Президент жастарға арнайы Үндеу жолдады

Тоқаев жастарды "жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге, ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуға" шақырды.

Президент жастарға арнайы Үндеу жолдады
Akorda
992

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қандай ел болары өскелең ұрпаққа байланысты екенін айтты.

Президенттің айтуынша, елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформа қоғамдық сананың түбегейлі өзгерісіне ұласуы керек.

"Мен бұған дейін Адал азамат ұғымын ұсындым. Осы орайда, жастарымызға арнайы Үндеу жолдағым келеді. Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жалғастыратын да – сіздер", - дейді Тоқаев Республика күні қарсаңында Ақордада өткен мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде.

Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінгі жастар – Қазақстанның келбеті. Осы орайда, ол Қазақстан жастары қандай болуы керек екенін айтты.

"Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады", - деді Президент.

Тоқаев жастарды "жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге, ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуға" шақырды.

"Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін. Өздеріңіз сияқты саналы ұл-қыздары бар Қазақстан өркениет көшінің басында болары сөзсіз", - деп сенім білдірді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары