Жамбылдық дәрігерлер 9 айлық нәрестеге шұғыл ота жасап, аман алып қалды

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 9 айлық нәресте ауыр халде жеткізілген.

Жамбылдық дәрігерлер 9 айлық нәрестеге шұғыл ота жасап, аман алып қалды
Фото: stan.kz
1586

Жамбылдық дәрігерлер емізік жұтып қойған 9 айлық нәрестеге шұғыл ота жасап, аман алып қалды, деп хабарлады turkystan.kz.

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 9 айлық нәресте ауыр халде жеткізілген. Анасының айтуы бойынша, бала үйінде ойнап жүріп, кенеттен есінен танып құлап, басынан жарақат алған. Біршама уақыттан кейін нәрестеде лоқсу, көпреттік құсу пайда болып, ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлер шағымдарды ескере отырып, 9 айлық баланы бас-ми жарақаты диагнозымен нейрохирургия бөлімшесіне жатқызды. Бірақ қаншама ем-дом жүргізілсе де, нәрестеден өзгерістер байқала қоймаған соң, оны жедел түрде хирургтар да қарап, арнайы инструментальды зерттеу жүргізеді. Нәтижесінде нәрестеге «Жедел ішек өтімсіздігі» диагнозы қойылады. Себебі дәрігерлер баланың ойнап жүріп, аузына емізігін (соска) салып, жұтып қойғанын анықтаған. Сөйтіп, шұғыл түрде нәрестенің құрсақ қуысына ота жасалады.

Хирургиялық араласуды ота бөлімшесінің меңгерушісі Қанат Дүйсебаев, Дәурен Бағыбаев және анестезиолог Еркін Тұраров жасаған.

«Операциядан кейінгі алғашқы тәулікте жансақтау бөлімінде болып, қазіргі уақытта ота бөлімшесінде ем қабылдаудап жатыр. Білікті дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында бүгінде нәрестенің жағдайы жақсы. Нәрестенің ата-анасы ақ халатты абзал жандарға ерекше ризашылығын білдірді», - деді Жамбыл облыстық Денсaулық сақтау басқармасынан.

 

Серіктес жаңалықтары