Мәулен Әшімбаев: Дәстүр мен дінді бір-біріне қарсы қоюға болмайды
"Халқымыз ежелден дін мен дәстүрді сабақтастыра білген"
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысында дәстүр мен дінді бір-біріне қарсы қоюға болмайтынын баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған жиында ұлттық құндылықтардың Әділетті Қазақстан құру жолындағы рөлі кеңінен талқылады.
Ұлттық бірегейліктің тағы бір тұғыры – дін екені сөзсіз.
Дәстүр мен дінді бір-біріне қарсы қоюға болмайды.
Халқымыз ежелден дін мен дәстүрді сабақтастыра білген.
Көшпенді өркениетке тән ой еркіндігі, ашықтық, толеранттылық әртүрлі догмаларға бой ұрмауға мүмкіндік берген.
Біз дін мәселесінде ата-бабамыз қалыптастырып кеткен және уақыттың сынынан өткен осы рухани жолымыздан жаңылмауымыз керек.
Ұлтымыздың ұлылары Абай да, Шәкәрім де, Алаш қайраткерлері де осыған үндеген.
Сондықтан, өткенге құрметпен қарау, төл мәдениет пен дәстүрді бағалау – баршамыздың қастерлі борышымыз.
Жалпы, қай кезде де, әсіресе жаһандық ахуал шиеленіскен бүгінгідей кезеңде ұлттық құндылықтарымыз – біздің бағдар ұстайтын темірқазығымыз болуы керек.
Сондықтан, бұл ретте бәрімізге маңызды міндет жүктеледі. Ол – ұлттық құндылықтарымызды барынша қорғау және дәріптеу.
Әсіресе, заманауи тәсілдер негізінде оларды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру маңызды деп есептейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.