«Бір аяғы екіншісінен 7 сантиметрге қысқа болған»: Алматыда күрделі ота жасалды
Алматыда 27 жастағы ер адамға аяғының туа біткен патологиясын түзету үшін күрделі ота жасалды.
Алматыдағы №4 қалалық аурухананың травматологтары мен ортопедтері ауыр кемістікті: жамбас буынының туа біткен шығуы мен төртінші дәрежелі жамбас буынының туа біткен дисплазиясын түзету үшін күрделі ота жасады.
27 жыл бойы жас жігіт бір аяғы екіншісінен 7 сантиметрге қысқа болғандықтан, дұрыс жүре алмаған. Өйткені бұл патология бүкіл тірек-қимыл жүйесіне ауыр жүктеме түсіреді.
Науқас өзінің бойындағы кемістігінің жеке өміріне кері әсер еткенін айтты. Алайда жігіт табандылық танытып, медициналық білім алып, Тараз қаласындағы емханалардың бірінде мейіргер болып жұмыс істеп жүр.
«Сол аяғына ота жасадық, енді бірер айдан кейін екінші жамбас буынына ота жасатамыз, содан кейін науқасымыз жүріп, ақсақтықтан құтылады. Науқас кеңес сұрап келді, біз ота жасауды ұсындық. Операцияланған сол жақ төменгі аяқ 5-7 сантиметрге қысқа, дисплазия 4-дәрежелі, сан сүйегінің проксимальды вальгусты деформациясы. Жылына 25-30-ға жуық осындай ота жасаймыз», – деді эндопротездеу бөлімінің меңгерушісі Манарбек Әубәкіров.
Бұл отаны ортопед-травматолог Жайдарман Оразхан жасаған. Дәрігердің айтуынша, науқас ота жасау туралы кеңес алғаннан кейін шешім қабылдау үшін бір жыл ойланған. Қазақстандық және ресейлік дәрігерлердің бірлескен отасы 4 сағатқа созылды.