«Қарызсыз қоғам»: Миллиондаған адам мемлекеттен көмек күтеді

Келесі жылдан бастап барлық аудан мен облыс орталығында «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері ашылады.

«Қарызсыз қоғам»: Миллиондаған адам мемлекеттен көмек күтеді
784

Қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейту және оны тарату бойынша Жол картасын әзірлеу Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен өткен Үкімет жиынында талқыланды.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігін атап өтіп, оның игілігін бүкіл еліміз көруі үшін ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын.

Бүгінде мемлекеттік органдар «AMANAT» партиясы мен Halyk bank-тің «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының ауқымын кеңейту жөніндегі Жол картасын келісу бойынша жұмысты аяқтады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов атап өткендей, Жол картасында азаматтарға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық бойынша кеңес беру бөлімін қалдыру қажет.

«Мұндай кеңес беру қызметі қажет. Өйткені жоба сарапшыларына жүгінетін кейбір қарыз алушылардың табысының жоқтығы немесе қиын жағдайға тап болуына байланысты, оларға қатысты реттеу тетігін қолдану мүмкін емес екенін түсінеміз және мұндай жағдайда мәселені шешудің жалғыз жолы – банкроттық», – деді ол.

Азаматтардан барлығы 68 мыңға жуық өтініш түсіп, оның ішінде 5 мыңнан астам қазақстандық банкрот деп танылды, деп хабарлады Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

«AMANAT» партиясымен бірлесіп, біз «Банкроттық туралы» заңға жеке тұлғалар үшін рәсімді жеңілдету және жинайтын құжаттарды барынша азайту үшін түзетулер әзірледік. Яғни, борышкердің өтініші ғана қажет болады, ал қалған құжаттар мемлекеттік органдар мен кредиттік бюро арасындағы деректер алмасу арқылы жиналады», - деді ол.

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жиынға қатысушыларға қарата бірқатар ескерту жасады.

«Жоба бойынша Жол картасы қысқа мерзімде бекітілуі тиіс. Проактивті форматта өз қарызын реттеуден өткен азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу үшін еңбек мобильділігі орталықтарын пайдалану қажет. Миллиондаған адам мемлекеттен көмек күтіп отыр, сондықтан Үкімет бұл бастаманы өз қолына алуы керек», - деді ол.

Бұдан басқа, келесі жылдан бастап барлық аудан мен облыс орталығында «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері ашылады. Онда қаржылық сауаттылық бойынша мамандар жұмыс істейді.

«Биыл оқыту тек 8 өңірде жүргізілсе, енді ол бүкіл еліміз бойынша, тек ауылдарда ғана емес, аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда да қолжетімді болады. Осы жылы біз ешкімді шектемедік, тыңдаушылардың арасында қарызын өтей алмай жүргендермен қатар ешқашан несие алмаған азаматтар да болды. Бұл жолы біз несиесін төлеу мерзімі 90 күннен асқан 1,5 миллион адамға баса назар аударғымыз келеді. 2024 жылы 200 мың адамды оқыту жоспарлануда, қосымша қаржылық сауаттылық бойынша курстар мектептер мен жоғары оқу орындарында өткізіледі. Бұл жалпы 1 млн қазақстандықты қамтуға мүмкіндік береді», – деді «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Жобаны іске асыру барысы ел азаматтарының шынайы қаржылық жағдайын көрсетеді, деп есептейді «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсесінің басшысы Ақмарал Бекмұрзаева. Банктердің несиелік өнімдерінің жаппай жарнамалануы халықтың қарызға батуына әкеліп соқтырып отыр. Өйткені қаржылық сауатты төмен адамдар банктердің артық төлем сомасын нақты түсінбестен несие ала береді.

«Қаржылық сауаттылық курсына қатысқандардың 63,1%-ы оқытуға дейін несие бойынша пайыз және артық төлем мөлшері туралы білмеген. Адамдар алған несиесін болашақта қанша есе етіп қайтару керек екенін түсінбестен оп-оңай несие алады. Оқуға қатысқандардың 38%-ы 70 мың теңге көлемінде ғана табысы бола тұра, банктерден және МҚҰ-нан 2-ден 4-ке дейін несие алған. Оқытылғандардың 13,8%-ының 10-нан астам несиесі бар, олар алдыңғы несиені жабу үшін тағы да несие алып отырған. Жалпы қоғамда қаржы жинау мәдениеті қалыптаспаған», - деді ол.

Сонымен қатар, жиыныда қатысушылар мектеп бағдарламасына қаржылық сауаттылық бойынша жеке пән енгізу бойынша ұсынысты талқылады.

«Қаржылық сауаттылық бойынша қосымша пән енгізу туралы мәселе көтерілген еді. Алайда мұндай курс 2021 жылдан бастап 5-11 сыныптар аралығында оқытылатын «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясында мектеп бағдарламасында бар. Ал 1-4 сынып аралығында қаржылық сауаттылық курсы «Дүниетану» пәніне біріктірілген. Бізде онсыз да оқушылардың жүктемесі үлкен, сондықтан тағы да қосымша пән енгізу тиімді емес. Біз бағдарламаларымыздың мазмұнын, әсіресе оларды өзектендіру үшін «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні бойынша қайта қарауға дайынбыз», – деді білім беру бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева.

Ал ЖОО білім алушылардың сауаттылығын арттырумен студенттік омбудсмендер айналысады, деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов. Ол ведомство орта арнаулы және жоғары оқу орындары үшін қаржылық сауаттылық бойынша оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуді жалғастыратынын айтты.

Еске сала кетейік, биыл сәуір айында «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Басты мақсат – азаматтардың қаржылық сауатын арттыру. Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 60 мыңға жуық адам оқудан өте алады. Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласу қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні. Қазіргі уақытта мұндай курсты Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары оқи алады.

 

 

Серіктес жаңалықтары