«Сайыс бизнес өкілдеріне де пайдасын тигізуі керек»: «АМАNАТ» Дүниежүзілік көшпенділер ойынын ұйымдастыру жұмысын сынға алды

Қазірдің өзінде Көшпенділер ойынына қатысуға 20 спорт түрі бойынша 73 ел өтініш берген. Демек 100-ден аса елден 3000-нан аса спортшылар қатысады деп жоспарлануда. Бұған ағылып-төгіліп, шашылып-сөгіліп келетін туристерді қосыңыз, – дейді олар.

«Сайыс бизнес өкілдеріне де пайдасын тигізуі керек»: «АМАNАТ» Дүниежүзілік көшпенділер ойынын ұйымдастыру жұмысын сынға алды
ашық дереккөз
1492

Келер жылы Астана қаласында V-Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны өтеді. Алайда, дүниежүзілік доданы ұйымдастыру жұмыстарының лебі сезілмейді. Осы мәселені көтерген «АМАNАТ» фракциясының мүшелері Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

– Өзіңізге мәлім, алдағы 2024 жылы V-Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны Астана қаласында өтеді. Бұл – әлемдік этномәдени және этноспортты, ұлттық ойындарды жаңғыртуға арналған аса маңызды аламан. Ең алғаш 2014 жылғы Қырғыз елінде өткен додада 19 елден 583 спортшы ғана бақ сынаған. Кейін бұған дүниежүзінің назары ауды. Аралықтағы ІІ, ІІІ  ойындардың статитстикасын тізбелеп жатпайын. Өткен жылы Түркияның Изник қаласында өткен ІҮ-дүниежүзілік көшпенділер ойынына Латын Америкалық елдерден бастап Жапонияға дейінгі аралықта әлемнің 102 елінен 3500 спортшы бақ сынаған, – деп шараның ауқымдылығы мен маңызына тоқталған депутаттар көшпенділер ойындарын өткізуге берген Қазақстанның өтінімі сол V Дүниежүзілік аламанда Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы жиынында қолдау тапқанын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өтетін ауқымды шараны сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырма бергеніне де тоқталды.

– Президент «V-Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорт шараларымен шектелмеуі керек. Аталған халықаралық спорт сайысы қолөнер, туризм, қызмет көрсету саласы сияқты шағын және орта бизнес өкілдері үшін де тиімді ұйымдастырылып, кәсібін ілгерлетуге жағдай жасалуы қажет», – деп айрықша атап өтті. Содан бері бір жыл уақыт өтті. Бұл айтулы аламан мемлекет басшысының тікелей назарында. Алайда, дүниежүзілік доданы ұйымдастыру жұмыстарының лебі сезілмейді. Мәлімет бойынша, Үкіметтік деңгейде комиссия құрылған. Басты сайыстар өтетін нысан ретінде Астана қаласындағы «Астана-Арена», «Қазанат» иппадромы, «Жекпе-жек» сарайы және «Алау» мұз сарайы бекітілген 8 млрд теңге қарастырылған, бірақ бұл инфрақұрылымдарға емес, ұйымдастыру жұмыстарына. Жалпы, спорт пен туризм саласында тұралап тұрған мәселе көп. Сол үшінде мемлекет басшысы салаға қатысты проблемаларды шешу үшін Туризм және спорт министрлігін құрды. Енді сол жаңа ведомствоның сыналатын шағы. Бұған дейін өткізуге жауапты мемлекеттік орган тиісті процедураларды өз деңгейінде ұйымдастыра алмауда. Тиісті мемлекеттік органның салғырттығы салдарынан қалалық әкімшілікке инфрақұрылымды реттеуге бір тиын қаржы бөлінбеген. Ал Астана қаласы әкімдігі Үкімет жаққа жалтақтаумен дәрменсіздің күйін кешуде, – дейді депутаттар.  

Сонымен қатар, Дүниежүзілік доданың өтетін мерзімі – 2024 жылдың қыркүйегі. Оған тура 11 ай қалғанын еске салды.

 – Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Ақтүтек боран, саршұнақ аязбен алысып тағы алты ай өтеді. Негізгі шаралар өтетін «Қазанат» иппадромында 10 мың адамға қызмет ететін нысан құрылысы жүріп жату керек еді. Өзге де спорттық нысандардың күрделі жөндеу жұмыстары, реконструкция, басқа да жұмыстары тоқтап тұр. Және атшабарға жапсарлас этноауыл жоспарланған. Күні кеше аяқтай барып көрдік. Өлі тыныштық. Қазірдің өзінде Көшпенділер ойынына қатысуға 20 спорт түрі бойынша 73 ел өтініш берген. Демек 100-ден аса елден 3000-нан аса спортшылар қатысады деп жоспарлануда. Бұған ағылып-төгіліп, шашылып-сөгіліп келетін туристерді қосыңыз, – дейді олар.

Сондай-ақ депутаттардың сөзінше, спорттық жарыстарды тарататын транслияция тақырыбы әлі жабық күйде.

Қорытындылай келе, депутаттар мынадай ұсыныстар айтты:

1. Үкіметтік комиссия ұйымдастыру жұмыстарын жеделдету керек.

2. Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып спорттық инфрақұрылымдардың құрылысы мен реконструциясына қатысты қаржылық процедураларды ұйымдастыру қажет.

3. Көшпенділер ойынын өткізу тек Астана қаласының ғана емес, бүкіл елдің жауапкершілігі. Сондықтан ұйымдастыру жұмыстарына өңірлерді жұмылдырып, «Бір өңір – бір нысан» принципіне күш салу керек.

4. Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақ Елінің туризм әлеуетін табысты пайдалану бағытында нақты жобалар әзірлеу керек.

5. Ұлттық спортты және спортшыларды насихаттайтын түрлі форматтағы ақпараттық үгіт жұмыстарын қолға алу керек.

6. Ойынды өткізуші ел ретінде нақты регламенттерді бекіткенде қазақтың ұлттық ойындары мен түрлі ұсталық өнерге басымдық беру керек.

7. Еліміздегі ең ірі мегажобаға айналған «Ұлы дала жорығын» Дүниежүзілік көшпенділер ойынының регламентіне енгізу керек.

 

 

Серіктес жаңалықтары