Түркістан облысының шаруалары сусыз қауын өсірді

Түркістан облысының шаруалары қауын өсіруде тың тәсілді пайдалана бастады.

Түркістан облысының шаруалары сусыз қауын өсірді
Қайрат Зайнишев/Kazinform
1269

Түркістан облысының шаруалары сусыз қауын өсіріп, мол өнім жинады, деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Түркістан облысының шаруалары қауын өсіруде тың тәсілді пайдалана бастады. Яғни, егістікті суармай-ақ, мол өнім жинауға болатынын көрсетті. Оңтүстіктегі 45-50 градус ыстықта бір тамшы су ішпеген қауындар дәмді әрі үлкен болып өскен. Шаруалардың сөзінше, ауыл шаруашылығындағы бұл тәсілді ата-бабаларымыз бұрын да қолданған.

«Жылдан-жылға суармалы су мәселесі көбейіп келеді. Сондықтан бұрынғы ата-бабаларымыздың үйреткен тәжірибесін жасап көруге бел будым. Содан егістікті суармай-ақ қауын өсіріп, жақсы өнім жинадым» - дейді шаруа Азизхан Егембердиев.

Азизхан Рахымбайұлы Қарнақ ауылында тұрады. Оның ауыл маңындағы «Дөдеген» жер учаскесінде егістікке арналған жері бар. Биыл соның 4 гектарына қауын, 1 гектарына қарбыз еккен. Нәпақасын жер анадан іздеген шаруа жинаған өнімін жергілікті жерде саудаға шығарған. Дәмді қауынды тұтынушылар да көп болыпты.

«Көктемнің алғашқы айларында суармалы су ешкімге керек емес кездер болады. Сол ақпан айының басында егістік алқабымды әбден суарып, су сіңдіріп алдым. Содан қауын ектім. Шілде айындағы 45-50 градус ыстықта да су берген жокпын. 120 күн су ішпеді. Нәтижесінде қауындарым жақсы өнім берді. Дәмді болды» - дейді шаруа.

Азизхан Егембердиевтің айтуынша, бұл тәсілді кез келген қауынның сортына пайдалана беруге болады. Тек жер тың болуы қажет. Енді шаруа алдағы жылдары егістік алқабын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қауыннан мол өнім алып жатса, шет елге алып барып сату да ойында бар.

Серіктес жаңалықтары