Үкіметке 2 жылда жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтар салу тапсырылды

Мемлекет басшысы бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болатындығын айтты.

Үкіметке 2 жылда жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтар салу тапсырылды
ашық дереккөз
1193

2024 жылы жылы Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосқан дұрыс. Бұл туралы «Digital Bridge 2023» халықаралық технологиялық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

«Цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту маңызды. Озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда, жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайды. Сондықтан инфрақұрылымды дамытқан кезде IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс. Ең алдымен, біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет. Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын», – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болатындығын айтты.

«Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сонымен қатар жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды. Шын мәнінде, жасанды интеллектінің «қорегі», қозғаушы күші – үлкен деректер қоры. Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды. Алайда мемлекеттік органдарда жинақталған ұшы-қиырсыз деректер қорына қолжетімділік шектеулі болуына байланысты оның әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр. Бұл жерде ақпараттың «ашықтық презумпциясын» басшылыққа алу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Smart Data Ukimet арқылы анонимді деректерге еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажеттін атап өтті.

«Мен бұл жерде барлық ақпараттың анонимді болғаны әрі сенімді қорғалғаны жөн екенін айтып отырмын. Жеке деректердің таралып кетуіне қатысты барлық қауіпті жою керек. Сонымен қатар келесі жылы Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосқан дұрыс. Бұл бастама мемлекет пен ірі бизнес деректерін біріктіріп, олардың өзектілігі мен қолжетімдігін қамтамасыз етуге тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары