Мемлекетке 200 миллионға жуық ақша қайтарған Ақтөбе облысының экс-әкімі 8 жылға сотталды
Жемқор шенеуніктен 199,4 млн теңге өндірілді.
Биыл ақпан айында Ермек Имантаев билігін асыра пайдаланды деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлады Turkystan.kz.
Экс-әкім «Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы лауазымын пайдаланып, Садовое тұрғын алабындағы 24 гектар жер телімін заңсыз сатып жіберген.
Ол жер телімінің нарықтық құнын қасақана 10 есе азайтып, 20 млн теңгеге дейін төмендетіп сатқан.
Төлем жасалмағанына қарамастан, жалған сатып алушы С. деген азаматпен сатып алу-сату шартын жасасқан. Кейін жалған сатып алушы жер телімінің нысаналы мақсатын «жеке тұрғын үй құрылысынан» «көпқабатты тұрғын үй құрылысына» өзгерткен.
Соттың дерегінше, жалған сатып алушы С. «Батыс-3» шағынауданындағы 17,2 гектар жердің бір бөлігін тұрғын үй салушыларға сату үшін 4 жер теліміне айырбастаған. Осыдан соң Е.Имантаевтың нұсқауымен 3 жер учаскесін үшінші тұлғаға қайта рәсімдеген.
Заңсыз әрекеті арқылы Ақтөбе облысының экс-әкімі мемлекетке 199,4 млн теңге залал келтірген.