Түркістан облысында жаңа өнеркәсіптік парк пен заманауи аурухана ашылады

«Түркістан» ӘКК» АҚ өнеркәсіптік паркін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Түркістан облысында жаңа өнеркәсіптік парк пен заманауи аурухана ашылады
gov.kz
699

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Өңірде Үкімет басшысы бірінші кезекте жаңа өнеркәсіптік парктің және заманауи көпбейінді аурухана құрылысының барысымен танысты, деп хабарлады turkystan.kz.

Ауданы 66 мың шаршы метрден асатын «Түркістан» ӘКК» АҚ өнеркәсіптік паркін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жұмыс сапары барысында Премьер-министрге өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың, оның ішінде химия кешені, бу-газ қондырғысы, мұнай өңдеу зауыты, газ электр стансасы, күкірт қышқылын өндіру зауыты, өнеркәсіптік жылыжай, мал бордақылау алаңы және басқа да нысандардың іске асырылуы туралы баяндалды.

Мұнда үкіметтік делегация Түркістан облысында өндірілетін жиһаз өнімдерінің үлгілерімен танысты.

Әлихан Смайылов соңғы жылдары елімізде жиһаз өнеркәсібі белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Қазір онда 1500-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Осы жылдың 8 айында сала өндірісінің көлемі 25,2%-ға өссе, осы салаға салынған инвестициялар көлемі 65%-ға ұлғайды. 2026 жылға дейін салада жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын бірқатар жаңа жиһаз өндірісін іске қосу жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы атап өткендей, бүгінде мемлекет тарапынан кең ауқымды қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң шеңберінде кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету шаралары, сұранысты ынталандыру, өнеркәсіптік гранттар қарастырылған. Сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда өндірушілер қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі, кедендік баждардан және тағы басқа салықтардан босату қарастырылған.

«Отандық жиһаз өндірушілер өткен жылдан бері мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде басым құқыққа ие, сондықтан осындай кәсіпорындарды дамытудың маңызы зор. Түркістан облысының әкімдігі инвесторларды тарту мәселелері бойынша белсенді жұмыс істеп, өндірушілерге барлық қолайлы жағдай жасауы қажет», – деді Әлихан Смайылов.

Бұдан әрі Премьер-министр 570 төсек-орындық заманауи көпбейінді облыстық аурухана құрылысының барысымен танысты. Қазіргі уақытта жұмыстың шамамен 50%-ы аяқталды. Нысанды пайдалануға беру уақыты 2024 жылғы желтоқсанға жоспарланған.

Әлихан Смайылов Түркістан облысында 2 млн-нан астам адам тұратынын, сондықтан жаңа әлеуметтік нысандарды іске қосу маңызды екенін атап өтті.

«Бұл – өте маңызды жоба. Өңірде сырқаттар саны көбейіп отыр, мұндағы ауруханалар тапшылығын көріп отырмыз. Сондықтан жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде кешіктірмей іске қосу маңызды. Техникалық мәселелерге келсек, мұны Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп пысықтап, жыл соңына дейін келісімді бекіту керек», – деді Премьер-министр.

Бұл ретте ол «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 49 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысанын салу және 4 аудандық аурухананы жаңғырту жоспарланып отырғанын еске салды.

«Жалпы, денсаулық сақтау саласындағы барлық нысандар Министрліктің бақылауында болуы және уақтылы іске асырылуы тиіс», – деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары