Ақтаудағы екі баланың өлімі: кінәлі адам қанша жылға сотталуы мүмкін?

Мамандар химиялық препараттың құрамы да белгісіз екенін айтты.

Ақтаудағы екі баланың өлімі: кінәлі адам қанша жылға сотталуы мүмкін?
stan.kz
893

Ақтау қаласы 7-шағын ауданында орналасқан пәтерлердің бірін қандаладан құтылу үшін белгісіз препаратпен улаған. Мамандар химиялық препараттың құрамы да белгісіз екенін айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

Mangystaumedia.kz сайтының мәліметінше, пәтер иесі оны Алматыдағы жайма базардан сатып алған. СЭС басшысы химиялық препараттың тараған аммиак концентрациясы жоғары болғанын мәлімдеді.

«Көптеген жыл бойы біз ешқандай жағдайда, әсіресе, тұрғын үй-жайларда өз бетінше улауға болмайтынын айтып келеміз. Өкінішке қарай, бұл бірінші жағдай емес. Арты өліммен аяқталған жағдай бұрын да тіркеліп, осындай химиялық заттарды өткізу нүктелерін анықтап, халыққа ескерттік. Бірақ соған қарамастан қайғылы оқиға қайталанып отыр», - деді Ақтаудың бас эпидемиологы Әсима Жарылғасова.

Эпидемиологиялық тергеу барысында төмендегі пәтерде шығу тегі мен құрамы белгісіз препаратпен дезинфекция жүргізілгені анықталды. Пәтер иесі қандаладан құтылу үшін 39 таблетка қолданған. СЭС мамандары химиялық препаратпен дезинфекция жасалған пәтерде, бүтін бір отбасы уланған пәтерде және көршілес төрт пәтерде ауа өлшемдерін жүргізген.

«Жоғарғы қабаттағы пәтерде аммиак өте көп тарағаны анықталды. Көміртегі оксидінің асып кетуі де анықталды. Бұл комбинация адамдардың қатты улануына әкеледі. Аммиак пен көміртегі оксидінің тарауы бөлмеде оттегі аз болған кезде әсер етеді. Мұндай жағдайда негізінен ең бірінші балалар зардап шегеді. Көміртек оксиді бөлмедегі ауаға қарағанда жеңіл, сондықтан төменгі қабаттағы пәтерлерге у тарамаған. Өйткені көміртегі оксиді жоғары қарай қозғалады», - деді Асима Жарылғасова.

Пәтердегі аммиак концентрациясы ондаған есе асып түскен.

«Мен өзім бірнеше рет химиялық препараттарды қолдану туралы халықпен кездесу өткіздім. Ешбір жағдайда тұрғын үй жайларды өз бетінше дезинфекциялауға болмайды. Мұндай іспен тек рұқсат құжаттары, лицензиясы бар компаниялар айналысуы керек. Бұл лицензияланған қызмет түрі. Ақтауда қоймасы және осы жұмысқа рұқсаты бар 8 компания бар. Менің 3 маманым Ақтау қаласының 275 мың тұрғынын бақылай алмайды ғой. Пәтеріңізді өз бетіңізше дезинфекциялағанда сіз ең алдымен өзіңізге және жақын жерде тұратындарға қауіп төндіретініңізді түсінуіңіз керек. Мұндай жағдайда тек жоғарғы қабаттағы көршіңізге емес, қатар кіреберістегі көршілерге, ПИК-ке де хабарлау қажет. Сіз пәтеріңізді өңдейтін ұйымның байланыс нөмірлерін, препараттың құрамы мен атауын білуіңіз керек. Препаратқа рұқсат етілсе де, астмамен ауыратындарға қауіп төнетінін ескерген абзал», - деп атап өтті Асима Жарылғасова.

Полиция пәтерді өңдеген әйелдің кәмелетке толмаған екі баласы бар екенін атап өтті. Қазір бұл іске қатысты ҚР ҚК 304-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Пәтерден заттай дәлелдемелер алынып, сараптамаға жіберілген. Тергеу жүріп жатқан бап бойынша кінәлі адам 5 жылдан 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сараптама қорытындысынан кейін процестік шешім қабылданады.

 

Серіктес жаңалықтары