«Қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан!»
Дүниенің түпкір-түпкірінен жиналған қандас бауырлар Елорда төрінде, «Отандастар» форумында бас қосты.
Дүниенің түпкір-түпкірінен жиналған қандас бауырлар Елорда төрінде, «Отандастар» форумында бас қосты. Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен, «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен өткізілген халықаралық масштабтағы бұл жиынға 40-қа жуық мемлекеттен 200-ден аса қандас қатысты.
Форум Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен басталды. Жан-жақтан Атажұртына жиналған ағайынға деген ізгі тілекті Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиынға қатысушыларды ресми құттықтауы жарияланды.
– Бұл – халқымыз үшін айрықша мәні бар басқосу. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Ата-бабамыз қашанда елдік мәселелерді алқалы жиында ақылдасып шешкен. Осы орайда шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәселелерді өздеріңізбен бірге талқылаудың маңызы зор. Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын бауырларымызды қолдауға қашанда баса мән береміз. Олардың Атажұртқа қоныс аударуына барлық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілді. Басқа да маңызды жұмыстар атқарылуда. Қандастармен қарым-қатынасты дамыта түсуге бағытталған осындай шаралар жалғаса береді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға әлемнің әр түпкірінен арнайы келген қандастарымыз бен мәртебелі меймандарға алғыс айтып, аталған басқосуда алыстағы ағайынмен байланысты нығайтуға септігін тигізетін салиқалы ой, салмақты пікірлер айтылатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына зор денсаулық, бақ-береке тіледі.
Одан кейін сөз алған «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы форумның маңызына тоқталды.
– «Отандастар қоры» соңғы 2 жылда Германия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолияда қандастарымызбен келелі жүздесулер өткізіп, іргелі мәселелерді талқылауға түрткі болды. Бүгінгі жиын соның атажұрттағы жалғасы деуге негіз бар. Бұл басқосудың маңызы бөлек. Әлемнің төрт тарабын мекендеп, ұлттық болмыс пен қазақы қалпын сақтап қана қоймай, терең білімі мен бірегей дарынымен биік белестерді бағындырып, еліміздің атын шығарып жүрген қандастарымыз қандай да болсын құрметке лайық. Әлемнің түкпір-түкпірінен елге түпкілікті оралып, еңбегімен елеулі болып жүрген қандастарымыздың қатары көп. Сондай-ақ бұған дейін тарихи отанына оралған отандастарымыздың бірқатары да бүгінгі жиынға қатысып отыр. Бұл да қуантарлық жағдай. Бұны қазақ халқының кең пейіліне, байтақ еліміздің қазіргі дауына тілеулестігі мен ыстық ықыласы деп білеміз, – деді Абзал Сапарбекұлы.
«Отандастар қоры» президенті форумның мақсаты барша қазаққа арналған диалог алаңын ұйымдастыруға себепші болу екеніне ерекше тоқталып өтті.
– Әлемнің сан тарапынан келген қандастарымызбен еліміздің түрлі сала өкілдерінің басын қосып, іргелі елдік мәселелерді талқылауына айналғалы отырған форумның ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Осы алқалы жиынның басты мақсаты – отандастарымызға ортақ диалог алаңын ұсыну, іргелі елдік мәселені бірлесіп талқылау. Сырттағы қандастарымыздың әлеуетін ел дамуына пайдалану және тәжірибе алмасу. Бүгінгі басқосуда ордалы ойлар ортаға салынып, тың бастамалар көтерілетініне сенімдімін, – деді ол.
Іс-шараның бас серіктесі «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов өзара ынтымақтастықтың маңызы туралы айтты.
– Біздің алдымызда шетелде тұратын бауырларымызбен қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, оларды сапалы жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр. Екіжақты ынтымақтастық Қазақстан Республикасының дамуы үшін де, шетелдегі қазақ диаспорасы үшін де тиімді әрі пайдалы болуы тиіс, – деді.
Исламбек Салжанов шетелге іссапарға шыққанда әрдайым отандастармен кездесуге тырысатынын және олардың әлеуетін еліміздің дамуы үшін қалай пайдалану керек екенін талқылайтынын айтты. Ол кәсіпкер ретінде отандастарымыздың өз елдерінде кәсіпкерлікпен айналысып, шетелдік бауырларымызды біріктіріп жүрген қоғамдық ұйымдарға қолдау көрсетуі маңызды екенін атап өтті. Өйткені тұрғылықты елдердегі отандастарымызды біріктіру үшін қажетті қоғамдық жұмыстар мен іс-шаралар, сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтастық қашан да белгілі бір қаражатты талап етеді. Төраға, сонымен қатар еліміздегі жоғары оқу орындарына жас этникалық қазақтардың түсуі үшін қолайлы жағдайлар жасауды және болашақта олардың өздері аяққа тұруы үшін Қазақстанда өз бизнесін ашуға көмектесуді ұсынды. Солайша бұл жастар ата-аналары мен туыстарын тарихи отанына өз күшімен көшіре алады. Спикердің пікірінше, қазақтарда егер бір үлкен отбасынан табысты кәсіпкер шықса, онда ол барлық туыстарының аяғына тұрып кетуіне көмектеседі.
Әкбар МӘЖИТҰЛЫ,
Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, аудармашы (Қытай):
Жан-жақта жүрген қазақтардың бірігу үшін осылай күш салуы – тамаша көрініс!
– «Отандастар» форумы өте жоғары деңгейде өтіп жатқанын мен сөйлескен қандастың барлығы айтып жүр. Қырық елден келген қазақтың, оның ішінде халықаралық деңгейдегі мамандардың бар екенін көріп-біліп, риза болдым. Бүгін пленарлық отырыста жасаған баяндамаларында барлығы елге көмектесу, тұрғындарға қол ұшын беру мүддесін жоғары қойғаны аңғарылады. Жан-жақта жүрген қазақтардың бірігу үшін осылай күш салуы – тамаша көрініс! Мен форум аясында Еуропадан келген адамдармен тілдестім. Бұрын танысып, кейін арамыз үзіліп қалған таныстарыммен қауыштым. Бір-бірімізді танып-біліп, бірден жақын тартып, дидарласып жүрміз. Айтарға сөзім жоқ. Бастан кешкен эмоцияны түсіндіре алмаймын. Мұндай типтес жиындар жылына бір рет тарихи Отанда өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
Он жыл бұрын төрағамыз Си Цзиньпин Назарбаев университетінде Жаңа жібек жолын көркейту туралы ұсыныс айтқан-тын. Сосын «Бір белбеу – бір жол» жобасы жарық көрді. Он жыл ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыс нығая түсті. Екі ел – мәңгілік көрші. Сол үшін мәңгілік достық және одақтастық орнату екі жақ үшін де маңызды. Екі елдің президенттері бірде Қытайда, бірде Қазақстанда кездеседі. Мұндай кездесулерде екі ел арасындағы мәдениет, экономика, ағарту ісіне ерекше ден қойылады. Төрағамыз Си Цзиньпин адамзат, бірлік тағдырын бәрінен биік санау керек екенін айтты. Міне, бірлік тағдыры көршілес жатқан осы екі елдің маңдайына жазылған. «Алыстағы туысыңнан жақындағы көршің артық» деген қытайдың бір мәтелі бар. Сондықтан екі тараптың да алдымен көршіңмен тату тұру керек дегенді естен шығармай жүргені көңіл қуантады.
Бәкей АҒЫПАР,
Ұлттық Академия академигі, меценат, кәсіпкер (Моңғолия):
Форумға келгеніме сондай қуаныштымын
– Кейінгі төрт жылда дүниежүзін жайлаған індетке байланысты елдер арасындағы қатынас тоқтап қалғаны баршаға белгілі. Соның ішінде әлемнің әр түпкірін мекендеген қандастар да бір-бірімен байланыса алмай қалды. Қазіргідей әлем тыншымай тұрған уақытта халықаралық қатынас орнату да оңай шаруа емес. Бұл форумның ерекшелігі сол, түрлі жағдайға қарамастан қандастардың басын бір шаңырақ астына біріктіріп, атажұртымызға шақырып, олардың кеудесінде кептелген сағынышы мен мауқын басуға мүмкіндік беріп отыр. Екіншіден, бұл іс-шараны дәл «Отандастар қорының» өткізіп отырғанында үлкен маңыз бар. Мәртебесі жоғары ұйым болғандықтан, бүгін талқыланған мәселелердің іске асуға ықтималдығы жоғары. Бейнелеп айтсам, «Отандастар қоры» – әлем қазағы иық тірейтін бірегей ұйым. Сондықтан дәл осы қордың мұрындық болуымен өтіп жатқанына қуаныштымын. Ал форумның маңызын сөз етсем, мұнда бір-бірімізді көріп, көңіліміз орнымызға түсіп қана қоймай, қандастардың көкейтесті мәселелерін тыңдап, оларға көмектесу жолдары талқыланды. Бәрінен бұрын Президент Тоқаевтың құттықтауы оқылған кезде қандастар мәселесі Мемлекет басшысының ұдайы назарында екенін біліп, бір марқайып қалдым. Өзі бүгінгі жиынға қатыспаса да, бәрінен хабардар болып жүретінін, қандастарды қашан болмасын қолдап жүретінін сезіндік. Мені таңғалдырған жайт – шетелде тұратын бауырлардың арасында «Тарихи Отанымызға қалай қол ұшын беруге болады?, «Қандай тың дүние алып келсек болады?» дегендей сауалдар толғандыратыны. Тағы бір қуанып тұрғаным, қазақ жастары дұрыс бағытта өсіп-өніп келеді екен. Мысалы, бүгін ортаға шығып, баяндама жасағандардың білімі мен білігі келіскен жастар екеніне көзім жетіп, ерекше күйге бөлендім. Заман ағымына ілесіп, «Елдегі мәселені қалай шешеміз?», «Жастарды қалай байланыстырамыз?» деген сауалдарға нақты жауаптары мен қадамдары бар. Мүмкіндіктері де бар екен. Бәрін жан-жақты қарастырған.
Біз Моңғолиядан жиырма беске жуық делегат келдік. Бүгін олардың барлығы да келгеніне дән риза екенін байқадым. Қазір жол жүру оңай емес. Шынымды айтсам, басында келу-келмеуім екіталай еді. Алайда қазір келгенім дұрыс болған екен деп отырмын. Сондай қуаныштымын. Форумда көп нәрсе тыңдадым. Ескі достарыммен жүздестім. Өзге елден келген бауырлармен таныстым. Есімнен көпке дейін кетпейтін ерекше жиын болды.
Татьяна ПОЛТАВСКАЯ,
Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (Ресей):
Мәскеуге көшкеніме отыз үш болса да, қазақ тілін ұмытпадым
– «Отандастар» форумы дер кезінде өтіп жатыр. Әрі қазіргідей уақытта бұл іс-шараны өткізу өте өзекті қадам деп айтар едім. Бүгін көп елде түрлі салада істеп жүрген қазақтар өз ойын ортаға салды. Мысалы, мен мәдениет туралы сөз қозғадым. Көп жағдайда мұнда қазақ тілін сақтап қалу мәселесі айтылды. Өз тәжірибем туралы айтар болсам, мен Алматы облысына қарасты Панфилов ауданында туып-өстім. Онда маған қазақ тілін үйренуге қолайлы орта жасалды. Одан бөлек, ынта мен мүмкіндік болды. Осы үш фактор болса, кез келген адам тілді тез үйренеді. Тіл – тірі организм. Оны суғарып, күтіп ұстамасаң, ол өліп, солып қалады. Мен бүгін мінберде маған бұл мүмкіндікті берген киелі Жаркент жеріне, тіпті ойнақтап өскен көшеме дейін алғысымды айтып, қатты толқыдым. Панфилов ауданы – менің күш алатын жерім. Бұл – менің бастауым. Мен оны ұмыта алмаймын. Үнемі түсімде көремін. «Отандастар қорының» қызметкерлері форум туралы ролик жіберген кезде, көз жасымды тыя алмадым. Шынымен көп жыладым. Сол кезде «Анам мен күйеуім ауырып жатқанда форумға қалай барамын?» деп басым қатты. Туған жерге деген сүйіспеншілігім бар екенін білетін анам: «Бізге қарама. Бар. Бармасаң, жылайсың. Бармақ тістеп, өкінесің» деп қолдау білдірді. Анамның айтқанына құлақ асып, Астанаға келгеніме қуаныштымын. Ресми өкілдерден бөлек, қарапайым тұрғындардың ерекше ықылас танытып, асты-үстіме түсіп жатқанына қуаныштымын. Олар «Сексенінші жылдардағы Таня Полтавскаяны» әлі біледі екен. Төбем көкке бір елі жетпей жүрді. Аға буын мен орта буын «Сізді менің ата-анам таниды» дегенде жүрегім елжіреп сала берді. Мен тарихи Отанымды бағалаймын. Ерекше құрметтеймін. Туған жерден артық ешқандай жерді көрмедім. Ресейге көшкеніме отыз үш жыл болса да, қазақ тілін ұмытпадым. Бәрі «Бұл қалай?» деп сұрайды. Мен қазақша ойланамын, сосын қазақша сөйлеймін.
Форум кезінде көп адаммен таныстым. Қытайдан келген режиссер қазақ әйел ерекше әсер етті. Кеше дастарқан басында бірге отырғанда бауырсақты алып «Мынаны қарашы. Иісі қандай керемет! Ана қазының дәмін айтсаңшы. Сендер Қытайда осындай әзірлейсіңдер ме?» десем, «Иә» дейді. «Лағман жасайсыңдар ма?» десем, «Әлбетте» дейді. Екеуіміз ортақ әңгіме айтып, біраз шүйіркелестік. Бұйырса, Қытайда кездесеміз деп келістік. Сондағы қазақтардың арасына барып өнер көрсеткім келеді.
Мен Қазақстанда жиған-тергенімді әлі күнге дейін азық етіп келемін. Ресейге кетсем де, мамандығыма адалмын. Білім беру ісіне адалмын. Одан бөлек, Мәскеуде қазақ ән мәдениетін насихаттаумен айналысып жүрмін. Оған қоса, халықаралық достық үйіне жетекшілік еттім. Мәдени-гуманитарлық миссия атқардым. Сөйтіп жүргенде қазақ диаспорасымен етене араластым. Үнемі олардың қасынан табылдым. Қазақстаннан көшсем де, ештеңе жоғалтпадым. Мәскеуліктер мені қазақ диаспорасының мүшесі ретінде қабылдайды. Түр-әлпетім қазаққа ұқсамаса да, қоныс аударғаныма отыз үш жыл болса да, мені қазақ деп қабылдайды.
Расул КӨШЕРБАЕВ,
Олий Мәжілісінің заң шығару палатасының бұрынғы депутаты, Табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі (Өзбекстан):
Мұндай жиындар жылына бір рет емес, екі рет, тіпті бірнеше рет өтсе деймін
– Бұл форумның маңызын бір сөзбен қайыру мүмкін емес. Ең алдымен, бүгінгі жиын көп адаммен таныстырып, табыстырған ерекше алаңға айналды. Моңғолияда тұратын қандас бауырлармен танысып, телефон нөмірлерін жазып алдым. Болашақта уақыт тауып, Моңғолияға арнайы ат басын бұрып, ондағы бауырлардың қалай тұрып жатқанын көргім келеді. Ондағы ағайындардың құшағын кең жайып, күтіп алатынына еш шүбәм жоқ. Мен бес жыл бұрын бір форумға келгенмін. Содан бері биыл ғана келіп тұрмын. Мұндай жиындар жылына бір рет емес, екі рет, тіпті бірнеше рет өтсе деймін. Жалпы, өту жиілігіне шекара қоймау керек. Мүмкіндік болып жатса, бес-он рет өтсін. Неге олай деймін, өйткені арадағы байланыс үзіліп қалып жатыр. Бір-бірімізден қол үзіп қалып жатырмыз. Ал мұндай платформалар бізді танытады, өзара жақындастырады. Осындай форумдар арқылы қандастардың қайда, не істеп, не әрекет етіп жүргенінен хабардар болып отырамыз. Қазір бір-бірімізбен сөйлесіп, ортақ идеяларымыз бар екенін аңғардық. Бір-бірімізден үйренеріміз көп екенін түсініп, байланыс орнатуға барымызды салып жатырмыз. Көпшілік қазақтардың басын қосуға қызығып отыр. Ал бұған күш жететін жалғыз мемлекет ол – Қазақстан. Сондықтан мұндай жиынды жиі ұйымдастырған абзал.
Мен 2017 жылы Астанаға келгенде құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатқан-тын. Кеше қала ішін аралағанда әдемі ғимараттар бой түзеп тұрғанын көріп, бас қаланың көркіне тамсандым. Бұрын жасы үлкен кісілер белсенді еді, ал қазір жастардың алдыңғы шепте жүргенін байқадым. Сосын тағы бір байқағаным, мен бес жыл бұрын келгенде орысша сөйлейтіндер көп еді. «Астанада орысша сөйлесетіндер көп тұрады» дегенді талай естіген едік. Кеше дүкен, дәріханаға кіргенімде, айналамдағылардың тек қазақша сөйлескенін байқадым.
Мен Өзбекстанда тұратын қандастарға заң жағынан қолымнан келгенше талай рет көмектескенмін. Алдыма мәселесін айтып, көмек сұраған адамның ұлтына қарамай көмек қолын созуға тырысамын. Өз қазағың мұңын айтып келсе, әлбетте, жүрегің ауырады. Мейлінше құр қол қайтармауға, көмектесуге тырысамын. Көмектестік те. Мысалы, қазақ тілінде маман даярлайтын факультет жоқ деген мәселе көтерілген кезде, бәріміз бірлесіп ашып, ақырында қазір факультеттер саны көбейді. Кейде қандастарды алаңдатқан мәселелердің бірін біліп, бірін білмей қаламыз. Алайда ең қуаныштысы, өзбек ағайындардың бізге қарым-қатынасы, көзқарасы өте жақсы. «Сен – қазақсың» деп шеттету, бөлектеу деген мүлде болмаған. Сондықтан барлығымыз татулықта өмір сүріп жатырмыз деп нық айта аламын.
Оңайша МАНДОКИ,
«Барыс» қорының құрметті мүшесі (Венгрия):
«Отандастар қорының» ұстанған бағыты да ерекше
– Мұндай форматтағы форумға қатыспағаныма көп жыл болыпты. Бұрын белгілі жазушы Қалдарбек Найманбаев бастаған бір топ азамат өткізген жиынға қатысқан едім. Қазір заман өзгерді. Көзқарас та басқаша. «Отандастар қорының» ұстанған бағыты да ерекше. Мен Еуропада туып-өскенім жоқ, сонда Қазақстаннан барған қазақпын. Кәрі құрлықта жүрген қырық жылдан астам уақыттың ішінде қазақ тілін оқытып, қазақшылықты сақтап, салт-дәстүрімізді насихаттап, әлі күнге дейін университетте сабақ беремін. Бізді елеп-ескеріп, осы форумға шақырғандарына риза болдым. Қытай, Ресей, Өзбекстан, Моңғолияда тұратын қазақтар өз жерінде отыр ғой. Қазақтың бұрынғы жерін мекен етіп жүр. Оларға ерекше мән беруіміз керек. Неге дәл оларға бет бұруымыз керек дейсіз ғой? Жасыратыны жоқ, Қазақстанда орысша шүлдірлейтіндер көп. Ал Қытай, Ресей, Өзбекстан, Моңғолияда тұратын бауырларымыз қазақы қалпынан танбай, тілімізді, дәстүрімізді сақтап қалған. Олардан көп нәрсе үйренуімізге болады. Сондықтан ол жақта ұлттық болмысынан ажырамауды ту еткен қандастарды Қазақстанға көшіріп әкелсе, тұрғындардың қазақилығы күшейеді. Оларды әсіресе орысша сөйлеуді сән көретін қазақтардың арасына қоссақ, ортамыз көгеріп, көктейтіні сөзсіз.
Бүгінгі жиынның бір құндылығы – шекарадан тыс жерді мекендеген қазақтардың жалғыз емес екенін сездіру. Мен Еуропада жүрсем де, азаматтығым жүрегімде сақтаулы, қазақилығым өзіммен бірге «ілесіп» келеді. Еуропаша өмір сүріп кеткен түгім жоқ. Ол жақта нағыз қазақ болып, сыйлы болып жүрмін. Ал бүгінгідей жиындарда рухымыз көтеріліп, мерейіміз тасып, жігеріміз қайралады.
Сәдия СҮРЕР,
Кельн қазақ қауымдастығының
төрайымы (Германия):
«Отандастар форумы» бір күнге емес, екі күнге жалғасса екен
– Еуропадан елге көшкісі келетін бізде ғана мәселе бар деп ойласақ, қателеседі екенбіз. Бүгін жан-жақтан келген қандастар мен Германиядан келген бізді алаңдататын мәселеміз ортақ екенін түсіндім. Бұл – «Ата жолы» картасын алу мәселесі. Бүгін бәрі айқын болды. Бәрібір бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады. Мен Түркия, Германиядан елге қоныс аударғысы келетін қандастарға ғана қиын деп ойласам, Моңғолия, Қытайдан көшкісі келетін ағайындар да «Ата жолы» картасын жеңілдету қажет екенін айтып жүр екен. Қазір біз тек бір параграфқа тіреліп қалдық. Ол – қазақ екенімізді дәлелдеу. Қазақ екеніміз бет-әлпетімізден-ақ көрініп тұр. Басқаша қалай дәлелдесек болады? Еуропада қазақ мәдениетін дәріптеп, белсенді болып жүргендіктен осы күнге дейін көп форумға қатыстым. Толғандырған мәселемізді айтамыз, шешімі сол жерде айтылады. Сосын ұмыт қалады. Ал бұл форумның жайы бөлек. Бұл жиынның сипаты басқаша. «Болашақта емес, дәл қазір не істей аламыз?», «Қолымыздан не келеді?», «Тағы басқа қандай жолы бар?» деген сауалдардың нақты жауабы айтылды. Сөзден іске көшетіндер бас қосқан ерекше жиын болды.
Кешеден бері қырық елден келген белсенді, еңбекқор қандастармен кездесіп, көзайым болып жатырмыз. Үзіліс уақытында отырып сөйлесіп, байланысуға уақыт жетпей қалды. Сондықтан форум бағдарламасын ұзартып, оны бір күн емес, екі күнге созса деген тілегім бар. Былайынша, форумнан алған әсерім керемет. Атажұртта осындай игі іс-шара өткізілгеніне мақтанамын. Расымен «Отандастар қоры» біз бен атажұрттағы бауырларымыздың арасында алтын көпір болып тұр. «Отандастар қоры» болмаса, атажұртпен байланысты қалай, кім арқылы орнатар едік? Сондықтан бұл қордың рөлі орасан.
Кеше ипподромға барып, ұлттық спорт ойындарын тамашаладым. Бұрын мұндайды тек теледидардан көретін едім, ал кеше бетпе-бет көргенде ерекше сезімде болдым. Астанада жаңадан ашылған мешітке барып, көңілім толқыды. Атамекенге деген сағынышым асып-тасып, әрең жүрген едім. Кеше елге табаным тигенде жүрегім езіліп, жылағым келді. Әлі де толқып жүрмін. Басында келе алмаймын дегенмін. Сосын райымнан қайтып, келісімімді бердім. Дұрыс шешім қабылдаппын. Атажұрттан жер сатып алып қойдым, бұйырса кішігірім үй салмақпын. Мен көшсем, аналарын іздеп балаларым да соңымнан келер. Қазақшасын жетілдірген үлкен ұлым осында көшкісі келеді. Бірақ жоғарыда айтып өткен «Ата жолы» картасындағы ережелер кедергі болып тұр. Еуропада тұратын қандастар «Германиядан артық жер жоқ», «Түркиядан артық ел жоқ» деуі мүмкін. Алайда жер бетінде ондай бір жер, бір ел бар. Ол тарихи Отанымыз – Қазақстан. Ол үшін атамекенге бір рет болса да келіп көруі керек. Мен төрт баламды кішкене кездерінде осында талай рет алып келгенмін. Сосын сәті келмеді. Үлкенім Бөкейхан былтыр «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен Семейге барып қайтқан еді. Сол сапардан соң бір айдан кейін билет сатып алып, Қазақстанға қайта барды. Қазір еңбек демалысына шықса болғаны, бірден Қазақстанға «тайып» тұрады. Тәубе деймін.
Әсет ӘБДУӘЛИЕВ,
Digital Nomads IT қоғамдастығының төрағасы, Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы және бас атқарушы директоры (АҚШ):
«Отандастар» форумының берері көп
– «Отандастар» форумының берері көп. Өйткені маған әлемнің әр бұрышын мекен еткен қазақтардың пікірін тыңдау, идеясына құлақ түру қызық. Сондай-ақ оларды өзім атқаратын істерден де хабардар еткім келеді. Ертең осында ІТ саласын талқылайтын форумға қатысамын. Алайда бұл форумның жөні бөлек. Өйткені біз тек Қазақстандағы қазақтарға емес, дүниежүзінде дамып жатқан қазақтарға ІТ компания құру, венчурлік инвестиция жағынан көмектескіміз келеді. Өкініштісі сол, Қазақстанда стартапқа күш салатын инвесторлар өте аз. Қазақстанда бірде-бір адам стартап жобадан жиырма немесе елу миллион доллар ақша табыс таппаған. Ерекше атап өтетін мәселе, біз шетелдік нарыққа шығу стратегиясын білмейміз. Сондықтан ақпараттық теңсіздікті жоюымыз керек. «Қазақтың миы шетелге кетіп жатыр» деу – ағат пікір. Керісінше, дарынды қазақтарды шетелге жіберіп, Apple, Google, Microsoft секілді алпауыт компаниялардан тәжірибеден өткізуіміз қажет. Тіпті, бір қазақ Америкаға барып, өз күш-жігерімен бір миллиардтық табысы бар компания басқарса, ол тамырынан ажырамай, түбі Қазақстанға көмектеседі. Көмегін аямайды. Сол үшін біз Кремний алқабы мен Орталық Азия аймағының арасында алтын көпір болғымыз келеді.
Мен «Отандастар қоры» туралы көп естимін. Жұмыс барысымен бірнеше елге барған кезде сонда тұратын қазақтармен бас қосамын. Сол кезде олар «Отандастардың» жұмысы, көмегі, жобалары туралы айтады. Бүгін олардың жұмысымен бетпе-бет танысу мүмкіндігі туындады. Расында, қандастардың мүддесін ойлаған бірден-бір ұйым екеніне көзім жетті. Бүгін форумда Еуропадан, әсіресе Түркиядан келген бірнеше қазақпен танысып, бірлесіп жоба істеуге келістік. Форум ұйымдастырушыларының көздегені де осы деп ойлаймын.
Иешим САВАШ,
Крей қаласы әкімінің орынбасары (Франция):
Мені Атажұртта бұлай қарсы алады деп ойламадым
– Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Келесі жылы мұндай іс-шараларға қатысу үшін емес, қыдырып келемін деп жоспарлап отырмын. Ел ішін аралағым келеді. Зерттеп, зерделегім келеді. Қазіргідей үш күнге емес, үш аптаға келсем деймін. Астананы аралап үлгермедім, бірақ заманауи қала екенін бір көшеге қарап түсінуге болады. Әрі Астана – өте жас қала. Жаңылыспасам, бас қала болып бекітілгеніне жиырма бес жыл болды. Әлі де көркейе түсетініне сенімдімін. Алдағы уақытта барған адам табиғатын ауызынан тастамай айтып жүрген Алматы, Көкшетау, Түркістан секілді қалаларға барғым келеді. Содан соң, әлбетте қазақшамды жетілдіруді көздеп жүрмін. Ол үшін қазақ тілі курсы өтетін Парижге баруым керек. Ол қиынға түседі. Алайда бұл сылтау емес. Келесі жылы үйренемін деп өз-өзіме уәде бердім. Қазақшасы жетік анам менімен түрікше сөйлессе, «Неге қазақша сөйлеспейсің?» деп ашуланамын. Бұйырса, анамның көмегімен ана тілімді дамытамын деп сенемін.
Осында жүрген үш күн ішінде көп жақсы сөз, жылы лебіз естідім. Мені жақын тартып, құшақ жая қарсы алғанына риза болдым. Көпшілік мені мақтан тұтатынын сездім. Үлкен отбасыммен қауышқандай сезімде жүрмін. Францияға барған соң ондағы қазақ туыс-достарыма «Қазақстанға барыңдар! Шынымен көп рет естігенше, бір рет барып көру керек екен!» деп айтып баратын болдым.
Францияда қазақ ұлтының өкілі болу – мен үшін мақтаныш. Әсіресе, саясатқа араласқан қазақ қызы атану – мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстан Үкіметі әйелдерге, жастарға көп мүмкіндік беріп жатқанын естіп-біліп отырамын. Сондықтан атажұртта мен секілді жауапкершілігі жоғары қызмет атқарып жүрген қазақ әйелдерінің көп екені көңіл қуантады.
Үш жыл бұрын сіздердің басылымдарыңызға берген сұхбатымнан кейін Қазақстанда мені іздеушілер, қолдаушылар қатары көбейді. Әлеуметтік желідегі жеке парақшаларыма достық жіберіп, хабарлама жібереді. Сол кезде көпшілік тікелей байланысқа шығып, онлайн сөйлескісі келетінін айтқан еді. Ал бүгін бетпе-бет, бір дастарқан басында шүйіркелесуге мүмкіндік туындады. Керемет емей немене?!
Шынымды айтсам, мені елде осылай қарсы алады деп ойламадым. Әсіресе, журналистер қаумалап алады деп күтпедім. Басқа елден келген қандастармен байланыс орнатып, визит карточкамды бердім. Алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде жоба жасау туралы ойымды ортаға салдым. Жалпы, осы үш күн ішінде маңызды қадамдар мен кездесулер болды.
Жанымхан ЖАҢАЛТАЙ,
«KazDer» қазақ мәдени ұйымы басшысының орынбасары (Түркия):
Бұл форум – Қазақстанның саяси жағдайын өзгертетін ерекше іс-шара
– Шетелде тұратын қазақтардың атамекенге деген көзқарасы осындай форумдар арқылы артады. Бұл бір жағынан шетел қазақтарына деген айрықша құрметті көрсетеді. Мысалы, мен Түркиядан келіп отырмын. Форумға қатысу туралы шақыру алған кезде Қазақстанның бізді қоғамдық ұйым ретінде мойындап, құрмет көрсеткені деп білдік. Бұл – біз үшін мақтаныш. Ертең Түркияға барғанда ондағы жастарға «Қазақстан – біздің тарихи Отанымыз. Қазақ үшін деп қарқынды жұмыс істесек, Қазақстан тарапы бізді байқап, біздің пікірімізбен санасып, бізді ерекше көреді» деп айтамын. Біз бұл форумды той ретінде емес, шынымен Қазақстанның саяси жағдайын өзгертетін ерекше іс-шара ретінде қабылдаймыз.
Біз әр елде тұратындықтан, бір-бірімізді күн сайын көрмейміз. Мысалы, мен Германиядан, Әзербайжаннан келген туыс-таныстарыммен қауышып, бір марқайып қалдым. Сосын Моңғолиядан келген қазақтармен таныстым. Қазақстанда тұратын ағайындармен де жүздесудің сәті түсті.
Біз қазақ көп тұратын Ыстанбұл қаласында Жаңа Қазақстанның саясатына сәйкес игі істер атқарып жатырмыз. Атап айтсам, «Отандастар қорының» демеушілігімен қазақ тілі курстарын бастадық. Халықтың түгелі сол курста бас қосады. Арасында жастар, орта жастағы әйелдер де бар. Мысалы, менің елу бес жастағы бір тәтем сол курсқа қатысып, тіл үйренгенін мақтан тұтып жүр. Одан бөлек, домбыра курстары есігін айқара ашты. Басында домбыра жетіспегендіктен, курс аша алмай жүрген едік. Түркияда домбыра таппайсың, ал Қазақстанда ол аспап қымбат тұрады. Бірде «Тіл-қазына» орталығының жетекшісі Мақпал Жұмабай бізге келіп, сынық домбыра тартып отырған бауырларын көргенде көмектескісі келетінін айтып жеткізді. Сосын жанашыр жандардан ақша жинап, ақырында сексенге жуық домбыра дайындап қойыпты. Қазір Алматыдан Ыстанбұлға жеткізу жағын ойластырып жатырмыз. Домбыра – қазақшылықты үйрететін бірегей құрал. Оны үйренемін деп алға ұмтылып тұрған балалардың бетін қақпай, қайта белін буып, мүмкіндік жасау – біздің міндетіміз. Қазір біз «Жастар үшін не істей аламыз?» деп бас қатырамыз. Солардың мүддесі үшін қолымыздан келгенін істеп жатырмыз. Бәріне ортақ математика курсын аштық. Өткен айда алғаш рет «Қазақ спорты» клубын құрдық. Онда волейбол, баскетбол, үстел теннисі, семсерлесу, күрес, бокс, таэквондо секцияларын аштық. Енді бізге бұл игі істе бір жағымызға шығысатын демеуші керек болып тұр.
Мерей АМАНБАЕВА,
Науаи қаласы әкімінің орынбасары, Зульфия атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері (Өзбекстан):
Мұндай форумды Өзбекстанда да өткізсек деймін
– Сөздің шыны керек, бұл форум осындай жоғары деңгейде өтеді деп ойламадым. Кешеден бері қандастармен әңгімелесіп, идея алмасып, қызу талқылау жүргізіп жатырмыз. Форумға келген қандастардың ерекше әсерде жүргенін байқадым. Өзім де айрықша көңіл күйде жүрмін. Мұндай шоқтығы биік іс-шара жылына бір рет емес, бірнеше рет өтсе деген тілек бар. Сосын бұл тек Қазақстанда емес, шетелде қазақ көп шоғырланған аймақта да өтсе жақсы болар еді. Өйткені ол аймақты мекен еткен қазақтардың түгелі бірден Астанаға келуі мүмкін емес. Сондықтан олар да осындай қандастардың басын қосатын форум болатынын көрсін, білсін. Бүгін пленарлық отырыста жасаған баяндамамда бұл форумды келесі жылы Өзбекстанда өзім туып-өскен Науаи қаласында өткізсек деген ұсыныс тастадым.
Атажұртта «Отандастар қоры» секілді бауырларды іздейтін ұйымның бар екенін естіп-біліп, жұмысымен танысқан кезде таңғалғаным бар. Ал бүгін елге келіп, олардың жұмысын өз көзіммен көрген кезде таң-тамаша болдым.
Шетелдерде беделді ұйымдарда еңбек етіп жүрген қандастармен байланыс орнаттым. Бірінің ақылын, енді бірінің ұсынысын естіп, көп нәрсені ойға түйіп алдым.
Жақын күндері бизнес-инкубаторға жетекшілік ететін басқа лауазымға тағайындалмақпын. Сол кезде Қазақстан мен Өзбекстанның жас кәсіпкерлері арасында форум өткізу үшін әрекет жасаймын.
Бетті әзірлеген
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Фото: Ділда УӘЛИБЕК