1122
Баян Қажынәбиева: Анна Каренинаны сомдағым келіп жүр
Баян Қажынәбиева: Анна Каренинаны сомдағым келіп жүр
Еңлік, Қарагөз, Қамар, Тоғжан, Ажар... Ол сомдаған арулар легі мұнымен аяқталмайды. Сахнаға қазақ және әлем классикасындағы ең жарқын кейіпкерлерді алып шыққан актриса бүгінде аналар, жеңгелер образына ойысқан. Театр сахнасында кезекті рөлін сәтті ойнап шықаннан кейін М.Әуезов театрының әртісі, «Серпер» сыйлығының лауреаты Баян Қажынәбиевамен әңгімелесудің сәті түсті.
– Баян Алысқызы, әртістердің көпшілігі әу баста өнерге келуіне ата-анасы қарсы болғанын, соған қарамастан осы жолды таңдағанын айтып жатады. Сіздің де актерлік жолыңыз осы «сценарийден» басталды ма?
– Жоқ, өнерге келуіме ата-анам қарсылық білдірген жоқ. Негізі әу баста актриса болуды армандамағанмын. Туып-өскен жерім – Торғай облысы, Амангелді ауданы, Крупская совхозында театр деген атымен жоқ еді. Анда-санда гастрольдік сапармен ауылға әншілер келіп тұратыны болмаса, актер атаулыны көрмегенбіз. Сондықтан бала кезімізде театр дейтін өнер ошағының барын, онда әртістер қызмет ететінін білмей өстік. Ес білген шағымда ауылымызға М.Әуезов театры келіп, спектакль қойды. Бірақ ол кезде театр мені бірден баурай қойған жоқ. Бибігүл Төлегенова секілді әнші болсам деп жүретінмін. Сол арманның жетелеуімен 1993 жылы 9-сыныпты бітіріп, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне бардым. Дәстүрлі ән бөліміне, Қайрат Байбосыновтың сыныбына қабылданғым келді. Даусымды ұната қоймады ма білмеймін, әйтеуір ондағылар «Мұндай жаста дауысқа күш салуға болмайды, сені оқуға қабылдай алмаймыз» деп шығарып салды. Оқуға түсем деп мектептен кетіп қалған соң, ауылға қайтып барғым келмеді. Сол жылы ең алғаш рет тәжірибелік актерлік курс ашылып жатыр екен. Әзірбайжан Мәмбетов 9-сыныпты бітірген жастарды сол курсқа қабылдап жатқанын естідім. Барып көріп ем – ұнады. Содан өнер жолындағы тәй-тәйымыз басталды.
2000 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірдім. Еңбек жолымның Сәбит Мұқанов атындағы театрдан басталу себебі, 4-курсты бітіретін жылы біз Солтүстік Қазақстан облысына бардық. Оған дейін Петропавлда қазақ театры болмаған екен. Театр ашу мақсатында біздің курсты сол жаққа жіберді. Біздің курстан басқа актерлер алынған жоқ. Қызылжарға желтоқсан айында аттандық. Актерлік шеберліктен өткізілетін сабақтардың барлығы сонда өтті. Театр маусым айында ресми ашылғанымен, қаңтар айынан бастап спектакльдер қойыла бастады. Шымылдығымызды «Қарагөз» спектаклімен аштық. Қарагөздің рөлі маған бұйырды. Бұл рөл менің дипломдық жұмысым еді. Түлектерге диплом табыстау салтанаты солтүстікте өтті. Ең қызығы, театрдың ресми ашылуына қатыса алмадым. Алматыға келген соң, көркемдік кеңес сынақпен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына қабылдады. Содан бері қарашаңырақ сахнасында қызмет етіп келеміз.
– Өнер жолында алған асуларыңыз, бағындырған белестеріңіз үшін кімге қарыздарсыз?
– Ата-анам, ұстаздарымның алдында борыштымын. Эстрада-цирк колледжінде оқып жүргенімде Бәйтен Омаровтай ұстазға шәкірт болу бақыты бұйырды. Одан кейін Татьяна Наурызбаева, Талас Өмірзақов, Есмұхан Обаев, Әубәкір Рахымов, Төлеубек Аралбай сынды ұстаздардың тәлімін алдым. Бұл кісілерге анықтама беріп жату артық, аттарының өзі-ақ қандай азаматтар екенін айтып тұр. Бүгінгі жеткен жетістіктерім осы ұстаздардың берген білімі мен бойыма сіңірген тәлім-тәрбиесінің арқасы деп білемін.
– Шығармашылығыңыздың шарықтау шағы деп қай кезеңді айтар едіңіз? Әлде ондай шақ әлі алда ма?
– Актерлік жолымның шарықтау кезеңі мынау деп шығармашылығымдағы жемісті жылдардың бірін атап көрсетер болсам, алға қойған биік мақсаттарым мен үкілі үміттерімнің бәрін жоққа шығарғандай болармын. Ондай шақ алда деп ойлаймын. Театр табалдырығын аттағаннан бастап бүгінгі күнге дейін сахнаға талай кейіпкерді алып шықтым. Басты рөлдерден құралақан емеспін. Кез келген актрисаға бұйыра бермейтін Қарагөз («Қарагөз», М.Әуезов), Еңлік («Еңлік-Кебек» – М.Әуезов), Тоғжан («Абай-Тоғжан» – И.Сапарбай), Қамар сұлу («Қамар сұлу» – С.Торайғыров), Ажар («Абай» – М.Әуезов) секілді аруларды сомдадым. Қазір бұрынғыдай 17-18-дегі қыздарды ойнамайтыным белгілі. Бірақ өз жасыма лайық басты рөлдерім баршылық.
– 17-18-дегі арулардың рөлін сомдамасаңыз да, театрдың табалдырығын кеше аттаған жас актрисалармен бірге көпшілік сахнасында ән айтып, би билеп жүргеніңізді көреміз. Рөлдің үлкен-кішісі болмайды, актер өзіне жүктелген міндетті орындауы керек. Десе де, «бұл менің орным емес» деп ішкі қарсылық атой салатын сәттер болатын шығар...
– Сахнаны менің орным, сенің орның деп бөлуге болмайды. Көпшілік сахнасына шығу актриса үшін ұят нәрсе емес. Қыздар жетіспей жатса, костюмімді киіп, жүгіріп шыға саламын. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ кейде оқушыларыммен бірге билеп жүргенім ерсілеу емес пе деп ыңғайсызданатын кездерім болады. Ондайда әріптестерім «Өте жас көрінесің, сырт сымбатың жас қыздардыкінен кем емес» деп алдарқатып қояды (күліп). Жұмысымыз болған соң, жасымыз ұлғайды демей, жастардың сапында әнімізді айтып, биімізді билеп жүре береміз.
– «Өнерде достық болмайды» деген түсініктің қате екенін дәлелдеп жүрген жанның бірісіз. Назгүл Қарабалинамен егіз қозыдай бірге жүретіндеріңіз көпшілікке мәлім. Жақын құрбы бола тұра, екі жарқын актрисаның рөл үшін ренжіскен кезі болды ма?
– Назгүл театрға менен кейін бір жылдан соң, 2011 жылы келді. Сол кезден бастап екеуміз жақын дос болып кеттік. Біреу сенер, біреу сенбес, осы уақытқа дейін ренжісіп көрген емеспіз. Талай жылдан бері театрда жүргендіктен талай оқиғаның куәсі болдық. Рөл үшін бір-бірін жағадан алған, бет жыртысқан жандарды да көрдік. Бірақ ондайға оғаш жағдай ретінде қараған емеспіз. Өйткені мамандықтың табиғаты сондай. Бірінші болуға, алдыңғы қатарда жүруге ұмтылмаған адамнан жақсы актер шықпайды. Әр әртістің бойында басты рөлді ойнауға ұмтылыстың болуы заңдылық. Бірақ біріміз алдыңғы, біріміз екінші планда қалып қойдық деп Назгүл екеуміздің арамызда қызғаныш туған емес. Көбінесе бір рөлге қатар түсіп жүрдік. Бірге дайындалып, бірге іздендік, бір-бірімізге демеу болдық. Кейде жаңа қойылымның тұсаукесері болатын сәтте режиссер екеумізді алалағысы келмей, «Сахнаға кім шығатынын өздерің шешіңдер!» дейтін. Біз керісінше, «Өзіңіз шешіңіз!» деп ат-тонымызды ала қашатынбыз. Мәселе кімнің бірінші болып шығатынында емес. Рөліміз бір болғанымен, әрқайсысымыздың өз жолымыз, өз көрерменіміз бар. Соны түсінгендіктен болар, таласып, тартысқан жеріміз жоқ. Қазақ «Жігітті жолдасына қарап таны» деп бекер айтпаған. Дос деген – адамға Алланың берген сыйы. Назгүлді адал досым деп жақсы көремін, сенімді сырласым деп сыйлаймын.
– Екеуіңіз Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Инкенді екі құрамда ойнадыңыздар. Назгүлдің Инкені мен Баянның Инкенінің арасында алшақтық көп пе?
– Әу баста Инкен рөліне Назгүл екеуміз бекітілдік. Алайда пьесаны оқу кезінде бір-ақ мәрте қатыстым да, одан кейін «Ымырттағы махаббат» қойылымының дайындығына қатыспадым. Өйткені Есмұхан Обаевтың «Пара» спектакліне дайындық қатар жүріп жатты. Кейіннен бала күтіміне байланысты демалысқа шығып кеттім. Мен кішкентай сәбиіммен үйде отырғанда «Ымырттағы махабаттың» тұсаукесері өтіп, қойылым көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Жұмысқа қайта оралғаннан кейін Инкенді мен де ойнаймын деп таласқан жоқпын. Өйткені Назгүл сияқты ақ тер, көк тер боп дайындалмадым. Аяқ астынан жұмысқа шығып, дайын асқа тік қасық болуға қақым жоқ еді. Тек Назгүл жүктілігіне байланысты демалысқа шыққанда ғана режиссер Инкен рөлін ойнауды маған жүктеді. Әр актердің рөлді жеткізуі әртүрлі ғой. Назгүлдің Инкені мен мен сомдаған Инкеннің арасында айырмашылық болуы заңдылық. Бірақ қаншалықты алшақ екені бізден гөрі көрерменге жақсы мәлім деп ойлаймын.
– М.Әуезов театрында қызмет етіп келе жатқаныңызға биыл 17 жыл толады екен. Жеке өз басыңызға қарашаңырақ қандай тәлім берді?
– Кез келген адамның тұлғалық қалыптасуы ең әуелі оның қоршаған ортасына, араласатын адамдарына байланысты. Өнерім ғана емес, өмірім де театрмен біте қайнасып жатыр деуге болады. Өйткені уақытымыздың басым бөлігі осында өтеді. Күндіз спектакльге дайындық, би, хор, вокал сабақтары бар. Кешке көрерменмен қауышамыз. Сөйтіп таңғы 9-да кіріп, кешкі 9-да шығамыз театрдан. Бірақ шаршағаныңды сезе бермейсің. Өйткені өнерсүйер қауымның қошеметін көргенде жаның рақаттанып, екінші тынысың ашылғандай болады. Оның үстіне, жастары жер ортасынан асса да, көрерменге тікесінен тік тұрып қызмет етіп жүрген ардақты ағай-апайларымның жанында жүріп, шаршадым деуге қалай аузымыз барады? Олардан үйренгенім, көрген шапағатым мол. Қасымызда жүргенде сол кісілердің қадіріне жетіп, жақсы қасиеттерінің бәрін бойыма сіңіріп қалғым келеді.
– Кез келген актердің көңіл түкпірінде бір рөл жататыны анық. Сахнаға кімнің образын алып шыққыңыз келеді?
– Бұрынырақта Джульеттаны ойнауды армандайтынмын. Ал соңғы уақытта Анна Каренинаны сомдағым келіп жүр. Мұндай рөл бағымызға бұйыра ма, бұйырмай ма – уақыттың еншісінде.
– Соңғы уақытта сізді телехикаялардан жиі көреміз. Отандық сериалдардың сан жағынан да, сапа жағынан да ілгерілеп келе жатқаны қуантады. Әйтсе де, әлі күнге дейін үнді мен түрік өнімдерінің бәсі басым екенін мойындауға тиіспіз. Қазақ өзгенің емес, өзінің телехикаясына қашан телміріп отырады екен?
– «Көш жүре түзеледі» дейді ғой қазақ. Құдайға шүкір, өзіңіз айтқандай, отандық телехикаялардың саны да, сапасы да өсіп келеді. Бәрі бірден дөңгелеп кетпесі анық. Телевизия, кино саласының мамандары ізденіс үстінде. Қазақ көрерменінің сұранысына сай дүниелерді экранға алып шығу үшін түрлі тәжірибелер жасауда. Олардың қайсысы жемісті боларын уақыт көрсетеді. Меніңше, бұрынғыдай емес, отандық телеэкрандағы шетелдік өнімдер бірте-бірте ысырылып келеді. Олардың орнын өз туындыларымыз басуда. Актриса болғандықтан, өзіміз түскен фильмдерге қарапайым көрермен ретінде қарау қиындау. Жетістігінен бұрын кем-кетігін байқап қойып, іштей әуреге түсіп жатамыз. Бірақ жанымызда отырған өзге адамдар ол қателіктерді аңғара бермейді. Олардың сенің кейіпкеріңмен бірге күліп, бірге қайғырғанын көріп, еткен еңбегіміздің еш кетпегенін түсінеміз.
– Сахнадан, түсірілім алаңынан тыс жерде актерлік шеберлікті қолданатын кезіңіз бола ма?
– Актерлік шеберлік – тек қана өнердегі құралым. Өмірде оны қолданып көрген емеспін. Өйткені жасанды қылық, жалған сөз табиғатыма жат. Аузым өтірік айтқанымен, көзім шындықты ашып қояды. Актерлік шеберлікті пайдаланып, бүгін қиындықтан сытылып кеткеніңмен, ертең ол міндетті түрде алдыңнан шығады. Кезінде мұның салдары басымызға таяқ болып тиген. Сондықтан өтіріктен аулақ болуға тырысам.
Таныстарымыздың көбі «Сендерді жол полициясы тоқтатса, танып қойып, айыппұлдан босата салатын шығар» деп жатады. Қанша жылдан бері көлік тізгіндеп жүрсем де, басымнан мұндай жағдай өтпепті. Тек бір келеңсіз оқиға есіме түсіп отыр. Қала көшелерінің бірінде жылдамдықты асырғаным үшін жол сақшысы тоқтатқаны бар. Спектакльге асығып бара жатқанымды айтып, кешірім сұрағанымда: «Мүмкін балерина шығарсың, бір би билеп бересің ба?», – деп мұқатты. Сол кезде өнер адамы екенімді айтқаныма өкініп, қатты намыстанғаным бар.
– Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында шәкірт тәрбиелеп жүрсіз. Ұстаздық жолдағы ұстанымыңыз қандай?
– Ұстазым Есмұхан Обаевпен бір шаңырақ астында еңбек етіп келемін. Академияда да бір курсқа сабақ береміз. Есағаның үнемі айтатын бір сөзі бар: «Жақсы актер болу үшін ең алдымен жақсы адам болу керек». Дүниеден озып кеткен өзге ұстаздарым да осы ұлағатты ұқтыруға тырысатын. Студент күнімде шәкірттерге айтылатын көп сөздің бірі шығар деп аса мән бермеуші едім. Қазір сол сөздің рас екеніне, жақсы адамнан ғана жақсы актер шығатынына көзім жетті. Ұстаздарым үйреткен тәлімді өз шәкірттерімнің бойына сіңіруге тырысып жүрмін.
– Әр рөл – бір мектеп. Әрқайсысы актердің жан дүниесін байытады, танымын кеңейтеді. Кей кейіпкердің тағдыры әртістің өміріне әсер етеді дегенді де естиміз...
– Егер кейіпкерімнің тағдыры өз өміріме әсер етуі мүмкін деп секем алар болсам, актриса бола алмас едім. Өйткені рөлдерімнің көпшілігі – трагедиялы тағдыр иелері. Махаббаттың азабын тартқан, күндестік пен күншілдіктің құрбанына айналған, өмірі өкінішпен аяқталған аруларды көп сомдадым. Егер өмірде келеңсіз оқиғаларға, өкінішті жағдайларға тап болып жатсам, оны рөлдеріммен байланыстырған емеспін. Мәселен, «Гамлетке» дайындық жүріп жатқанда Бақтияр аға қолын сындырып алды, Азамат екеуміз жол апатына түстік. Сол кезде көпшілік «Гамлеттің жолы ауыр ғой» деп бұл оқиғаларды спектакльмен сабақтастырып жатты. Бірақ біз бұл сөздерге мән беріп, рөлімізден қорыққан жоқпыз. Бәрі бір Алланың қолында ғой. Әр нәрседен үрке берсек, үйден шығудан қалатын шығармыз.
– Театрдағы соңғы рөліңіз – Р.Кунидің «Мани-мани» комедиясындағы есепшінің әйелі. Спектакльдің тұсаукесерінде болдық. Бірақ шыны керек, күле алмадық. Қазақтың ағылшын комедиясын қабылдауы қиын ба, әлде қойылым әлі піспеген бе?
– Ағылшындар табиғатынан ұстамды халық. Қазақ секілді эмоцияға беріле бермейді. Сондықтан көрермендерге жат жұрттың мінез-құлқын қабылдау оңайға соқпаған шығар. Алайда материал мықты, тақырып қызықты. Қазақ театры екенбіз деп, қазақ драмургтарының шығармасын ғана сахналау керек деген шарт жоқ. Рэй Куни – шығармалары әлемнің ең ірі сахналарында қойылған автор. Оның бұл туындысын сахналағаннан ұтпасақ, еш ұтылмаймыз. «Мани-маниды» жас режиссер Есләм Нұртазин қойды. Есләм жас болса да, білім-білігі мол, талғамы жоғары маман. Театр сахнасына жаңа тыныс алып келсем деп ізденіп жүр. Қойылымның сахналанғанына көп бола қойған жоқ, кем-кетігі болса, алдағы уақытта толықтырылар. Сын шын болса, кез келген мінді түзеуге болады деп ойлаймын.
– Қай режиссердің қолтаңбасы ұнайды? Кімнің спектаклінде ойнағыңыз келеді? Кімнің фильміне түссем дейсіз?
– М.Әуезов театрында қызмет ететін режиссерлердің барлығымен дерлік жұмыс істесіп көрдім. Ал кинода көп режиссермен істес бола қойған жоқпын. Сол санаулылардың ішінде Асқар Бисембиннің жұмыс істеу тәсілі қатты ұнады. Кезекті фильмдерінің біріне түсуге шақырып жатса, ұсынысынан бас тартпас едім.
– Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан
Анар ЛЕПЕСОВА