«Бәйтерек» холдингіне құны 63,3 млрд теңге болатын актив қайтарылды

Сонымен қатар, 12 еншілес компания Қордың бақылауына қайтарылды.

«Бәйтерек» холдингіне құны 63,3 млрд теңге болатын актив қайтарылды
ашық дереккөз
598

Қаржы мониторингі агенттігі «Қазақстанның инвестициялық қорын» заңсыз жекешелендіру фактісі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлады turkystan.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тергеу кезінде «Бәйтерек» холдингінің меншігіне құны 63,3 млрд теңге болатын ҚИҚ-ның 100% акциясы қайтарылған. Айта кетейік, сотқа дейінгі тергеу басталған кезде Қордың Қазақстанның Даму Банкі алдында 18,7 млрд теңге көлемінде борышы болған.

Агенттікпен қабылданған шаралармен, соның ішінде қолма-қол ақшамен өтеу есебінен берешек үш есеге төмендетілді. Сонымен қатар, 12 еншілес компания Қордың бақылауына қайтарылды. Бұл -  металл конструкцияларын, жол және құрылыс битумын шығару, шиналарды және ірі қара малдың терісін қайта өңдеу, қағаз-картон өнімдері, желімделген ағаш конструкциялар, бағыттамалы бұрмаларды шығару зауыттары және полиграфия. ҚИҚ балансына Алматы қаласындағы бизнес-орталықтың ғимараты және Алматы облысындағы құны 1,6 млрд теңгеден асатын жер учаскелері қайтарылды. Сондай-ақ, «Dosjan Temir Joly» АҚ жылына небәрі 100 млн теңгеге 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт жойылды. Кәсіпорынның 2022 жылдың қорытындысы бойынша таза пайдасы 1,3 млрд теңгені құрағанымен, бастапқы бағалау кезінде бұл ескерілмеген, – дейді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Серіктес жаңалықтары