Ғасырларды саралаған тарихшы
Қазіргі заманда ұлт тарихын егжей-тегжейіне дейін жіті білетін және терең түсіне алатын біртуар ғалымдар ауыспай тұрғанда күн тәртібіне қойып жоспарлы түрде кең көлемде ұйымдастыра алсақ, келер буынға жөн сілтеп, жол бастар нағыз тарихтың шынайы келбеті жасалса, игі еді.
Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт.
Әл-Фараби
Халқымыздың өнегелі өмірі, тұрмыс-салты тек қана әлеуметтік-экономикалық әрекеті арқылы қалыптасып қоймайды, сонымен бірге мәдени, рухани, тарихи, таным-түсінігі де шыңдалып отырады. Ғасырлар қойнауына еніп кеткен сан тарау оқиғалар, қым-қиғаш уақыт, зауалы, зардабы аз болмаған кезеңдердің баршасына бір қырынан емес жан-жақты талдау жасап, оқып зерделейтін шаң басқан архивтерді ашып зерттеу жүргізетін ол – кәсіби тарихшылар екені бесенеден белгілі. Қазіргі заманда ұлт тарихын егжей-тегжейіне дейін жіті білетін және терең түсіне алатын біртуар ғалымдар ауыспай тұрғанда күн тәртібіне қойып жоспарлы түрде кең көлемде ұйымдастыра алсақ, келер буынға жөн сілтеп, жол бастар нағыз тарихтың шынайы келбеті жасалса, игі еді.
Ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхан кезінде: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден», – деді. Адам, адал азамат, тұғырлы тұлға болуға бала кезден қалыптасады. Балаға, әке мен ананың тәлім-тәрбиесі, мектепте әліппеден бастап оқуға үйреткен ұлықты ұстаздардың берген сапалы білімі шәкірттердің көкірек-көзін ашып, өмірде өз орындарын табуларына ықпал етеді. Адамзаттың абызы Абай Құнанбайұлы заманында: «Ғалым болмай немене, балалықты қисаңыз» – деген өсиет қалдырды. Атасы Әбжан ақсақалдан, әкесі Махмұт ағадан, анасы Ұмсындық ападан жақсы қасиеттерді сіңіріп өскен, кешегі оқуға аса ынталы зерек бала, бүгін елімізге әйгілі ғалым, абыройлы ұстаз Ханкелді Махмұтұлы ағам жөнінде ғажап ой-пікір туғызып, себепкер болған (бес кітапты дайындау барысында), басынан аяғына дейін оқып шыққан, «Табалдырық», «Тағдыр», «Тұлға», «Тарту» және «Тарихшы», – деп аталатын бес кітаптан тұратын рухани құнды әрі ғасырларды қамтыған тарихшы-ғалымның тірнектеп бағалы уақыттарын бөліп елімізде, шетелдерде көз майын тауысып архивтерді ақтарып жазған ғылыми туындылары мақала жазуыма әсері болғаны ақиқат. Ұлт ұстазы атанған абыройы асқақ азамат, энциклопедист-ғалымымыз Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімнің бас құралы – кітап», – дейді. Ал енді Ханкелді Махмұтұлы Әбжанов ағамыздың «Табалдырық» деп аталатын бірінші кітабының алғашқы сөзі «Табалдырықтан биік тау жоқ», – деп басталады. Ғылымның даңғыл жолына түсіп, өзіне керегін алып, еліне жаратып жүрген тарихшы-ғалым ағамыздың ғылыми жетекшісі болған, халқымыздың сүйікті перзенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рамазан Бимашұлы Сүлейменов шәкірт інісі ғалым бауырына қатты жаны ашығанда «Многострадальный Ханкельды», – деп үнемі айтып отыратынын ағаның өзінен естідім әрі осы кітаптан оқыдым. Ақыл-ойдың данышпаны хакім Абай Құнанбайұлы: «Адамдарға керек әр кез жылылық, жылылықта жатыр үлкен сұлулық. Жылы-жылы сөйлеу керек әркімге, соның өзі қарапайым ұлылық», – дейді. Ұстаз бен шәкірт сабақтастығы осылай үйлесім тапқан.
Адамның кісілік қадір-қасиетінің үш өлшемі бар деседі, олар: биіктік, кеңдік және тереңдік болса керек. Осындай өлшемге ие кісілікті адамды текті жерде, құнарлы топырақта туған деп жатады. Сөзсіз әр адам кіндік қаны тамған жерінің төл перзенті. Туған жердің ауасын жұтып, суын ішкен адам «туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», – дейді. Біздің ел туып-өскен жерді айрықша қастерлеп, қадірлейтін, «өзге елде Сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болғанды» дұрыс көретін ұлт. Ханкелді Махмұтұлы көкемнің Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында өмірге келген арғы бабасы, Қазақ деген қабырғалы ұлттың, Алаш деген аталы жұрттың қамын ойлаған, қастерлі Түркістан қаласындағы «Ахмет Ясауи» кесенесінде мәңгілік ұйықтап жатқан XVІІІ ғасырдың аса маңызды оқиғаларында шешуші қызмет атқарған ірі мемлекет қайраткері іргеміздегі Ташкентті 20 жылдай (1728-1748жж) басқарған Нияз Барқыұлы деген әділ бидің, қаһарман батырдың тікелей ұрпағының осал болуы мүмкін емес. Сарыарқа, Сарыбелде халық атап кеткен Нияз батырдың құрметіне қойылған Нияз тауы деп аталатын жер бар. Бұл құрмет ақиқаты. Біз «ұлылыққа жылылық кемшілікке кеңшілік» жасаған жасампаз елміз ғой! «Талап таудан да асырар», – дейді дана халқымыз. Ханкелді ағамның тегінде бар дарыны көлденең келген кедергілерді жеңіп, тіпті идеологиялық тосқауылдарды да бұзып өтіп жататыны ақыл-парасатының, білімінің тереңдігінде болар. Әйтпесе, ол қасиет қайдан болсын! Қиын-қыстау тар замандарда да, тоқырау уақыттарында да өз ісіне дұрыс таңдау жасаған мамандығына да адалдығын сақтап, болашақтың іргесі болатын ғылымға бейім жас ғылыми тарихшыларға бағыт-бағдар жасай білетін нағыз тарихшы ғалым екенін атап айту парыз. Тағдырын адаспай тапқан бақытты жанның өмірі, өнегесі шынайы шығармашылығы, ғалымдығы әлі талай-талай білім, ғылымға тым құштар саналы, сапалы текті ұрпақтың ой-санасын молайтып, шөлін қандыратын мөлдір бұлақ іспетті. Қазақтың айрықша ақын-азаматы, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» – деген өлең жолдарының астарында көп мағына бар. Жақсыны қанша үлгі етсеңіз де ешқашан көптік етпейді, себебі әлемдегі үш-ақ нәрсенің бірі – жақсылардың есімі. Елімізде 1928 жылы тұңғыш ашылған жоғары оқу орнының (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) алғашқы директоры болған көрнекті ғалым Санжар Жағыпарұлы Асфендиаров туралы өткір де өзекті зерттеу ғылыми еңбектері құрастырушы-автор ретінде төрт томдық кітап болып жарыққа шықты. Ол оқырмандардың, әсіресе тарихшы ғалымдардың ойынан шығып, ұлт руханиятына қосылған құнды қазына. Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деп айтқаны бар. Кез келген мемлекеттің өркениетті ел болуына, кемелденуіне алдымен ұлттық идеяның болуы аса маңызды. Тап осы тақырыпқа арналған монографиялық еңбекті ұлт мақтаныштары Ақселеу Сейдімбекпен, Қойшығара Салғарамен даярлағанының өзі көп нәрседен хабар береді. Кезінде кітап Turkistan газеті бетінде оң бағасын алған еді. Төл мәдениетіміздің жанашыры, рух сардары атанған тұлға Өзбекәлі Жәнібектің «Ұлттық даму мемлекеттің қандай идеология ұстанатынымен байланысты немесе ұлттың ұлылығы ең алдымен оның тектестік тұтастық деңгейінен атадан қалған қанатты қазынасы – тілінен, өнегесі өрісі болатын тұрмыс-салтынан, әдет-ғұрпынан ұрпақтан-ұрпаққа алмасып келе жатқан асыл мұрасы дәстүрлі өнеріне құштарлықтан көрінеді», – деп айтқан өзгеше ой-пікірі бар. Ханкелді ағамыздың шығармаларында шынайы батылдық, ауқымдылық пен жаңашылдықтан басқа көп кісіге біте бермейтін айрықша бір кемелдік, көрегенділік менмұндалап тұрады. Тумысынан тұла бойына дарыған бұл қастерлі қасиет аталарының қанымен берілгендей.
Бақыт құсы кез келгеннің басына қона бермейді. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші Ханкелді Махмұтұлы өзінің үзеңгілестерінен асқан еңбекқорлығымен, ізденгіштігімен ерекшеленетін болмысы бөлек бекзада азамат. Жер бетінен жоғалған ежелгі қазақ тарихының ғасырлар қойнауына енген құпия-сырлары қаншама екені айтпаса да белгілі емес пе? Осындай тарихи мұраларды нақты деректер бойынша дәлелдеген әрбір ғылым саласында бар отандық тарих ғылымының методологиялық негізін салушы дәуір азаматы десек, артық болмас. Бүгінгі тың тарихи-танымдық туындылары ғылыми сүбелі еңбектері келешек ұрпақтың ой-санасын жаңғыртары күмәнсіз. Ұлттық ғылым академиясына қарасты Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын басқарғанда, жоғары оқу орындарында ғылыми ортада жемісті жұмыс істеу дарынды шәкірттердің көкірек көзін ашуға сіңірген ерекше еңбектері қай кезде де қуанышты әрі абырой биігі. Ханкелді Махмұтұлы ағамыздың дарыны мен ізгілікті ісі жетістігінің қайнар көзі оның адамгершілік асыл қасиеттерін де болса керек. Кейде бір адамдар болады ойлайтыны ізгілік, істейтіні жақсылық. Ал қазіргі заманда мұндай ізгілік, сүйіспеншілік, жанашырлық көп болса екен дейсіз! Тұлғасыз ел жетім, шынында да солай деп айтуға әбден болады деп ойлаймын. Халықтың табиғатын, жан дүниесін терең тану үшін ең алдымен оның тарихын, тұлғаларын танымақ шарт. «Тұлға» деп аталатын үшінші кітабында Абылай дәуірі, Абылай ханның заманы деп атап түстеуі тегін емес. Абылай өмір сүрген ХVIII ғасыр Қазақстан тарихында өзгеше өркештеніп көрінетін қазақ халқының сілкініп, оянып қанатын қомдап оң-солына жіті қарай бастаған тұсы. «Жауын сұсымен де, күшімен де сескендіре білген Абылай ыңғайына қарай біресе Ресейге, біресе Қытайға бағыныштымын деп уәде беруге мәжбүр болғанымен, шын мәнінде ешкімге де бойұсынбаған, тәуелсіз басшы болды», – деп атайды әрі өзінің тарихи деректерін сөйлеткен белгілі ғалым Алексей Левшин. Біз үшін Абылай мәңгілік мақтаныш етер тұлғамыз. Ханкелді Махмұтұлы ғалым ағамыз үшінші кітабында ірі тарихи тұлғалардың айрықша жарқыраған болмыс бітімін, зеректігін, ақыл-парасаты мен қалың елге деген қамқорлық жасаған істеріне терең зерттеу жүргізген ғылыми еңбектерінің бәсі жоғары. Орта ғасырлардағы ойшыл ғұлама ғалымдардан бастап тарихи тұлғаларға билік еткен патшаларға қаһарман батырлар мен би-шешендерге ХХ ғасырдың басындағы Алаш ардақтыларына жазықсыз жаппай қуғын-сүргінге, қанды қырғын репрессия құрбандарына жалпы интелигенцияны толыққанды қамтып жазған ғылыми еңбектері әлі ғасыр ұрпақтарын тәрбиелері хақ. Құдайға шүкір, Тәуелсіз еңселі ел екенімізді әлемге әйгілеп келеміз. «Тарту» – деп аты айтып тұрғандай, егемендікке тарту жасаған бұл төртінші кітабында дербестігіміз жөнінде жан-жақты тұшымды пікірлер тарихқа негізделген ғылыми еңбектер жазылған. Әрине, бүгінгі таңда өткенімізбен қазіргі заманның күрделі түзілісінен тұратын тарих дәрісінің тарихи тәжірибенің ғылыми мәні ғана емес өмірлік маңызы аса жоғары құбылыс екені белгілі. Әз-Наурыз мемлекеттілік пен ізгілік мейрамы деп аталатын ауқымды ғылыми еңбегінде терең сыр бар. Ұлттық құндылықтарды дәріптей алатын бар қырынан ғылыми зерттеу жүргізіп талдау жасайтын ғалымдар қатарының арасында шоқтығы биік қазақтың Отаншыл ғалымы. Ғылымның бір саласы тарихи методологияның ғылыми ортада кеңінен дамуына ғалымдық, азаматтық үлесін қосып жүрген нағыз ғылымның жанкүйері. Ал «Тарихшы» деп аталған бесінші кітабында ұлтты ұйыстыратын тарих таразысы мен сараптамалар жасалған жұмыстары, сұхбаттары кім-кімге де болса ой салып әсер қалдырары анық. Біздің қазаққа киелі рухты Құдай бойымызға дарытқан дарынды елміз ғой! «Көкіректік – күйреудің басы, тәкәппарлық – сүрінудің алды» деген сөз бекер емес. Тарих белестерінің талайынан өткен біздің қазақ бүгін де аса жауапты кезеңді басынан кешіп отырған халық. Ханкелді Махмұтұлы ағамыздың негізгі принципі әділеттілік пен туралықтан таймайтын білім мен ғылымды игерген, елінің мүддесін қорғайтын өскелең ұрпақ тәрбиелеудің жолында көптеген жұмыс атқарып келе жатқан кісілікті адам. Сұлу келбет көп адамда бар, сұлу жүрек әркімде бола бермейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Әділетті Қазақстан – Адал Азамат» атты Түркістан қаласында өткен екінші құрылтайда «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек», – деген сөзі халықтың санасына әсер еткені рас. Таң шапағынан туған шыққа ұқсаған бес кітаптан тұратын Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Махмұтұлы Әбжанов ағамыздың тарихи-танымдық ғылыми туындылары шынайы шығармашылығы өміршеңдігін арттырмаса кемімейді. Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ойшыл драматург-жазушы Дулат Исабектің: «Жаманшылықтың өлетін жері – ол жақсылардың кеудесі», – дейді. Ханкелді Махмұтұлы көкеммен тығыз қарым-қатынаста араласып жүріп байқағаным, кеңпейіл, кешірімді кісі екенін ұқтым. Үнемі айтатыны Құдай өзі бәрін реттеп отырады. Біз асыққанмен Жаратушы еш асықпайды. Шынында, солай ғой! Құдай момынның ақысын жемейді деген сөз бар халық арасында. Адамдықтың өлшемі – адалдық екенін әу бастан сезінген, түсінген жұртпыз. Бүгінде осындай өлшемге сай ғибратты ғұмырды, өнегелі өмірді кешіп жатқан Әбжан ата әулетіне ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Махмұтұлы ағамызға адал жар, асыл ана саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлшат Нұрымбетова жеңгемізге өсіріп отырған ұл-қыздарының жақсылығын, тек қуаныштарын көріп шат-шадыман болып жүре берсін деген ізгі ниет тілегімді арнаймын. Алла Сіздерге ұзақ ғұмыр кешуді нәсіп етсін! Көп жасаңыздар! Отандық ғылымның даңғыл жолындағы нағыз ғалымдарымыз жасасын!
Ғани Смаханұлы
Нағыз азамат
Алматы қаласында жиі өтіп тұратын ғылыми басқосуларда, кітаптардың тұсаукесерінде, рухани іс-шараларда түсі игі осы жігітті жиі көретінмін. Аты-жөнін білмесем де, бас изесіп амандасатын дәрежеге жеттік. 2022 жылдың күзінде «Алмалы» метро бекетінен шыққан сәтте бетпе-бет кездесіп қалдық. Сол жолы үлкен көшенің бойында тұрып азын-аулақ әңгімелесудің сәті түсті. Байқаймын, ой-өрісі кең, әңгімесі салиқалы, жарық көріп жатқан кітаптардан да хабары мол жан екен. Менің бір-екі жазғанымды оқыпты.
Жақынырақ таныстым. Есімі – Ғани, сойы – Смаханұлы екен. Біраз кітапты демеушілікпен шығарғанын айтты. Келер жылы мерейтойым барын, соған арналған кітабымды шығаруға септесуін өтіндім. Екі сөзге келместен бірден келісімін берді. Осылайша, қас-қағым сәтте үлкен шаруаның басы қайтарылды. Енді мен жан-жағыма қарай бастадым.
Біріншіден, Ғани жайлы тереңірек білгім келді. Шынында да, демеушілік көрсеткен кітаптар шоғыры мол болып шықты. «Өнегелі өмір» сериясымен Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, жазушы-драматург Дулат Исабек пен өз саласының ғұлама ғалымы, атақты академик Абдуали Баешовтың, қазақтың тұңғыш диссиденті, философ, ғалым Махмет Құлмағамбетке арналған еліміздің алғашқы кәсіби антрополог-ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Оразақ Смағұловтың кітабын, әйгілі актер Каукен Кенжетаев жайлы кітапты, тағы басқа шығармаларды жариялауға қаржылай қолдау көрсетіпті. Осылай шығарған кітаптарының таралым саны 2 млн данадан асып кетіпті.
Екіншіден, өзімнің жазған-сызғандарымды бажайладым. Бес кітап көлемінде жариялауға болатын тәрізді. Ойымды Ғаниға жеткіздім. Көпсінген жоқ, қайта адамды қанаттандыратын сөздерін айтты. Жұмыс басталып кетті. Қолдарыңыздағы бес кітап осындай тарихпен дүниеге келді.
Абайдан жеткен «Толық адам» ілімі бар. Шәкәрім қажы «Жақсы адам кім?» сұрағына жауап іздеген. Ғани Смаханұлымен араласа бастағаннан әсіресе, халқымыздың біртуар тұлғасы Өзбекәлі Жәнібеков шығармаларының көп томдығын даярлап жатқанын білгеннен кейін нағыз азамат екеніне көзім жетті. Алла тіл-көзден сақтасын! Нағыз азаматтарымыз көп бола берсін!
Ханкелді Әбжанов,
Ұлттық ғылым академиясының академигі,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор