Республика күні: қайта «оралған» мерекенің тарихы мен маңызы
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
Республика күні биыл елімізде екінші жыл тойланады. Елдікке бастаған ерекше күн мерекелер қатарынан алынып тасталғанымен, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітті.
Республика күнінің тарихы
1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл декларацияның қабылдануымен Қазақстанның егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді.
Ел тарихына үңілсек, Республика күні мемлекеттік мереке болып алғаш рет 1995 жылы қазанда жарияланды. Бұл Жарлыққа Тұңғыш Президент қол қойған. Бірақ 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен алынып тасталған болатын. Ал 2022 жылы маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
Қайта оралған мереке
Нәтижесінде былтыр қыркүйек айында Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні мерекеге айналды.
Мемлекет басшысы оған «ұлттық мереке» мәртебесін берді.
Былтыр қазақ халқы жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет дүркіретіп атап өтті.
«Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні, бұл – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», - деді былтыр Президент Республика күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында.
Мемлекеттік мереке мен ұлттық мерекенің айырмашылығы қандай?
Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал, Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл дегеніміз - қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.
Республика күні қалай тойланады және халық қанша күн демалады?
Мемлекеттік органдарда Республика күніне орай ресми мерекелік іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар концерттік бағдарламалар, фестивальдер, флешмобтар ұйымдастырылады. Биыл Республика күні сәрсенбі, 25 қазанға сәйкес келеді. Бұл күн демалыс болады. Бұл ретте жұмыс күні демалыс күндеріне ауыстырылмайды. Осылайша, бес күндік жұмыс аптасында қазақстандықтар бір күн (25 қазан) демалады, кейін екі жұмыс күні (26, 27 қазан), содан кейін демалыс (28, 29 қазан) күтеді. Алты күндік жұмыс аптасында демалыс күндері 25 және 29 қазан болады.