Шымкентте кірпіш зауытының иелері 60-тан астам адамды құлдықта ұстаған

Жұмысшылардың құжаттарын тартып алып, жалақы бермеген және үнемі физикалық зорлық-зомбылық көрсеткен.

Шымкентте кірпіш зауытының иелері 60-тан астам адамды құлдықта ұстаған
otyrar.kz
1725

Шымкентте Өзбекстан азаматын ұрлады деген күдікпен үш адам ұсталды. Олардың екеуі ағайынды. Күдіктілер шетелдіктерді заңсыз еңбекке тартқан, деп хабарлады turkystan.kz.

ІІМ мәліметінше, 14 қазанда Алматы полициясына Ақтөбе қаласының тұрғыны хабарласқан. Оның айтуынша, Өзбекстан азаматы болып табылатын ағасы еңбек құлдығынан қашып құтылып, өзінің жанына Алматыға келген. Бұған дейін ағасы Шымкенттегі кірпіш зауытының қожайындары физикалық күш көрсетумен қорқытып, ұстап келген көрінеді. Белгісіз біреулер қайтадан оның ізіне түсіп, қара түсті BMW көлігімен ұрлап кеткен.

Полицейлер жедел іс-шаралар жүргізіп, нәтижесінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары, үш ер адам ұсталды. Олар кірпіш зауытының иелері, екеуі ағайынды болып шықты.

«Тінту жұмыстарын жүргізу кезінде жедел уәкілдер екі зауыттың аумағынан 60-тан астам шетелдікті тапты. Олардың барлығы көрші Өзбекстаннан келген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында шетелдіктер зауытқа жұмысқа шақырылғаны анықталды. Содан кейін олардың құжаттарын тартып алып, жалақы берілмегені және үнемі физикалық зорлық-зомбылық көрсетіліп, корқытып ұстағаны белгілі болды», – делінген полиция мәліметінде.

Otyrar.kz сайтының мәліметінше, қазіргі 25 шетелдік жұмысшы «Сана-сезім» қоғамдық бірлестігінің қамқорлығында. 30-дан астам азамат жеке басын куәландыратын құжаттарының болмауына байланысты қабылдап-тарату орталығына орналастырылған.

Полицияға шетелдік азаматтардан үш ресми арыз түсті. Күдіктілер қамауда. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 126-бабы (Еңбекке қанау мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру) және 389-бабы (Өзінше билік ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған.

Серіктес жаңалықтары