Мэтр Мағауинмен мәшһура
Алдымызда алқаракөк шыңдардың асты-үстімен өтетін көктаспа жол... Оң қапталда – Ақтеңіздің үстінде он төртінен толған ай балқып жатыр. Ал менің ойымда – 83-ке келіп – «мың айдың жүзін көріп», нұры толған айдай балқып отырған Мұхтар ағам!
Әлқисса, Көне (Кония) шаһардағы «жаһандық мистикалық әуендер» фестивалінің аясында «Ясауи» тобының ғажап кешін өткізген күннің ертесіне жақында Америкадан Түркияның Кемеріне қоныс аударған Мұхтар Мағауин ағамызға сәлем беруге асықтық. Қала сыртынан күтіп алған жазушының ұлы Едіге шаңырағына бастады. Аға-жеңгемізбен арқа-жарқа амандастық. Бақытжамал жеңгем менің тамыз айында шығыс бетті, Алтай жақты аралағанымнан хабардар екен, қуанып қалдым. Аман-түгелден соң ілкі сауалым: «Алтын Орда» бітті ме?» болды. Ол кісі: «Америкадан соңғы нүктесін қойғасын барып бері қарай қозғалдық» деді. Бұл біз үшін қуанышты, бәлкім, күллі Алаш үшін сүйінішті, сүйіншілі хабар еді...
Жә, басынан бастайыншы...
Тұлпарлар туралы толғау
...1991 жылдың қазан айының басы. Ұлттың Тәуелсіздікке қарай – енесіне еңсеген қозыдай ұмтылып келе жатқан шағы. Тәуелсіздіктің жолына шашылған шашудай жер нәубеті айырықша бұлқынған сол жылы мамыр айында ұлы жырау Қашаған Күржіманұлының Маңғыстаудағы «Қырықкез» әулие маңында «Там-байғазы» тойы аса бір салтанатпен өткен. Қазанда ақынның 150 жылдық тойына да өлкеміз қатты күбінді. Әбіш аға Кекілбайұлы Алматыдан өзінің достарымен жеткен. Арасында – жастайынан тел өскен досы Мұхтар Мағауин жұбайы Бақытжамал жеңгеймен бірге келген...
Сол жылдары Түрікменстанның Шағадамынан баяғы «адай жылқысының» тұяқтарын сақтап қалған – бәйгілі Тіней Шам-Талпақтың немересі Терекбай-сейіс, әйгілі Базар-Жары Ізбас ақын Есімұлының немере інісі Алпамыш сынды ақсақалдар келіп Маңғыстаудағы аламандарға ат қосып және бүкіл жүлделерді сыпырып алып кетіп жүрді. Маңғыстау совхоздарының жайшылықта «жүйрік» атанып жүрген, «советтік селекциядан» шыққан тұғырлары әлгі көкмойнақтардың тезектерін теруге де жарамай қалған! Ең сұмдығы, сол тұлпарлар аламанның соңын алашаң қылып бара жатқан
шобырларға қайта айналып қуып жетіп, кейде соңы дауға айналып, тұғыриелері бір айналым кейін келген аттарын әлгі шын тұлпарлармен әдейі шатастырып, даудың алашаңын боратқан тұстары да бар...
Шағадамның шалдары ылғи «Шынжыр» қыстағындағы аулымызға түсетін. Терекбай-сейіс өзінің торы айғырын атшабыстан кейін біздің ауылға тастап кететін. Сол жануар үш жылдай қолымызда болды, талай бәйгіні алды. Тобышақ – бір көрген адам «құнан ба?» деп қалғандай, бірақ шыға шабатын – шығынып шабатын, бәйгінің соңына дейін алдына қара түсірмейтін шын жүйрік еді. Той алдында ауылға барсам, Түрікменстаннан келген атбегілер басып жатыр екен. Аман-түгелден соң бұрынғылардың жолымен «ат бәйгілі болсын!» айттым. Тілегімді Терекбай қария ырайланып қабылдады. Мен: «Шоңай Алшын бастаған 60-тан аса үкімет адамы ауылы «Сармыс-Тәжіде» отырған, совет өкіметіне қарсы қару алып соғыспаққа ниеттенген айтулы мерген Тоқабай Құрмаш Қосжанұлын ырайдан қайтармақ болып барғанда, Құрмаш қонағасыдан соң батаны өзі беріп: «Бабық Ырзабек-Бурабектің қойын берсін; Тіней Шам-Талпақтың тайын берсін; Олжашы Айдарбайдың ойын берсін; Шоңай Алшынның бойын берсін! Қалғаны маңдайларынан көрсін!» – депті ғой. Сол батасы қабыл екен анау жатқан тентек шалдың, – деп ауылдың ілгергі бетіндегі Құрмаш батырдың «қызылдармен» соғыста шейіт болып өлген бейіт тұсын нұсқадым. – «Зәкария – Шам-Талпақтың» совет тартып алған 22 000(!) қылқұйрығының тұқымын сақтап қалған екенсіздер», – деп алғыс айттым...
Ертесі күнгі кешке Ақтаудың жанындағы Басқұдықтағы атшабар алаңынан алқынып інім Үттібай (марқұм) келіп хабар берді: «Бәйге аттарды Мұхтар Мағауин келіп аралап шықты. Біздің торы айғырды («Терекбай торы») көріп: «Мынаның алдына ертең құс та түспейді!» деді. Есен Әділханның (Әділхан Бақтыбайұлы – «хан» Тобанияз Әлниязұлының туған балдызы, яки Дөңбай шешеміздің інісі) қараалаяқ арғымағы екінші келетінін айтты. Қалыңбаев Әбділданың қоңыр атын көріп: «Жануар ұзаққа шабатын жылқы екен. Енді бірер айналым болса, екіншіге осы ілінер еді» – деп кетті...» Біз өзіміз әулиедей құрметтейтін жазушының айтқаны келгей деген тілекпен қалғанбыз. Ертесіне 100 неше ат қосылған аламан бәйгеде Мұхтар Мағауиндей саңлақтың айтқаны айнымай келгені ғой! Кейін осы әңгімені Есенғали Раушанов ағама айтқанда түк таңданбастан: «Әрине, айтқаны келеді. Ол тегін адам болса, «Мұхтар Мағауин» бола ма?!» деген...
...Кешегі айғұншақ Ақтеңіз бен бозғұншақ айтеміз-шыңдар қауышқан Түркияның Кемерінде, – ежелдің тарихшы-географы Страбондардың табаны тиген қоныста, – қаламгер шаңырағындағы келісті кеңесте сол кепті еске салдым. Ағам осы әңгімеден соң жүйріктердің тағдыры туралы айтып кетті: «Әкем (үлкен әкесі Мағауия Құрымбайұлы ақсақал) Абай әулетімен аралас-құраласқан, Алаш қайраткерлерімен дәмдес болған (оның үйінде 1918-1919 жылдардың айқыш тұсында Міржақып, Райымжан Мәсековтер бастаған алашордалық ұлт көсемдері 40 күн панала-ған. – С.Н.) жөнбілгі-сөзбілгі адам болатын. Өзі атбегі еді. «Нарқызыл» деген аты болды. Ондай жүйрікті туды-бітті көрмедім. Кейін ол туралы «Жүйрік» атты хикаят жазғанымды білесіңдер. Жануар жай жүргенде де, шапқанда да қатарына ат ілестірмей мойын оздырып отырар-ды. Ұран шыққан сәтте кірістен ытқан жебедей зымғап кетіп бара жататын. Әп дегеннен артындағы самсаған жүйріктен қара үзіп шыға келетін. Сол озғындаған күйі алдымен келер-ді. Есентай атты бәйге-баласы болды. Бір қызығы, бәлкім, бұл – қасіреттің зоры, елінің тұлпары – Нарқызылдың тілеуін ешкім тілемейтін. Бәрінің көкейінде: «Осы жолы қала қойса екен!» «Сүрінсе ет-ті!» «Мертіксе ғой!» «Өлсе екен!» деген жаман пиғылдары іштеріне сыймай, сырттарына лықсып шығып жататынын талай естідік. Бірақ әкем оларға, тіпті де мән берген емес. Заңдылықтай қабылдайтын. Мысықтілеу көпшілік, кісәпір топшылық қанша жерден қарғаса да, Нарқызыл олардың өзегіне түскен қызғаныштың қызыл құрттарын одан сайын семіртіп, қарақшыдан жалғыз айналуын қоймайтын... Кейін бақсам, мұның өзі, шынында, табиғи заңдылық көрінеді. Шеннен шыққан жүйріктің, – мейлі, ол – мал, мейлі, адам болсын, – маңдайына бұйырмыс мөр-тағдыр осы екен...» Мұны айтқанда, Мұхтар ағамның өңі алабұртып, жанары дымданып қоя берді. Терең күрсінді. Көз алдыма, – ақыры, оза алмас шобыр, көре алмас тобыр тілеуіне жете алмағасын, – қолтық-қолаңсасына (жүрек тұсы) ине қадап жіберген Нарқызыл тұлпар елестеді... Кенет кәрі тұлпар ышқына кісінеп жіберді! Адам-алмауыттың осына аласүрен үнін алыстағы Қазақиясы естіді ме екен?.. Әй, қайдам? Өйткені көкірек-көмейдегі ышқынған үнді, көңіл-көбедегі алқынған демді, өмір-сөредегі ысқырған желді жанында отырған мен ғана естігем. Өйткені ол тыныс маған ғана телімел, ол дыбыс маған ғана етене-тін. Өйткені...
«Екі-ақ адамға сендім!»
Менің: «Күнделік жүргізіп көрдіңіз бе?» деген сауалымнан соң Мұхаң әңгімесін ары жалғады: «Күнделік жазу – өзіңді тірілей тұзаққа түсіргенмен тең болуы мүмкін еді, ол кезде (менің жадыма Әбіш аға Кекілбаевқа: «Аға, басыңыздан не қилы оқиғалар өтті, өтіп те жатыр. Ең бір шешуші кезеңдерде атқа міндіңіз, топқа кірдіңіз, отқа түстіңіз. Сол кезеңдер жайлы білгісі келетін ұрпаққа сіздің өз аузыңызбен берілген куәлігіңіз аса құнды ғой. Жад дәптерінде ол жайлардың бәрі бірдей таңбаланып қалуы мүмкін емес, ақпараттар дәуірінің қара тасқыны көп нәрсені адам санасынан әп-сәтте шайып үлгеруі мүмкін. Сондықтан арнайы күнделік жүргізіп отырасыз ба?» – деп сауал қойғаным, ағамның: «Күнделік жүргізу – өзіңді өз қолыңмен қақпанға түсіріп, орға жығу ғой…» – деген қысқа ғана жауабы оралды). Алдыңғы ағаларымдай аса үрейлі болмаса да менің де өмірім қатерлі өткелдің үстінде өтті. Әр сөзіңді абайлап айтып, әр қадамыңды аңдап баспасаң, – отарлық жүйе ешкімді, әрине, оның ішінде, – Ұлт мұратын ту қылып жүргеніңді білсе, аямайтын. Сондықтан «кішкентайдан бірге өскен» достардың өзіне күмән-күдікпен қарауға мәжбүр болдым. 1986 жылғы желтоқсан дүрбелеңінде біраз дүниелерімді жоюға тура келді. Құданың құдіреті, алғашқы әңгімелерімнің бірі – ашаршылық туралы «Бір уыс бидай» атты әңгімемді жойдым дегем, оның ең ілкі түпнұсқасы сақталып қалыпты...
Мен өмірімде екі-ақ адамға сендім, қазақта – Әбішке, екіншісі чуваш жазушысы Юхма Мишшиге! Әбіштің жайы белгілі, ол екеуміздің мақсат-мұратымыз әзелден бір-тін. Ал чуваш дос та арыға салсаң, түркілік туыстығы бар, беріге келсең, қалам мен досқа адалдығы өз алдына, ол да біздің қазақ сияқты, тағдыры қазақтан да ауыр отар елдің өкілі. Сонау советтік 70-жылдардың өзінде онымен ұлт азаттығы жайлы көп сөйлесетінбіз. «Сен бақыттысың ғой, – дейтін ол мұңайып. – Ұлтанды жұртың, ұлан-ғайыр жерің, құнарлы тілің, сарқылмас салт-дәстүрің, бай тарихың, есепсіз рухани мұраларың бар...» Мен оған: «Біз – қазақ, енді елу жылдан ұзамай бодандық бұғауын үзіп, бостанға шығамыз!» – дейтінмін кесіп-пішіп. Ол: «Орыс басып қалған «целинный крайыңды» қайтесің?» – дейді. Мен: «Біздің тегімізде «бөрілік» бар. Көкжал қақпанға түссе, – сирағын шайнап қалдырып кетеді. Керек болса, біз де сөйтеміз. Солтүстік өлкені жатқа қалдырсақ та, кеудеміз бен басымызды азатқа шығарамыз. Бас пен кеуде аман болса, кейін жілігіміз толып, жалымыз тұтасқан бір шақта ол өлкелерді де қайырып аламыз!..»
Тәуелсіздіктен соң, яки 1997 жылы маған да, оған да «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығы бұйырып, екеуміз Ыстанбұлда жүздесіп, бұрынғы әңгімелерімізді қайта жалғадық. «Сенің сәуегейлігің айнымай және сен айтқан мерзімнен де бұрын келді. Оның үстіне солтүстік өлкелерің де өздеріңе бұйырды», – деді ол. Бірақ біздің қалдырғанымыз бен алдырғанымыз әлі де жетерлік... Дегенмен мен оптимист адаммын, тарих бір бұлқынып, азат рух бір жұлқынғанда жатта қалған қоныстарымыздың өзімізге қайтарына сенем...»
Мен де шүбәсіз сенем, Мұхтар аға!
«Мен «советтік адам» емес едім...»
Мұхтар аға келесі бір кепті былай қозғады: «80-ге келгенде бір жаңалық аштым (жымиды). Өзіңе мәлім, тұңғыш романым «Көкмұнарға» замандастарым мен қаламдастарым қатты шүйлікті. Алайда қалың көпшіліктің ықыласы ол шығармаға мүлде басқаша болды. Одан соң «Алдаспанға» шабуыл басталды. Мұның себебін соң білдім, батыста біреудің совет халықтары жөнінде кітабы шығады. Оны кейін мынау Едіге (ұлын нұсқады) тауып алды. Сол еңбекте «советтің қол астындағы шығыс халықтарында ұлтшылдық оянып келеді» деп, мысал ретінде менің аталмыш еңбегім көрсетіледі. Советтік КГБ-ның қырағылығы сұмдық-тын, содан мені сүргілеу мен тілгілеу басталған ғой. Әйтпесе, мінезіммен ешкімге кедергі келтірген, жат қылықтарыммен көзге түскен жерім жоқ...
Жалпы, қаламгер саяси биліктің көзқарасына тәуелді болмауы керек. Билікте бір тұлға туралы тұрақты пікір болмайды. Өйткені тұлға ылғи олардың оң жағынан шығып отыра алмайды. Өйтсе, тұлғалық қасиет қалмайды. Мысалы, француздың Луи Арагонын СССР қанша әспеттеді. Халықаралық Ленин сыйлығымен марапаттады. Ал 1968 жылғы Чехословакиядағы «тамыз толқуын» басып-жаншыған «социалистік лагерь» әрекеттеріне наразылық білдіргені сол еді, советтік идеология оны «қара есекке теріс мінгізіп» шыға келді. Кейін ымыраласқан бір тұста қайыра дәріптеді.
Бірақ мәселе маған тірелсе, мұның басқа да бір сыры бар... Мен Абай танымында, Алаш рухында тәрбиеленген жан едім. Жақында «Абай жолын» қайыра оқып шықтым. Рас, Мұхтар Әуезов менің ұстазым, ол кісі туралы бөтен әңгіме айта алмаймын... Бір оқиға есіме түсіп отыр. Дәріс үстінде партамды ұстазыма өте жақындатып қоюшы ем. Көйлегінің ішінен киген жұқа киімі, оң жақ шекесіндегі біреуі тым көлемді, қалғаны ұсақтау он екі меңі әлі көз алдымда тұр. Бір күні ұстаз: «Абайдың өмірбаянын ең алғаш жазған менмін» деді. Сол кезде менің көмейімнен шындықтың даусы шығып кетті: «Жоқ, сіз емес. – Ұстаз маған аңтарыла бұрылды. – Абай өмірбаянын тұңғыш жазған Әлихан Бөкейхан!» Әуезов үндемеді, кейін бір қағаберісте мұндай әңгімелерді айта беруге болмайтынын еппен ескертті...
Француздың классикалық прозасын нысана қылған адам ғой, Мұхаң романдарында да бір-біріне мүлде ұқсамайтын жүздеген кейіпкерлер, таңғажайып табиғат суреттері, шеберліктің небір үлгілері бар, оны ешкім жоққа да шығара алмайды, ол мектептен аттап та, айналып та өте алмайды. Алайда саясаттың қысымынан – өзінің ұлтшыл ұстаздарын терістеу, «ұлы халық» өкілдерін әсіре дәріптеу, өсіре мадақтау бүгінгі көзге – жыртыққа жамаудай бадырайып көрініп тұр. Әйтпесе, біздің кеудеміз жоғары ұлт едік, кез келген қаңғы мұжық пен бәңгі бұзық түгілі сараала иық төрелерін теңсінген емеспіз. Бұл қасиет, мысалы, көп шалдарымызда, оның ішінде өз әкем Мағауияда да бар-тын... Содан да болар, мен «совет адамы» деген өлшем мен мөлшерді мүлде қабылдамаған, ол қалыпқа сыймаған адаммын. Өз замандастарымның маған соншалықты жатырқай, көбіне – өшіге, тіпті, одан да шығай маңып, жауыға қарағаны да содан екен, бұл менің ашқан жаңалығым! Оның қарсысына мен де оларды бойыма шақ санамағаным анық. Жоғарыдағы «Әбішке ғана сендім» дегенімнің астарында да осы шындық жатыр...
«Ұлы жазушылардың үздік шығармаларымен жарысқа түскен кездерім көп...»
Әңгіме барысында Маңғұлияда 1912-1923-жылдар арасында өткен бұлғақ кезең «Жалама айдаған жылдар» туралы сөз қозғап, өзімнің ол туралы дастан жазбақ болғанымды, кейін Мұхаңның «Кесік бас – тірі тұлұп» хикаяты жарыққа шыққасын кідіріп қалғанымды айттым. Мұхтар аға: «Әлде де жаз. Проза мен поэзияның жанрлық айырымдарын өзің де жақсы білесің, тақырыпты игеруде олар бір-біріне кедергі келтірмейді, – деп алып, ар жағы Әз-Тархан жақтың қалмағы – ішкі Маңғұлияда «дүрбін-ойрат» мемлекетін қайта құрмақ болған Да Лама Дамбийжанцанның қазақтарға қылған шенсіз хайуандық, шексіз қысастығын еске алды.
– Қаламгерлерде де аламандағы жүйрік сияқты, өзара бәсеке болады. Онсыз жылжу кем, өсу жоқ. Мысалы, Иво Андрич атты югослав жазушысы болды. Өзі елінің Нобель сыйлығын алған бірден-бір адамы. Соның «Дриндегі көпір» атты романында кейіпкерді дұшпандары істікке отырғызады. Істік әлгі міскіннің өз салмағымен ішек-шабағын түгел аралап өтіп, үш күнде иығынан тесіп шығады. Міне, сол азапты сурет көкейімнен кетпей жүретін, кейін айтылмыш «Кесік басты» жазғанда сол Ивомен жарысқа түстім...
Он екі баулы Абақ Керейдің Қарақас аталығынан шыққан Тоққұлы қажының баласы Ақымбет 1913 жылы Баян-Өлгейдің Дэлүнінің маңында Жалама залымның қолына түсті қапыда. Әуелде кезбе тақуа «бадаршын» болып келіп, артынан көп билікке қолы жеткен кенеусіз қанішер Жалама – өзін, – «құбылғон-геген», яки баяғы қалмақ қонтайшысы Әмірсананың жаңа заманда қайта пайда болған бейнесі, жаңарып қайта туған әулие, құдіретті «доқшын» санайтын сиқыршылық қабілетінің арқасында онысына надан көпті сендірген пәлекет – Ақымбет батырдың терісін тірідей сыпыртып тұлұп жасатады. Мақсаты – қазаққа деген өлшемсіз өшпенді шөлін басу және дұшпанының терісінен өзіне, «сары діні» бойынша, «құлшылық-жайнамазын» жасау...
Сөйтіп, Андричтің кейіпкері үш күнге созылған тән төзгісіз, жан созғысыз азаптан соң жан тапсырса, менің Ақымбетімнің тозаққа ғана телімел азабы он үш күнге созылады! Қоспасыз шындық деп қабылдайсың ба, қаламгер ұстаханасының қаяусыз сомдаған образы дейсің бе, ол өз еркің...
Ерлігі кемел, айласы кем, бейбақ Ақымбет батырдың тұлыбы қазір Чехия астанасы Праганың Ұлттық музейінде тұр. Тұлыпты I Жаһан соғысында тұтқын болып, Сібірге жер аударылған чехословак корпусы әпесерлерінің бірі Вацлав Копецкий кейін еліне алып кетеді. Сірә, Жаламаны жер қаптырған капитан Булатов сыйласа керек. Копецкийдің бір ұрпағы осы берегіректе мұражайға табыстайды. Бары – осы...
...Мен сөзіме сәл әзіл тұздығын қостым: «Міне, Жалама – жауызды айтамыз деп, сіздің шығармашылық лабораторияңызға таңсық әлеміңізге өтіп, тылсым әлеміңізге еніп кеттім. Дүниеде олжа іздеушілер көп, менің бүгінгі олжам осы болды!..»
Ағам ырайлана жымиды.
«Үш құрдас» хақында
Аға әңгіме үстінде Әбіш досына бірнеше рет қайрыла соқты. «Әттең, Әбіш хақында жалғыз өкінішім бар, ол президенттің әнғамына кірмеуі керек еді. Шығармашылықпен ғана отырғанда ғой, әлі қанша дүние жазар еді деген өкініш ішімді ылғи тырнайды. Мен оның туыс-достарын түгел білем ғой: ағасы Мұқыр, екі апасы, бір қарындасы, Лебен, Ораз сынды замандастарын, бәрін етене танимын. Әбіш арқылы, ең әуелі, Маңғыстауға деген ықыласым оянды. Ерекше ықылас. 1987 жылдан бастап әулиелі мекенді әлденеше рет араладым. Шақпақ ата, Шопан ата, Бекет ата, Қарақауақ-Шүлдір – бәрін зияраттап шықтым. Маңғыстау хақында бір роман, екі хикаят жазбақ болдым. Роман – Иса-Досан бастаған «адай көтерілісі» туралы еді де, қос хикаят Балуанияз батыр мен Тарас Шевченкоға қатысты. Ол егіндер түрлі шаруалардың киіп кетуіне байланысты пісіп тұрған кезінде орылмай қалды. Әлі де жазсам ба деген ой келеді. Бірақ көп қаламгер жасы ұлғайғанда өзінің межесінен жаңылып, мөлшерін бажайлай алмай қалып жатады. Жазғанын бұрынғы деңгейінен өткізбек түгілі жеткізе алмайды. Онысын өзі білмейді, менің қаламымнан тек шедевр шығады деген астам ой аранға жығады (аға сөзіне тұздық бірнеше дәлел келтірді. – С.Н.) Мен де сондайға ұшырап қалмаймын ба деген секем бар. Ондай секемсіз тағы болмайды... Сонымен Маңғыстау хақындағы жазған көркем дүнием «Түйеші Қамбармен» шектеліп тұр әзірге...».
Осы жерде әңгімеге араластым: «Әбіш ағамнан сіз айтқан мәселе жайында сұрадым, – Мұхтар аға да, Бақытжамал жеңгем де елең ете қалды. – Досыңыздың сондағы айтқаны мынау: «Тәуелсіздіктің алас-күлес шағында Президент шақырды. Өзімен бірге қызмет істеуге ұсыныс жасады. Мен өзімнің шығармашылық жоспарларымды алға тартып, ол жоспарлар өмірлік ұстанымдарыма тікелей тәуелді екенін айтып, ұсыныстан бас тарттым. Сол кезде Президент: «Әне, сөйтесіңдер бәрің де. «Қазақ» тек тілдеріңде! Тәуелсіздік алып, соның етек-жеңін жинап, елімізге шындап еңбек етуге кірісер тұста қара бастарыңның тыныштығын ғана күйттейсіңдер!» деген ырайда ауыр сөздер айтты. Мен шымбайыма батқан осы сөздерден аттап өте алмай қалдым. Амалсыздан елімнің қара жұмысына жегілдім, саясаттың ылайлы тасқынына көмілдім...» Бақытжамал жеңгем: «Қайтсін, шегіне алмаған ғой...» деген, Мұхтар ағам біраз тұнжырап отырып барып: «Бәрібір көнбеуі керек еді. Өзіне де осы пікірлерімді кездескен жердің бәрінде де ертелі-кеш айтып жүрдім. Шара не, алды – жар, арты – қар, айналуға жері тар болды Әбіштің...».
Мен әңгіменің салмағын жеңілдеткім келіп ағаның есіне «Үш құрдас» туралы хикаясын түсіріп, қайыра айтып беруін өтіндім. Мэтр риясыз күліп алды. «Мен осыны қағазға түсірмедім, а? – деп өмірбойы қабағын бағып, кәламын танып келе жатқан жұбайына қарады. – Түсіріп қоюым керек екен. Тысы әзілмен кежімделгенмен, іші шындықпен желімделген... Иә, сонымен... Құдай-Тағаладан пәрмен болып, аналары бір мезгілде Қазақстанның үш пұшпағында үш баланы дүниеге әкеледі. Бірі – Маңғыстауда, бірі – Шыңғыстауда, бірі Алматының іргесіндегі Ұзынағашта. Мектепті бітіре сала үшеуі де көздеген мақсат-мұраттарына қарай ұмтылады. Маңғыстаудан шыққан құрдас әуелі түйемен Ақкетікке, баржамен Гурьевке, одан әуре-сарсаңға түсіп жүріп Қандыағашқа, содан соң пойызға жармасып өліп-талып Алматыға жетеді. Шыңғыстаудан шыққан құрдас та арып-ашып Аягөзге барып, одан әрмен пойызға ілініп жүріп, ол да аңсарлы Алматысының қарасын көреді. Ал ұзынағаштық құрдас таңертең шешесінің көжесіне тойып алып, автобусқа тиын төлеп, Алматыға көзді ашып-жұмғанша барады да, жоғарғы оқу орнына құжат тапсырады. Алғашқы екеуі көксеген оқуларына түседі. Өйткені олардың көкірегіне ұлт мұраты атты ұлы ұғым ұя салған. Екеуінде де: «Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!» деген биік арман бар-тын. Ал үшінші құрдас алғашқы емтиханның өзінен омпа түсіп, омақаса құлайды. Содан әлде бір алыс республикадағы «табысы көп» деген дабысы бар құрылысқа аттанады...
Шыны, мейірімді Құдай-Тағала үшеуінің де тілегін қабыл етті: алғашқы екеуі әу бастағы мұраттарына адалдық қылды, ұлтына қызмет етті. Екеуінің де адал тілеуі үшін Жаратушы талант пен білімнен кенде қылмады. Маңғыстаудан келген құрдас қана біраз мансап иеленді: Парламент басқарды, Мемлекеттік хатшы атанды. Ал үшіншісіне – аузымен құс тістеген ешбір қазаққа бұйырмаған бақ, мансап, дәулет бұйырды!..
Хикая осы жерден тәмам.
Келіндер құйған тәтті шай, дәмді тағамды дастарқандағы төрт сағатқа созылған сұхбатта бұлардан да басқа талай кеп қозғалған. Оларды хатқа түсіру келер күндердің еншісіне бұйырсын... Мұхтар аға маған «әулиелі жерден келдің, дастарқанның батасын жаса» деді. Батадан соң ағам көзі ырзалықпен мұнартып: «Міне, бұл Пір Бекеттің, Қашаған ақынның батасы!» деп алқады. Көтерілерде өзінен бата алдық. Жеңгем: «Түркияға жол түсе қалса, тағы да келіп тұрыңдар» деп жатыр. Есіктен шыға бере артыма бұрылсам, ағам қолын бұлғап отыр екен. Көзінде әлдебір қимастық бардай. Әрине, ол қимастық – мен кетіп бара жатқан Ұлы даласына деген ұшы-қиырсыз сағыныш екеніне күмәнданбадым...
Алдымызда алқаракөк шыңдардың асты-үстімен өтетін көктаспа жол... Оң қапталда – Ақтеңіздің үстінде он төртінен толған ай балқып жатыр. Ал менің ойымда – 83-ке келіп – «мың айдың жүзін көріп», нұры толған айдай балқып отырған Мұхтар ағам! Сол нұр, сол сәулені Қазақияның теңіз-көл, өзен-дария, бұлақ-бастауларының жүзінен көргім келсе, – менікі айып па екен?!
Светқали НҰРЖАН,
Кемер – Көния – Алматы – Астана – Маңғыстау