Астана туралы үздік шығарма анықталды
Аталған байқау «Елорда Ақпарат» медиасеріктестігінің ұйытқы болуымен және Астана қаласының Білім басқармасы мен ішкі саясат басқармасының тікелей қолдауымен өтті.
Кеше елордамыздағы Оқушылар сарайында Астананың 25 жылдығына арналған оқушылар арасындағы «Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауы өз мәресіне жетіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан оқушылар марапатталды. Аталған байқау «Елорда Ақпарат» медиасеріктестігінің ұйытқы болуымен және Астана қаласының Білім басқармасы мен ішкі саясат басқармасының тікелей қолдауымен өтті.
Байқаудың мақсаты – журналист болуға ынталы оқушыларды қолдау, шығармашылық қабілетін шыңдау, орта және жоғары сынып оқушыларын бейіндік оқытуға үлес қосып, олардың шығармашылық белсенділігін арттыру, газет редакцияларымен байланысын нығайту, елордадағы білім беру мекемелері мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық байланысты дамыту. Қабілеті шыңдалған оқушылар «Астана ақшамы» газеті редакциясы базасында жас тілші ретінде шығармашылық-тәлімгерлік тәжірибеден өтеді. Бас шаһардағы оқу ордаларының 7-11 сынып оқушылары қатыса алатын байқауға өтінімдер биылғы 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында қабылданған болатын. Кеше осы атаулы байқаудың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды.
Сахна төріне Бас жүлдегер марапатын табыстауға шақырылған Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов аталған байқаудың мазмұнына тоқтала келе, ертеңгі жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге негіздеуде осындай жобалардың орны ерекше екеніне тоқталды.
– Бүгінгі іс-шараның маңызы өте зор. Бір кезде менің де кішкентай армандарым болған. Адам бала кездегі армандарын арқау етіп, тынбай еткен еңбек пен таудай талаптың арқасында жетістіктерге жетуге болады. Бүгінгі байқауға қатысып, бақ сынаған барлық оқушылардың болашақта арман-мақсаттарына жетуіне тілектеспін! Жеңген оқушыларға жеңіс құтты болсын дей келе, жүлдегер қатарына ілінбей қалған үміткерлерге жасымаңыздар, келесі жолы міндетті түрде жеңесіздер дегім келеді, – деді Нұрдәулет Иманәліұлы.
Жалпы, байқауға 230-дан астам шығарма келіп түскен. Олардың мазмұны сан түрлі. Бір қызығы – шығарма авторларының көбі Астанаға өзге қаладан қоныс аударғандар екен. Олардың бас қалаға келу тарихы, алғашқы таныстықтар, жаңа ортадағы алғашқы сезім иірімдері шынайы әрі әсерлі суреттелген. Мәселен, бір оқушы өзінің Астанаға деген іңкәрлігі әжесінің Бәйтерек туралы ертегіден бастау алғанын жеткізіпті. «Әжем ертегісінде он адамның құшағы жетпейтін алып ағаш болады, оны Бәйтерек деп атайды. Сондай ағаш Астананың тура ортасында өсіп тұр деп айтатын. Мен ол кезде ауылда тұратынмын. Содан бастап менің Астанаға баруға деген құштарлығым оянды» деп ағынан жарылады. Шығармалар арасында ЭКСПО көрмесіне келген африкалық саяхатшы бала мен қазақ баласының арасындағы әңгіме комиссия мүшелеріне ерекше әсер етті. Мемлекеті мойындалмаған, астанасы жоқ жерден келген саяхатшы балаға қазақ баласы өз Астанасын таныстырып, мақтанышпен жеткізеді.
– Осыдан бір ай бұрын біздер «Мектеп және Медиасауаттылық» тақырыбында айлық өткізген болатынбыз. Осы жоба аясында елордадағы мектептерде бірнеше кездесулер өткіздік. Жобаның мақсаты – жас ұрпақты ақпараттық сауаттылықтан хабардар ету болды. Аталған бастаманың аясында бүгін марапаттау рәсімі өтіп жатқан оқушылар арасында «Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауын жариялаған болатынбыз. Байқаудың мақсаты – мектеп жасындағы талантты балаларды тану, көрсету болды, – деді Elorda aqparat ЖШС директоры Олжас Сыдықбек.
Расында да, әр адамның Астанаға келу тарихы өз алдына ерекше хикая. Алайда соны қызықты етіп жеткізе білу үшін де үлкен шеберлік керек. «Астана ақшамы» газетінің тілшісі, жоба авторы Нұрлат Байгенже «Байқаудың мақсаты оқушылармен кездесу, ой алмасу, шығармашылық байланыс орнату» дейді.
– 230-дан аса материал түсті. Бұлардың ішінен шын мықтыны тану және табу қиын болды. Барынша әділ шешім шығару үшін комиссия мүшелеріне шығарма авторлары туралы деректі жасырып, тек номер арқылы ғана дауыс беру әдісін таңдадық. Яғни, қатысушы оқушының аты-жөні, сыныбы, мектебі туралы ақпарат болмады. Сөйтіп, шығарманың шынайлығы мен мазмұны ғана бағаланды. Іріктеудің бірінші айналымынан кейін 30 жұмыс бөлініп алынды. Сосын осылардың арасынан үздігі анықталды. Арасында орфографиялық, стилистикиалық қате жіберген, бір сөзін қайталай берген қатысушылар да болды. Бірақ біз мұндай қателіктерге мән бермедік. Бас жүлдеге лайықтыны таңдау оңайға соқпады. Десе де жарыстың аты жарыс, жеңімпаз анықталуы керек. Үздік ретінде 10 жұмысты таңдадық. Бас жүлдеге Қаныш Сәтбаев атындағы Binom School мектебінің 8-сынып оқушысы Кәусар Шалқар лайықты деп танылды. Elorda Aqparat медиахолдингі бас жүлдеге ерекше сыйлық дайындады. Кәусар Шалқарға «Балдәурен» лагеріне екі аптаға жолдама берілді, – деді Нұрлат Байгенже.
Астана туралы үздік шығарма жазған М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Әмина Уалихан 1-орынды иеленіп, планшет ұтып алды. Ал 2-орынды өзара екі оқушы бөлісті. Олар – Қаныш Сәтбаев атындағы Binom School мектебінің 7-сынып оқушысы Кәусар Жазыбай мен Ақшан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Жігер Берікқалиев. Жеңімпаздарға смартфон табыс етілді. Бас қаланың даму перспективасы мен бүгінгі табыстары туралы толғанған жас қаламгерлердің арасынан үшінші орынға – Жұмабек Тәшенев атындағы №10 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Аружан Жандосова, Ә.Бөкейханов атындағы BINOM мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Айкерім Ерлан мен №30 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Хусейнмухаммедали Чалышкан лайық деп танылып, оларға смартсағат ұсынылды. Атаулы орындардан бөлек іріктеуден өткен оқушылар ынталандыру сыйлығынан да құр қалған жоқ. С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ақерке Казимова, Қаныш Сатпаев атындағы Binom school мектебінің 6-сынып оқушысы Мақсат Қуаныш пен Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Дінмұхаммед Айтжан ынталандыру сыйлығын қанағат тұтып, сымсыз құлаққапқа ие болды. арнайы сыйлықтардан бөлек қатысушылардың ата-аналарына алғысхаттар табысталды.
Қиялымен қаламына қуат бітірген шын таланттарды анықтаған «Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауын ұйымдастырушылар топ жарған жас дарындардан ертеңгі елімізге белгілі ақын-жазушылар, журналистер, медиа мамандары шығатынына сенім білдірді.
Республика күні мерекесі қарсаңында, Астана қаласының 25 жылдық мерейтойына орай алғаш рет өткізілген байқау жас ұрпақтың бойындағы шығармашылық қабілетін ашып, бағыт-бағдар беруді мақсат тұтады. Айтулы жобаға, белгілі меценат, кәсіпкер Исламбек Салжанов басқаратын Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры Бас демеушілік етті.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ