Мемлекет басшысы SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасын қабылдады

Ма Юншэн Мемлекет басшысына компанияның 2024 жылдың екінші жартысында зауыт құрылысын бастауға ниеттеніп отырғанын айтты.

Мемлекет басшысы SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасын қабылдады
akorda.kz
618

Қазақстан Президенті ҚХР-ға ресми сапары аясында SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнмен кездесу өткізді, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында өзара ынтымақтастық және мұнай-газ химиясы мен энергетика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев SINOPEC компаниясының полиэтилен өндірісі жобасына толыққанды серіктес ретінде қатысуы Қазақстанның аталған кәсіпорынмен орнықты ықпалдастығының айқын дәлелі екенін атап өтті. Қазақстан мұнай-газ химиясына қатысты әлемдік деңгейдегі мұндай ауқымды жобаны бұған дейін жүзеге асырмаған. Жобаның жалпы құны – 7,7 миллиард доллар.

«Біз компанияның Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытуға, сондай-ақ еліміздің мұнай-газ саласына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Сіздің кәсіпорныңызбен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз әрі Сіздің компанияны Қазақстанның стратегиялық серіктесі деп санаймыз», – деді Мемлекет басшысы.  

Өз кезегінде Ма Юншэн Мемлекет басшысына компанияның 2024 жылдың екінші жартысында зауыт құрылысын бастауға ниеттеніп отырғанын айтты. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытының базасында тағы бір стратегиялық жобаны жүзеге асыру – терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат өндірісі кешенін салу жоспарын жеткізді.

«Біз осы жобанының дамуына үлесімізді қосқымыз келеді. Бұл жобаға айрықша мән береміз», – деді Ма Юншэн. 

Бұдан бөлек, кездесуде геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану, сондай-ақ аталған бағытта заманауи технологияларды қолдануға қатысты ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

 

Серіктес жаңалықтары