Алтыны аз Азиада: Париж Олимпиадасы қарсаңында спортшыларымыз әділетсіздіктің құрбаны болды

Азиадада өнер көрсеткен ұлттық құрама биыл ғана командалық есепте 11-орынға табан тіреді. Бұған дейінгі ең төменгі көрсеткіш 9-орын болған.

Алтыны аз Азиада: Париж Олимпиадасы қарсаңында спортшыларымыз әділетсіздіктің құрбаны болды
1027

Ханчжоу (Қытай) қаласында өткен XIX жазғы Азия ойындарында спорттың 30 түрінен бақ сынаған 525 қазақстандық спортшының 80-і елге жүлдемен оралды. Сондай-ақ төрт спортшы 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасын қалтасына басты. Екі аптаға жалғасқан байрақты бәсекеде 10 алтын, 22 күміс, 48 қола еншілеген ұлттық құрама жалпы командалық есепте 11-орынға тұрақтады. Биылғы Азиада қалай өтті, несімен ерекшеленді? Turkystan.kz тілшісі тарқатып көрді.

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде Азия ойындарында алғаш рет 1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласында өткен ойындарда бақ сынаған. Содан бері 8 Азиадада өнер көрсеткен спортшыларымыз командалық есепте 4-орынға тұрақтап, үздік нәтиже де көрсеткен. Статистикаға сүйенсек, ұлттық құрама биыл ғана командалық есепте 11-орынға табан тіреп тұр. Бұған дейінгі ең төменгі көрсеткіш 9-орын болған. Тағы бір айта кетерлігі, биыл Азиадада ұлттық команда алтын жүлделер санының аздығы және қола жүлделер санының көптігінен де рекорд орнатты.

Азия елдері арасындағы додада ел қоржынына 10 алтын жүлде түсті дедік. Алтыннан алқа таққан спортшыларымыздың тізімін назарларыңызға ұсынамыз.

Стенд атудан Қазақстан әйелдер құрамасы (Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Ольга Панарина) – скит бағдарламасынан командалық жарыс.

Әсем Орынбай мен Едуард Ещенко – стенд атудың скин жаттығуы микст жарыс (ер мен әйел спортшы).

Зухра Ирназарова – 10 метрлік жүгірмелі нысананы мылтықпен ату.

Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров - 500 метрге жұптасып каноэ есу.

Алексей Луценко – велоспорттан ерлер арасында жекелей жарыс.

Евгений Федоров – велоспорттан ерлер арасында топтық жарыс.

Софья Берульцева – каратэ, 68 келі.

Нұрқанат Әжіқанов –  каратэ 75 келі.

Қайсар Алпысбай –  каратэ 60 келі.

Нұржан Батырбеков – джиу-джитсу, 69 келі.

«Спорт саласына түбегейлі өзгерістер қажет»

Айта кетейік, 11 қазанда Мемлекет басшысы Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдап, спортшыларды жеңісімен құттықтады. Сондай-ақ осы жиында отандық спорттағы мәселелерді көтеріп, салаға түбегейлі реформа қажет екенін баса айтты.

«Қажырлы еңбек пен жеңіске деген мұқалмас ерік-жігердің арқасында әрқайсыңыз жоғары нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Алайда еліміздің жалпы көрсеткіші өткен Олимпиада мен Азиада ойындарынан да өте жақсы болуы мүмкін еді. Мұны ашық айтуымыз керек. Бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі дәстүрлі түрде ел құрамасының қоржынына жүлде салып, айтарлықтай үлес қосатын. Жеңіл атлетика, спорттың командалық түрлері жанкүйерлерімізді көбірек қуанышқа бөлейтін. Барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласы әрдайым мемлекеттің назарында болатынын айтты. Жыл сайын спортты дамыту үшін қомақты қаржы бөлінеді. Алайда, Президенттің пікірінше, еліміздің кәсіби спорттағы көрсеткіштері аса жоғары деңгейде емес.

«Ашығын айтуымыз керек, нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында өткен жарыстардағы олқылықтардан нақты сабақ алып, алдағы Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындалу керек екенін атап өтті.

Азия ойындарындағы әділетсіздік

Естеріңізде болса, төрешілердің шешімімен Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшелері – боксшылар Асланбек Шымбергенов Олимпиада лицензиясынан, Карина Ибрагимова алтын медальдан айырылды. Қазақстан бокс Федерациясының президенті Кеңес Рақышев осы мәселе бойынша сотқа шағымданатынын ресми түрде мәлімдеген еді.

«Азия ойындарындағы боксшылар бәсекесі мәресіне жетсе де, әділдік жолындағы «жекпе-жектер» әлі аяқталған жоқ. Қазақстан бокс федерациясы Қытай шаршы алаңында жекпе-жектер ұйымдастырған PBU ұйымына сотқа шағымданатынымызды ресми түрде мәлімдеймін. Басты мақсат – Асланбек Шымбергеновке Олимпиада лицензиясын және Карина Ибрагимоваға алтын медалін қайтару!

Біз боксшыларымыздың құқықтарын қорғауға қатысты шаралар аясында ҚР туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитетінің бастамасын толығымен қолдаймыз. Бір жұдырық болып бірігіп, төрешілердің әділетсіздігіне және қабылдаушы тараптың қабілетсіздігіне қарсы шығуымыз керек. ҚБФ оған қоса өз тарапынан құқықтық рәсімдер мен пәрменді әдістерді пайдалана отырып, жұмыс жүргізеді.

Турнирді IBA емес, ХОК өткізді, сондықтан шешімді өзгерту, шағым жасау және нәтижені қайта қарау жағдайлары мүмкін емес. Сонымен қатар ХОК-тың тарихында бокстағы шешімдерді өзгерткен жағдай болып көрмеген. Бірақ біз Асланбек пен Карина үшін соңына дейін күресеміз», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ҚР ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков те осы іске қатысты өз ойын ортаға салды.

«Спортшылардың өздерінен, жаттықтырушыларынан сұрау алынды, федерация мамандарымен және тәуелсіз сарапшылармен, заңгерлермен Асланбек Шымбергеновтің жекпе-жегінен кейін бірден кеңес жүргізілді. Халықаралық олимпиадалық комитет пен Азия Олимпиада кеңесіне тиісті шағымдарды жолдадық, олар қазіргі уақытта қаралып жатыр. Мұнда бокстың техникалық мәселелері ғана емес, құқықтық тәртіп пен спортшылар құқықтарын бұзу мәселелері де қозғалғандықтан, біздің талаптарымызға жауап дайындау тетігі заңды тұрғыдан күрделі және біршама уақытты қажет етеді. ХОК пен Азия кеңесінен алынған шешімдердің нәтижелері бойынша қажет болған жағдайда әрі қарайғы халықаралық спорт трибуналына жүгіну туралы шешім қабылдаймыз», – деді ол.

Азия ойындарында болған спорт сарапшысы Аслан Қаженов те төрешілердің бұрмалауы болғанын айтып отыр.

«Төрешілердің бұрмалағанын сол жердегі біз де, көрермен де көрді. Спортшыларымыз жарысқа Ташкенттегі бабында барды, дайындықтары одан кем емес. Тактикалары, айналасында жұмыс істеп жатқан кешенді топ – барлығы жоғары деңгейде болды. Қазақстанның ішінде Азия ойындарына баруға лайықты боксшыларды «Елорда кубогы» деген атпен іріктеу жарысынан өткізді.

Ерлер арасында 4-5 боксшыға қатысты бұрмалаушылық болды. Қамшыбек Қоңқабаев финалда таза жеңілді. «Бапкердің тапсырмасын орындамадым» деген Сағындық Тоғамбай да жеңіліске ұшырады. Сәкен Бибосынов пен Махмұд Сабырханның жекпе-жегінде сұрақ белгісі тұр. Асланбек Шымбергеновтің жеңісін ұрлады, Нұрбек Оралбайдың жекпе-жегінде де пікір таластыруға болады.

Содан кейін жеребе тарту да дұрыс болмады. Кіл мықтыларды бірінші қойды. Басқа әлемдік аламандарда финалда кездесіп жүрген қазақ боксшыларын мықтылармен қойып, алғашқы айналымнан шығарып жіберіп отырды. Осы жері де түсініксіз. Негізінде бұндай жарыстарда жеребе тартудың тәртібі болады, мықтылар соңына қарай жолығуы қажет», – деді ол.

«Жоспар орындалмады»

Қаженов биылғы Азия ойындарының нәтижесі көңілден шықпағанын айтып өтті. Өйткені алтын саны аз, жалпы командалық есепте төмен орынға жайғастық және біз көздеген мақсат та орындалмады дейді.

«4 жыл бұрын Индонезияның астанасы Джакартада өткен Азиадада Қазақстан 15 алтын жеңіп, 9-орынға тұрақтады. Биылғы мақсат сол нәтижеден асып түсу, алдыңғы 5-7 команданың арасында болу еді. Жоспар орындалмады. Спортқа жауапты мамандар 20-25 алтын алуымыз керек деді. Бұл да орындалған жоқ. Командалық есепте төменге ойысқанымыз отандық спорттың құлдырап жатқанын білдіреді. Медаль саны бойынша 5-орында тұрмыз деп халықтың күлкі қылып жатқаны тағы бар. Кез келген халықаралық, құрлықтық және әлемдік жарыстарда жалпы командалық есеп алтынның санымен есептеледі. 80 медаль дегеніміз жаман көрсеткіш емес, сан бар, алайда сапа нашар болып тұр», – деді ол.

Сонымен қатар сарапшыдан бокстан Өзбекстан командасының бас бапкері Тулкин Киличев жасаған мәлімдемемен келісе ме екенін де сұрадық. Бас бапкер әлеуметтік желідегі жеке парақшасында өзі жаттықтыратын команданың Азиададағы жетістігін айтып, «Біздің команда әлемде бокстан ең мықтысы» деген болатын.

«Иә, Тулкин Киличевтің мәлімдемесін көрдік, қазіргі нәтижелерге сүйеніп олардың ресми түрде солай айтуына хақысы бар. Әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы нәтижелерін өздеріңіз де көрдіңіздер. Дәл қазір Өзбекстан боксының дәуірі жүріп тұр. Спортта динамика болады. Қазақстанның да көтерілген кездері 2010 жылдары болды. Ол кезде Өзбекстанның нәтижелері төмен еді. Қазір керісінше болып тұр. Біздікі әрі қарай құлдырай бермей, көрсеткіштеріміз жоғарыға шығады деген үміттеміз», – деді Қаженов.

Алайда, оның айтуынша, Азия ойындарын тұтас әділетсіз өтті деп айтуға болмайды.

«Азиада деген кешенді ойындар ғой. 45 спорт түрі болды. Қазақстан 30 спорт түрінен медальға қол созды. Әділетсіздік болған спорт түрлері бар. Бокс, көркем гимнастика, дзюдо, каратэде төрешілік жүйеде олқылықтар байқалды. Ал жалпы алар болсақ, Азия ойындары әділетсіз өтті деп кесіп айтуға болмайды. Бокста тек біздің құрама ғана емес, Иордания секілді кейбір мемлекеттер де наразылықтарын білдіріп жатты», – деді ол.

Айта кетейік, келесі Азия ойындары 2026 жылы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласында өтпек. Ұлттық құрама алдағы уақытта осы жолы жіберген қателіктермен жұмыс істеп, жалпы командалық есепте үздік бестіктен көрінеді деп сенеміз.

Серіктес жаңалықтары