Ақтөбеліктер «Менің елім – менің Туым» акциясына атсалысты

Жастар қаладағы ең үлкен ғимараттың әр қабатына көк туымызды іліп, тұрғындардың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттырды.

Ақтөбеліктер «Менің елім – менің Туым» акциясына атсалысты
Turkystan.kz
597

Республика күні қарсаңында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухының» Ақтөбедегі белсенділері «Менің Елім – менің Туым» деп аталатын ауқымды акцияға атсалысты. 

Жастар қаладағы ең үлкен ғимараттың әр қабатына көк туымызды іліп, тұрғындардың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттырды. Олар күні бойы үйлердің балкондарына 100-ден астам астам туды орнатуға көмектесті. 

«Біз осы акция арқылы қазақстандықтардың патриоттық рухын көтеруді мақсат етіп отырмыз. Азаматтар көк байрағымызды балкондарына ілу арқылы мемлекеттік туға, өз елімізге деген махаббатын, сүйіспеншілігін білдіруде. Іс-шара барысында облыс орталығындағы 20-дан аса тұрғын үй мен ғимараттың балкондарына, терезелеріне 100-ден аса мемлекеттік ту орнатылды. Оған Ақтөбедегі 50-ден астам «Жастар Рухының» белсенділері жұмылдырылды», - деді «Жастар Рухы» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Әлішер Тыныштық.

Акцияны ақтөбеліктер ыстық ықыласпен қабылдауда. Қала тұрғыны Аманғазы Жылқыбаевтың айтуынша, мұндай игі істің тарихи әрі тәрбиелік мәні зор.

- Бұл шараның маңызы зор. Жастарды отаншылдыққа баулитын осындай ұтымды әдіс-тәсілдерді жиі қолдану керек. Бұл елдік рух пен ұлттық ұстанымды ұрпақтың санасына сіңіреді. Мәселен әйгілі әнші Димаш шет елдерде әнұранымызды шырқап, көк туымыз желбірегенде бойымызды патриоттық сезім кернейді. Тудың тігілуі, гимнің орындалуы Жаңа Қазақстанды құрып, республикамыздың жаңа жолға түскендігін көрсетеді, - деді 74 жастағы қария. 

«Жастар Рухы» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Әлішер Тыныштықтың айтуынша, акция аясында әлеуметтік желілерде фотосуреттер мен видеолар жүктелуде. Сөйтіп мерекенің маңызы арта түседі. Жыл бойы облысымызда мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған түрлі іс-шаралар үздіксіз ұйымдастырылатын болады.

 

 

Серіктес жаңалықтары