Елдегі исламдық салафиттік ағым мемлекеттік мүддемізге қатер төндіріп жатыр – Ермұрат Бапи

Депутат «біз Исламға және елдегі дәстүрлі мәзхабқа қарсы емеспіз» деп ескертті.

Елдегі исламдық салафиттік ағым мемлекеттік мүддемізге қатер төндіріп жатыр –  Ермұрат Бапи
ашық дереккөз
774

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Ермұрат Бапи жат ағымдармен күрес мәселесін көтеріп, Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға сұрақ қойды.

«Елдегі исламдық салафиттік ағым ұлттық және мемлекеттік мүддемізге қатер төндіріп жатыр. Бұл сауалдар еріккеннің ермегі емес. Қазақстан қоғамын, рухани ортасын барған сайын меңдеп бара жатқан салафизм, арабизм дертінің алдын алу үшін туған, жандәрмен азаматтық алаңдаушылықтың мүддесі еді. Біз мемлекетіміздің ұлттық тұтастығы мен халқымыздың дәстүрлі дінін, ұрпақ болашағын қатерге байлап бере алмаймыз. Жат діни ағымдарды ақыл-санадан да, ауыл-қаладан да қуып шығуға міндеттіміз», - дейді депутат.

Ермұрат Бапидің айтуынша, депутаттар қаққан дабылды қоғамда «бұлар Ислам дініне қарсы шықты» деп әлдекімдер әлеуметтік желіде «Ринаттың 80 пайызы» сияқты өңін айналдырып, дабыра салып жүр. Депутат «біз Исламға және елдегі дәстүрлі мәзхабқа қарсы емеспіз» деп ескертті.

«Біз салафизм, вахабизм идеясына қарсымыз. Тамара Қасымқызы, сізге сауал: қазақ халқының ежелден өмір сүру және жат идеологиялық ағымға қарсы үкімет тарапынан бағдарлама бар ма?» - деп сұрады депутат.

Бұл сұраққа жауап берген Тамара Дүйсенова концептуалдық құжаттар жайлы сөз қозғап, 2011 жылы діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң қабылданғанын айтады. Сол заңды орындау үшін соңғы бес жылда үш концептуалды құжат қолға алынған.

«Оның бәрі өздеріңізге белгілі. 2018-2022 жылдарға арналған діни экстремизм мен радикализмге қарсы шара болған. Атқарылған жұмыстардың бәрін тізбелеп отырудың қажеті жоқ шығар. Бірақ бүгінгі негізгі проблема – үлкен проблема болып отыр. Тамыз айынан бастап осы мәселемен шұғылдана бастадым. Теологтарды, діни бірлестіктердің өкілдерін шақырдым. Олардың пікірі де сіздермен пікірлес. Сіздердің ұсыныстарыңызды олар да қолдап отыр», - дейді Дүйсенова.

Вице-премьер әлеуметтік желілерде әртүрлі діндерді, бағыттарды уағыздайтын контенттерге тосқауыл қоя алмай отырғандарын мойындады.

«Екіншіден, біздің қоғамда діни сауаттылықтың төмендігін, үшіншіден, мемлекеттік органдардағы реттеу жұмыстары мен ұйымдастыру жұмысында әлі де шалалықтар бар. Кеше мектеп басталар алдында хиджаб мәселесі бойынша мемлекеттік органдардың толық жауап бермеуі қоғамда үлкен пікірталасқа апарды. Дін деген - өте нәзік нәрсе. Көп нәрсені заңды түрде реттеуіміз керек. Шетелдік тәжірибелердің бәрін қарадық. Сауд Арабиясының өзінде мемлекеттік реттеу функциялары күшейтіліп жатыр. Сондықтан ұсыныстарыңызбен бірге заңға өзгеріс енгізу керек. Ондағы екі мәселені қарауымыз керек: мемлекеттік зайырлылық қағидаттарын нығайту және діни бірлестіктерді мемлекеттік реттеу тетіктерін күшейтуде өзгеріс енгізсек, бүгінгі жұмысымызды сонда дұрыстауға болады деп ойлаймын», - деді Тамара Дүйсенова.

Өз кезегінде Ерлан Қошанов Үкіметтен нақты шешім мен жауап күтетінін айтты.

Серіктес жаңалықтары