Қытайда туып-өскен боксшы Тоқтарбек Таңатқанға 100 мың юань (6,5 миллион теңге) көлемінде сыйақы берілді

Алтай қалалық партком басшылары Таңатқанұлын марапаттау үшін оның үйіне арнайы барған

Қытайда туып-өскен боксшы Тоқтарбек Таңатқанға 100 мың юань (6,5 миллион теңге) көлемінде сыйақы берілді
kazakcnr.com
1468

Қытайдың Ханжчоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында чемпион атанған Тоқтарбек Таңатқанға туған жері – Алтай қалалық парткомының орынбасары Жеңісхан Құрманұлы 100 мың юань (6,5 миллион теңге) көлемінде ақша табыстады, деп хабарлайды turkystan.kz Қазақпарат-қа сілтеме жасап.

Қытайдың орталық халық радиосының мәліметінше, Алтай қалалық партком басшылары Таңатқанұлын марапаттау үшін оның үйіне арнайы барған.

«Қала басшылары халықтың ықыласты сәлемі мен ізгі тілегін жеткізіп, әрі 100 мың юань сыйлық ақша ұсынумен қатар, Тоқтарбектің алғашқы жаттықтырушысы Мұрат Бошайұлына 50 мың юань ақша сыйлап, дарынды боксшыны баулыған ұлағатты еңбегіне шынайы алғыс білдірді», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, олар Тоқтарбектің ата-анасына да алғыстарын жеткізді. Өз сөзінде Тоқтарбек ендігі арманы Олимпиаданы бағындыру екенін атап кетті.

«Бұл натижеге қол жеткізгенде ең әуелі ата-анамның мәпелеп өсірген шапағатына, жаттықтырушымның баулыған еңбегіне ерекше алғыс айтамын. Сондай-ақ, барлық жағдайымызды жасап отырған ел билігіне, мені қолдап келе жатқан барлық жанкүйерлеріме шынайы алғысымды айтамын. Бұл Азия ойындары мен үшін үлкен тәжірибе болды. Ендігі мақсат –  келесі жылы өтетін төрт жылдық дода Олимпиада ойындарында топ жару», –  деп атап өтті боксшы.

Айта кетейік, Қытайда туып-өскен, 80 келіге дейінгі салмақта бокстасатын Тоқтарбек Таңатқан Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатының финалында отандасымыз Нұрбек Оралбайдан жеңіліп, күміс жүлдені місе тұтқан еді. 

Сосын Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Нұрбекпен 1/8 финалда кездескен ол жеңіс тойын тойлаған еді. Финалға дейін сүрінбей жеткен Тоқтарбек атақты филиппиндік боксшы Эумир Феликс Марсьяльді жеңіп чемпион атады. Сондай-ақ Париж Олимпиадасының жолдамасын қалтасына басты.

Серіктес жаңалықтары