Шекара саласында жауапсыздық пен жемқорлыққа жол берілген – депутаттар

"Жүйелі әрі кешенді жұмысты ұйымдастыру және жоспарлау үшін арнайы Бағдарлама қабылдау керек".

Шекара саласында жауапсыздық пен жемқорлыққа жол берілген – депутаттар
ашық дереккөз
1879

Мәжіліс депутаттары Б. Керімбек, С. Нұртаза, М. Рожин, Е. Саурықов, О. Құспеков шекарадағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р.Склярға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Е.Сағымбаевқа депутаттық сауал жолдады.

Біздің депутаттық сауалымыз қорғаныс саласына, оның ішінде мемлекеттік шекара мәселесіне арналады. Биыл 16-31 шілде аралығында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бірнеше депутаты Жетісу және Жамбыл облыстарындағы шекара заставалары мен бекеттеріне шекара қауіпсіздігінің мәселелерін өз көзімізбен көру үшін барып қайттық. Сол жолы шекара инфрақұрылымының ескіруі, шекараны қорғаудың техникалық және байланыс құралдармен төмен деңгейде қамтылуы сияқты жүйелі проблемалардың бар екендігіне куә болдық, бәрін ішінен көрдік. Шынымызды айтсақ, жағдай мәз емес.  Мәселен, қазіргі таңда заставалардың біразы апаттық жағдайда тұр. Шекарашылар сонау 50-60 жылдары салынған ескі үйлердіе тұрып жатыр.  Бүгінгі таңда шекараны жаңғырту бойынша іске асырылып жатқан шаралар, бұл мәселелерді толық шеше алмай отыр. Шекараны бекемдеу мақсатында 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бағдарлама аясында 68 объектінің құрылысы жоспарланған, қаражаты бөлінген. Алайда, оның 15-і аяқталмай қалған. 2017 жылы осы аяқталмай қалған 15 объектіге аудиторлық тексеру жүргізілді. Олардың 3-і апаттық жағдайда, ал 9-ының жағдайы талапқа сай келмейді. Мұндай жауапсыздықты Солтүстік Қазақстан облысындағы заставаларын салуда да байқадық. Оған жуырда осы өңірге барған іссапарымызда көз жеткіздік. Құрылыс компаниялары нысанды толық аяқтамай жатып, «құрылыс материалдары қымбаттады» деп, келесі жылға тағы да ақша сұрайды. Осылай уақытты созып келеді. Осыдан шекара саласында жауапсыздық пен жемқорлыққа жол берілгенін көреміз. Жалпы шекара саланың проблемаларын шешу үшін Президент Әкімшілігі Басшысының тапсырмасымен 2024-2028 жылдарға арналған шекара қауіпсіздігінің кешенді жоспары әзірленген. Оған 582 млрд. теңге қажет. Оған қоса, мемлекеттік шекара инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша жол картасы әзірленген. Оны іске асыруға 118 млрд. теңге қажет. Алайда, Мәжілісте қаралып жатқан бюджетте Шекара саласының мәселесін толығымен шешуге сұралып отырған қаражат қарастырылмаған. Сонда біздің Үкімет қазіргі геосаяси жағдайды көре тұра, салғырттық танытқаны ма?! Оның әрекетсіздігі бізді таңқалдырып отыр. Бұны қалай түсінуге болады?

Жоғарыда баяндалғандарды қорытындылай келе Үкіметке келесідей шараларды қабылдауды ұсынамыз:

Қорғаныс саласын және Шекара қызметін қаржыландыру мәселесі Республикалық бюджетті қалыптастырған кезде ең жоғары басымдыққа ие болуын қамтамасыз ету.

Ұлттық қордан арнайы қаржы бөлу мәселесін қарастыру.

Қорғаныс және шекара саласына бөлінетін шығыстарды жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1 пайызына дейін жеткізуді заңмен бекіту.

Жүйелі әрі кешенді жұмысты ұйымдастыру және жоспарлау үшін арнайы Бағдарлама қабылдау.

Мемлекеттік қауіпсіздік саласының аса маңыздылығын ескере отырып, аталған мәселелерді Қауіпсіздік Кеңесінде қарауды жөн деп санаймыз, – деп айтылды сауалда.

Серіктес жаңалықтары