Қызылордада ауыл тұрғыны қойдың жүніне картоп еккен

Ол бірнеше шаршы метр жерден 300 келі картоп жинаған

Қызылордада ауыл тұрғыны қойдың жүніне картоп еккен
Видеодан алынған кадр
2522

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақжар ауылының тұрғыны ерекше әдіспен картоп екті, деп жазады turkystan.kz "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.

Ол егінге қажет суды үнемдеу үшін, қойдың жүні мен сабанды пайдаланған.

Сырдария өзенінің деңгейі төмендегелі Ақжар ауылының ішіндегі арыққа су келмейтін болған. Дегенмен ауыл тұрғыны Талғат Лекеров жер асты суын пайдалануға көшкен. Сонымен қатар көкөніс егудің тиімді тәсілін тауып отыр. Ол үй ауласындағы алақандай жерге қойдың жүнін төсеп, оған картоп тұқымын тастайды. Ал үстін сабанмен жауып, көңмен көмген. Арасы дымқылданып, картоп тез піседі екен. Ал жүн мен сабан шіріп, топыраққа құнар береді. Бірнеше шаршы метр жерден 300 келі картоп жинаған ол дәл сол жерге тамыздың басында сәбіз егіп үлгеріпті. Осылайша бір жерден екі рет өнім жинап алмақ.     

"Тамыздың бесіне егілді осы сәбіздер. Бұлар енді күзге дейін сәбіз болады. Осы күні бастап алып келе жатыр міне. Күннің салқынында сәбіз жақсы өседі. Күннің ыстығына қарағанда. Түнде шық түседі қанша дегенмен. Өзі ығалданып, күзде егілген сәбіз көп суды қажет етпейді. Жер қызбайды, кеппейді асты. Сосын жер қатаймайды", - дейді ауыл тұрғыны Талғат Лекеров.

Талғаттың үйінің ауласында арық жоқ. Егінді себелеп қана суарады. Дүкеннен бау-бақша, көкөніс өнімдерін сатып алмайтын еңбекқор жан азғантай сумен аядай жерден мол өнім алудың әдісін ауыл жастарына да үйретуден жалықпайды.

"Енді оның жасыратын ештеңесі жоқ. Малдың жүні, біздің сабанымыз, малдың сағы, қиы далаға тасимыз. Жарамсыз деп. Ал оны іске асырудың технологиясы мінекей қарапайым түрде осы Талғаттан ақ үйренуге болады. Осы ауласындағы дүниенің бәрін ауыл тұрғындарына тәжірибе ретінде көрсетіп, жастарды осыған шақырып отырмыз", - дейді Ақжар ауылының әкімі Нұржамал Тұрсынбаева.

Бұл отбасы жиын-терімді қыс бойы жертөледе сақтайды. Бұл қарапайым отбасының бюджетін үнемдеуге айтарлықтай сеп болады. Келер жылы экзотикалық өсімдіктерді де ерекше әдіспен күтімге алуды көздеп отырмын, - дейді ізденімпаз жан.

Серіктес жаңалықтары