«Отандастар» форумына келген қандастар ұлттық ойындарды тамашалады

Бүгін Астанада өтетін «Отандастар» форумына қатысу үшін қырықтан астам елден 200-ге жуық қандас келді.

«Отандастар» форумына келген қандастар ұлттық ойындарды тамашалады
Отандастар қорының баспасөз қызметі
3014

Отандастар қорының ұйымдастыруымен өтетін бұл форумның бас серіктесі «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт қауымдастығы келген қонақтарды ұлттық құндылықтарымызбен етене жақын таныстыру үшін бірқатар іс-шара өткізді.

Атап айтқанда, құсбегілік, қолөнер шеберлігі, ұлттық ойындарымыздан тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, қыз қуу, аударыспақ, көкпар қойылым көрсетілді.

«Шетелдегі барлық қандасты елге жинап, басымызды біріктіргені үшін «Отандастар қорына» алғысымызды білдіреміз! Сондай-ақ қазақ қазақтығын білдіріп, ұлттық өнер мен ойынды, салт-дәстүрді көрсетіп, ұлттық тағамдарымыздан дәм татқызып жатыр. Ризамын!

Біз Орынборда аз болсақ та, дәстүрімізді жоғалтпай сақтап келеміз. Ұрпағымызға да үйретіп, насихаттаймыз», – дейді Гүлжан Қожамжарова.

Соңғы 7 жылда Кореяда тұратын Тұрлан Жанесенов қандастар арасында тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейтін осындай іс-шаралар жалғасын табуға тиіс екенін айтты.

«Мен – Корея қазағымын. Қазақтар Кореяда көп тұрады. Бірнеше қалада өмір сүреді. Бірақ барлығын жинап, біріктіру қиын.

Ал бүгін «Отандастар қоры» ұйымдастырып жатқан форумда Кореяда тұратын қазақтардан бөлек, 40 елден келген қандастармен көрісу бұйырды. Бұл форум – барлық елдегі қазақтармен танысып, байланыс орнатуымызға үлкен септігін тигізіп отыр», – деді Тұрлан Жанесенов. 

Орынборда қандастарды біріктіріп, төл мәдениетімізді насихаттап жүрген Сәуле Тайкешованың пікірінше, шетелдегі барлық қазақты біріктірген «Отандастар» форумы – қандастар арасында бұрын-соңды болмаған маңызды жиын. 
 

«Алаштың алтын ордасы Орынбордан келдім. Мен – халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ресейдегі өкілімін. Қазақстанға «Отандастар қорының» дүниежүзіндегі қандастардың басын біріктіріп отырған форумына арнайы келдім. Форум қарсаңында ұлттық құндылықтарымызбен таныстырып, қыз қуу, садақ ату, көкпардан қойылым көрсетті. Бүгінгі іс-шардан қандастар өзінің керек екенін сезініп, жақсы әсер алғанын байқадым. Бұл –қандастардың арасында бұрын-соңды болмаған жиын. Қор басшысы Абзал Сапарбекұлы көп өзгеріс жасап жатыр. Бүгінгі іс-шарадан ұмытылмас әсер алдық», – дейді Сәуле Тайкешова.

Серіктес жаңалықтары