Президент «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасына тапсырма берді

Президентке Қор активтерін жекешелендіру жоспарының іске асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді.

Президент «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасына тапсырма берді
akorda.kz
655

Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысына Қордың биылғы 8 айда атқарған жұмысының қорытындысы жөнінде баяндалды.

Президентке «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының өндірістік және қаржылық көрсеткіштері, сондай-ақ жыл қорытындысы  бойынша күтілетін нәтижелері таныстырылды.

Сонымен қатар Қорға қарасты компаниялар тобының маңызды жобаларын жүзеге асыру барысы жөнінде мәлімет берілді.  Мәселен, жыл соңына дейін алты ірі жобаны, атап айтқанда Астрахан – Маңғышлақ су құбырын реконструкциялау, «Сарша» және «Жылы жағажай» елді мекендеріне газ құбырын тарту, Бейнеу – Жаңаөзен газ құбырының 2-ші желісін және Мақат – Солтүстік Кавказ газ құбырының лупингін салу,  бірінші ГРЭС-тің 1-ші блогын қалпына келтіру, Қазақстан Республикасының Бірыңғай электрэнергетикалық жүйесіне қарасты батыс аймағындағы электр желілерін күшейту жобаларын аяқтау жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына Қор активтерін жекешелендіру жоспарының іске асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді. Биыл 10 қарашаға дейін KEGOC  компаниясының SPO-сын аяқтау жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорына қарасты бейінді емес активтерді жекешелендіру және компанияларға халықтық IPO өткізу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары