз қызмет етіп жүрген, өз елдерінде бе­делге ие азаматтардың басын қосу. Сондық­тан форумның 200-ге жуық делегаттарының бәрі дерлік өз саласының үздіктері, тұрғы­лық­ты елдерінде белсенді һәм  көшбасшы бо­лып жүрген тұлғалар деп айтсам болмас. Олар­дың арасынан бірлі-жарымын бөле-жа­ра айту қиын. 

Сондықтан форум сессияларының кей­ноут спикерлерінің арасынан бірқатар отан­дастарымызды атап өткенім жөн болар. Бұл форумға Қытай Халық Республикасының мем­лекет және қоғам қайраткері, танымал жазу­шы, аудармашы, ғалым Әкбар Мәжитұлы қа­тысады. Әкбар ағамызды қазақ-қытай әде­бие­тінің алтын көпірі деп атаған абзал. Ол – қазақтың көркем шығармаларын, оның ішінде шо­қтығы биік Абайдың туындыларын қытай ті­ліне аударып, біздің ұлттық танымымызды, ру­хани болмысымызды аспан асты еліне кеңі­нен таныстыруда қажымай-талмай ең­бек­теніп жүрген қайраткер. 2020 жылдың қыр­күйегінде оның «Абай шығармалары – қы­тай тілінде» атты 2 томдық жинағы жарық көр­ді. Жинаққа Абайдың 145 өлеңі, 3 поэ­масы, сондай-ақ «Қара сөздері» енген.
Сондай-ақ Қытай Халық Республикасында ми­ллиондаған киносүйер қауымның кө­зайы­мына айналған атақты актриса әрі режиссер, танымал тележүргізуші Жанна Сағатқызы келеді. 

Ресейдегі қазақ зиялы қауымының көр­некті өкілі, Ресейдің III санатты  толыққанды мем­лекеттік кеңесшісі, саясаттану ғылым­дары­ның докторы, профессор Раушан Мұса­ханқызы Қанапиянова апайымыздың орны ерекше. Өмір бойы мемлекеттік, қоғамдық қызметтер атқарған отандасымыз қазір ұлт­тық құндылықтарды Ресей жерінде дәріптеуге бар күшін сарп етіп келеді. 

Сондай-ақ төл мәдениетімізді шетелде да­мытуға қазақстандық әншілерді Ресей на­рығында танымал ету арқылы атсалысып жүр­ген продюссер Байғали Серкебаевты да ай­рықша атап өтуге болады. Мысалы, ол өзі­нің Мәскеу қаласындағы отбасылық мей­рамханасында қазақстандық «The Jigits» то­бы­ның презентациясын жоғары деңгейде өт­кізді. Сонымен қатар Ресейдің әрбір өңірі­нен беделді тұлғалар, қадірлі ақсақалдар мен қоғам белсенділері де шақырылды. 
Еуропа қазақтары да ұлттық құндылық­тарды дәріптеуде кенже қалып жатқан жоқ. 25-30 жыл түрлі бірлестіктерді басқарған, Еуро­па қазақтары ортасында беделі жоғары,  Гер­манияның Кельн қаласындағы Қазақ қоға­мының  төрайымы Сәдие Сүрер ханымды Еуро­па қазақтарының кіші құрылтайлары мен Еуропадағы қазақ жастары конфе­рен­циясының ұйымдастырылуына ерен еңбек сіңір­ген, мол үлес қосқан көрнекті тұлға ре­тін­де бағалауға болады. 

Жиынға арнайы келгелі жатқан Фран­ция­да тұратын қандасымыз Ешім Саваштың да орны бөлек. Ол бүгінде Крей қаласы мэрі­нің мәдениет жөніндегі орынбасары (2020 жы­лы сайланған), халықаралық қатынастар бойын­ша муниципалитет кеңесшісі, Крейдің мә­дениет жөніндегі жергілікті коммиссия­сы­ның төрайымы қызметін де абыроймен ат­қару­да. Қазір Сенатқа үміткер ретінде саяси сайыс­қа түскелі отыр.  

АҚШ-та «Silkroad Innovation Hub» бас­шысы қызметін атқарып жүрген, «Digital Nomads» ұйымының негізін қалаушы Әсет Әб­­дуалиевтің есімін де ерекше атап өтуге бо­лады. «Digital Nomads» ұйымы шетелде ІТ са­­­ласында қызмет етіп жүрген 400-ден аса қа­зақтың басын қосып, ұлтымыздың білімді ұл-қыздарын ұйыстырып отыр. Моңғолия делегациясы құрамында жиынға қатысқалы отыр­ған Нұрбек Бабанұлы – танымал ней­ро­хи­рург, кәсіби біліктілігі жоғары дәрігер. Ол – омыртқа, жұлын жолының эндоскопиялық ота­сын жасаған әлемдегі екінші нейрохирург. Венг­рияда тұратын қандасымыз Оңайша Ман­доки апайымыздың есімі де көпке белгілі. Ол кісі Мажарстанда қазақ тілі мен төл мәде­ниетімізді дәріптеуге зор үлес қосып жүр. Өз­бекстаннан келе жатқан Мерей Аманбаева қа­рындасымыз – жас та болса көпке бас бо­лып жүрген жан. Кәсіпкерлік саласында үлкен же­тістіктерге жетіп отыр. Сонымен қатар байыр­ғы отандастар сапында қазақ әндерін та­мылжыта шырқап жүрген әйгілі әнші Та­тьяна Полтавская да бар. 

– Форум аясында түрлі тақырып бойын­ша сес­сиялар ұйымдастыры­латы­нын білеміз. Елден жырақта жүрген әр қан­дастың ортаға салар ой-пікірі, айтар ұсы­нысы болатыны айтпаса да түсінікті. Мұндай басқосуда оларға өз ойын ашық ай­туға мүмкіндік беріле ме?

– Жоғарыда айтылғандай, аталған форум әу бастан шетелден келетін отандастарымыз үшін жасалып жатқандықтан, олардың әр­бірі­нің ой-пікірі маңызды. Форум жұмысының ло­гикасы мен форматы осы үдеден шығуға ба­ғытталған. Форумның 7-сессиясының спи­кер­лері ретінде шетелдік отандастарымыз тұрат­ын әр мемлекеттен бір өкілден болсын де­ген теңдік принципін ұстануға тырыстық. Со­нымен қатар форум спикерлері қызметінің де әртүрлі болуына назар аудара отырып, әр са­лада табысты қызмет атқарып жатқан қан­дас­тарымыздың Қазақстанның дамуына қа­тысты кәсіби пікірлерін білу де – біз көздеген негізгі міндеттің бірі. 

Форум барысында шетелден келген қо­нақ­тарымыздың арасында форум туралы, жал­пыға ортақ түйткілді мәселелер мен ұсы­ныс-пікірлерін білу мақсатында  сауалнама жүр­гізілетін болады. Әлеуметтік сауалнамалар әдіс­темесіне сәйкес жүргізетін бұл іс-шара шет­елдік отандастарымыздың ой-пікірлерін жи­нақтап, талдаудың  тиімді бір құралы бол­мақ. Сонымен қатар форумның қорытынды сес­сиясында АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия, Мажарстан, Оңтүстік Корея ел­де­рі­нен келген шетелдік қонақтар ара­сынан бір-бір өкіл спикер ретінде сөйлеу мүмкіндігі бері­леді. Осы сессия аясында форум жұмы­сы­ның қорытындысы бойынша баспасөз мәс­лихаты  өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл да форум делегаттарына тікелей сұрақ қойып, ашық пікір алмасудың еркін платформасы бол­мақ. Сондай-ақ әрбір отандасымыздың осы форумға шақырылған қазақстандық бұ­қаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, өз ойларын тікелей жеткізуіне де мүмкіндігі бар.  

Форумның ерекше колориті ретінде «Тай­қ­азан» деген арнайы кері байланыс құралын ұсы­нғалы отырмыз. Форум қатысушылары өзі­нің сұрақтарын онлайн немесе оффлайн фор­матта «өзінің үлесі» ретінде «Тайқазанға» тас­тайды. Сол жерде жинақталған ой-пікір­лер, сыни ескертулер мен ұсыныстар ұйым­дас­тыру алқасы тарапынан жинақталып, әр­бір пікір ескерілетін болады. Аталған ком­муникациялық тетіктер арқылы жинақталған ше­телдік отандастарымыздың барлық сұрағы мен ұсыныстарын елеп-ескере отырып, фо­рум соңында делегаттар «Отандастар» фо­ру­мы­ның қарарын қабылдайды.  

– Шетелде тұратын қандастар елдегі іскер тұлғалармен байланыс орнатқысы келетінін биыл Германияда өткен Еуропа қа­зақтарының құрылтайында айтқан еді. Бұл форумда мұндай мүмкіндік туын­дайтын шығар?

– Әрине, жалпы кез келген көпшілік іс-ша­раның негізгі қызметі оның қаты­сушы­лары­ның арасында жаңа байланыстар орна­туға бағытталады. Сондықтан  «Отандастар» фо­румы да өз делегаттарына нетуоркинг алаңы ретінде қызмет атқарары сөзсіз. Шара барысында бизнес, ғылым, мәдениет, ақ­параттық технологиялар, медицина, мем­ле­кеттік қызмет салаларының өкілдері қа­зақ­стандық әріптестерімен жолығып, іскерлік байланыстар орната алады. Шетелден келетін 200-ге жуық отандастар арасында іскер аза­маттар мен табысты кәсіпкерлер де аз емес. Солардың бірі – Қытайдан келетін кәсіпкер Өркеш Сламбол. Ол – Орталық Азиядағы Қы­тай Халық Республикасының Шандун про­винциясының бас өкілі, «KAZ DОАО» ЖШС компанияларының президенті. 

Сондай-ақ ресейлік делегация арасында да кәсіпкер қандастарымыз жеткілікті. Қа­зақ­станнан шақырылған қонақтар арасында отан­дық және атажұртқа оралған қандас кә­сіпкерлер де болады. Мысалы, «Даму бизнес груп». Бұл – қандастардан құрылған кәсіп­кер­лер қауымдастығы. Олар біз ұйым­дастырып жүр­ген шетелдегі шараларға тұрақты қаты­сып тұрады (Париж, Кельн). Осы жолғы фо­рум­да көзделген тағы басты мақсаттардың бірі – осы.

Бұл қазақстандық бизнес өкілдері үшін де жаңа нарыққа жол ашар, бизнес серіктестер табар ерекше мүмкіндіктер алаңы  болмақ. Форумның «Ел дамуындағы қандастардың рөлі» деген арнайы панельдік сессиясы мә­де­ни индустрия, жеңіл өнеркәсіп, кәсіпкерлік сияқ­ты нақты экономика өкілдерінің пікір ал­масу орны болады деп күтілуде. Осы сес­сияда қандас кәсіпкерлердің елге қосқан үлесі ту­ралы айтылады. Жалпы, әр сессияда онда­ған мықты тұлғалар спикер болады.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақ­­сатында жасалған, шетелдегі отан­дас­тарымызға арналған Qazalem.kz интернет-сер­висінің таныстырылымы да болады. Бұл сер­вис арқылы шетелдегі қандастарымыз Қа­­зақстанның саяси, экономикалық, әлеу­мет­тік, мәдени, ғылым және білім, аймақтар эко­номикасы, бизнес климат, туризм әлеуеті ба­ғыттары туралы толыққанды ақпарат ала ала­ды. Сондай-ақ аталмыш сервис аясында шетелдегі қазақ экспаттарының онлайн-режимдегі базасын қалыптастыру жұмысы қолға алынуда. Болашақта бұл шетелдегі қазақстандық қауымдастықтың кәсіби нетуоркинг платформасына айналады деген үміттеміз. 
 

– Әңгімеңізге рахмет! 
Форум сәтті өтсін!

Әңгімелескен 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ


 

Серіктес жаңалықтары