Көпен – күлкі королі немесе әпенділер әулеті (әзіл-шыны аралас)

Көпен Әмірбек­ұлы – көзі тірі кезінде өз елі мен оқырман­да­ры­ның сый-құрметіне бөленген қа­ламгер. Көпен – күлкі королі! Қазақ са­тирасының сардары.

Көпен – күлкі королі немесе әпенділер әулеті (әзіл-шыны аралас)
ашық дереккөз
1985

1988 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің Жур­на­лис­тика факультетіне оқуға түстім. Алғашқы курс оқып жүрген кезімде Гоголь көшесіндегі 12 қабатты ғимаратта орналасқан «Ара» жур­налына бардым.

Сол кезде Көпекең осы жур­налдың жауапты хатшысы болып іс­тейді екен. Таныстық. Жөн сұрастық. Түр­кі­стан­дық екенімді біліп, «Қоңыратсың ба?», – деді. «Жоқ, Қарашамын», – дедім. «Қоңыратсың ғой», – деп бір-ақ кесті. «Менің қоңырат еке­­­німді қайдан біледі? Әулие екен ғой» деп қой­дым іштей. Сөйтсем, қараша сол қоңы­рат­тың ішіндегі ру екен ғой. Ол кезде ру, жүз дегенді білмеуші едік. Содан шағын са­ти­ралық туындыларымды тастап кеттім. Көп ұзамай жарық көрді. Тағы алып бардым, тағы шықты. Сөйтіп жүріп, Үмбетбай Уай­дин, Толымбек Әлімбек ағаларыммен та­ныс­тым. Олар да осы журналда қызмет іс­тей­ді екен. Бұдан кейін туындыларымды То­лымбек ағама да тастап кетіп жүрдім. Сөй­тіп, «Ара» журналындағы барлық сатира сер­келерімен етене араласып кеттік. Бір кү­ні біздің оқу корпусымызға Көпекең ке­ліп, сенбі күні саяжайда жұмыс істеуге асар­ға шақырып кетті. «Қасыңа достарыңды ертіп ал» деді. Жазған құлда жан бар ма? Ке­ліскен күні жаныма Бауыржан Ғұ­бай­дул­лин, Мұхтар Атабек, Бақытжан Советский, та­ғы басқа курстастарымды ертіп бардым. Кеш­ке дейін бау-бақшада жұмыс істедік. Түс­кі асты уақытынан бір минут та кешік­пей ішіп, тойып алдық. «Кедейдің бір той­ға­ны – шала байығаны» дегендей, қарнымыз тойып, бүйіріміз шығып қалды. Өмірі ән айт­пайтын Бақытжанның өзі ыңылдап ән сал­ды. Бауыржан батырлар жырынан үзін­ді­лер оқыды. Ал Атабек ария айтты. Мен де қа­рап қалмай, құрдастарымды қажап, қал­жың­дап жүрмін. Ара-арасында Көпекең де бір­де әзіл, бірде басынан өткен қызықты оқи­ғаларды айтып, бізді бір күлдіріп алады. Бір­ақ бәріміздің ойымызда «Кешке тамақ бер­ер ме екен?» деген алаң бар. Соған қара­ған­да аш адам бірдей түс көреді-ау. Не ке­рек, сол күні жоспардағы жұмыстың бәрін сол кездегі коммунистік партияның бес­жыл­дық жоспары секілді асыра орындап тастадық. Көпекең де мәз, біз де мәзбіз. «Қа­зір үйге барып, жеңгелеріңнің асып жат­қан етін жейсіңдер» дегенде әлі үйленбеген әйе­ліміз ұл тапқандай бір-бірімізге қарап, са­нымызды шапаттап қуанып қалдық. Шы­нында да, сол күні жеңгеміз оң жамбасымен тұр­ған ба, әйтеуір етті молынан асыпты. «Жақ­сы тамақ қалғанша жаман қарын жа­рыл­сын» деген қағиданы ұстанып, табақты жа­лап-жұқтап жеп қойдық. Одан терлеп-теп­­шіп шай іштік. Түнге қарай Көпекең кө­­лігімен жатақханаға дейін апарып тас­тады. Қойшы, әйтеуір не керек, сол күн аш­құрсақ студенттер үшін Құдай қарасқан күн болды. Содан бастап «Көпекең қашан асар­ға шақырар екен?» деп жол қарап жүре­тін болдық.
1999 жылдан бастап әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлттық университетінде дәріс бе­ріп жүр едім. Бір күні деканымыз Намазәлі Омашев шақырып жатыр деген соң каби­не­тіне бардым. Сөйтсем, Көпекең отыр. Олар курстас достар болатын. Екеуінің айтқанына қара­ғанда, «Ара» журналы қайта ашылады екен. Соған студенттеріме сатира жазғызып, кө­мектесуім керек. Өйткені Темірбек Қо­жа­кеев ағайдан кейін сатираның арнаулы кур­сын жүргізуші едім. Мені жарты став­ка­мен жұмысқа алатын болды. Келістім. Дереу сту­денттерге тапсырма беріп, сатиралық шы­ғармалар жаздырдым. Өзім де бердім. Сырт­тан басқа да авторлардың туынды­ла­рын тапсырдым. Өйткені мен сол жылдары «Жас Алаш» газетінің «Бір түрлі бет» сатира­лық қосымшасының редакторы едім. Қо­лым­да біраз материал болатын. Қысқасы, аз уақыттың ішінде бір емес, бірнеше нөмірге ж­арайтын материалдар бердім. Сөйтіп, қол­дан келгенше журналдың аяқтан тұрып кет­уіне септігімізді тигіздік. Бұл 2002 жыл еді. 
2004 жылы «Айқын» газеті ашылды. 
1 сәуір күлкі күніне орай Көпекеңнен «Ақ сөйле» айдарына сатира туралы сұхбат ал­дым. Ол сұхбат газетте жарияланып, кейін «Қазығұрт» баспасынан «Тәуелсіздік тол­ғауы» сериясымен шыққан «Ағынан жарыл­сақ...» деген жинағыма енді. Дәл сол жылы осы баспадан осы сериямен «Сұхбаттың сар­­дарлары» атты жинақ та жарық көрді. Кітап­тың құрастырушысы – филология ғы­­лымдарының кандидаты, профессор Сә­лима Қалқабаева. Бұл басылымға жур­на­лис­тика саласында аянбай тер төгіп, елге кеңі­нен танылған тәжірибелі публицистердің сұх­­­баттары топтастырылған. Кітаптың мақ­­­саты – нағыз майталман журналистердің бү­гінгі ақпараттық қоғамдағы ең жедел әрі өт­­кір жанр саналатын сұхбатты дайын­дау­дағы шеберлік сырларымен таныстыру. Сон­да айтайын дегенім, осы жинаққа Сұл­тан Оразалы, Сауытбек Абдрахманов, Көпен Әмірбек, Дидахмет Әшімханұлы, Қали Сәр­сен­б­ай, Қайнар Олжай, Раушан Төленқызы, Ұл­босын Айтөлен және менің сұхбаттарым ен­­гізіліпті. Сонда осы кітапты алып тұрып, бір-бірімізді қызу құттықтағанымызды қа­лай ұмытайын?! Кейін ол жинақ еліміздің бү­кіл кітапханасына таратылды. 
Сайыпқыран сатирик Көпен Әмір­бек­ұлы 1950 жылы 29 наурызда қазіргі Түр­кістан облысы Отырар ауданына қарас­ты Ешкіқора деген елді мекенде туған. Ата-анасы сегіз ұл-қызды дін аман өсіріп, ұлын ұя­ға, қызын қияға қондырыпты. Соның үшеуі – қыз, бесеуі – ұл. Ал сол бес ұлдың мен танитын төртеуі журналист-жазушы. Төл­басы – Көпекең. Төпен там-тұмдап сати­ра жазды. Ақтық демі біткенше аудандық «Оты­рар алқабы» газетінің редакторы бол­ды. Базарбек – о бастан сатирик-ақын һәм журналист. Бүркеншік аты – Балапан Базар. Кезінде «Жаңа фильм» журналында аға ре­дак­тор, «Жас қазақ» газетінде жауапты хат­шы, Қазақ радиосында аға редактор, бас ре­дактор, Оңтүстік Қазақстан облыстық те­леарнасы директорының орынбасары бо­­лып біраз жыл жемісті қызмет атқарды. Қа­зір Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да баспасөз хат­­шысы. «Айып етпеңіз», «Аудитория», «Кеш жарық» атты кітаптардың авторы. Ер­­­­сұл­тан «Отырар», «Қазақстан – Шым­кент», «Ха­бар» телеарналарында еңбек етті. Қа­зір Түр­­кістан облысы «Қоғамдық келісім» ме­­ке­­месі баспасөз орталығының қыз­мет­кері, Түр­­кістан облысы ҚХА жанындағы жур­­на­листер мен блогерлер клубының төра­ғасы. Ақпарат саласының үздігі. 
Міне, көріп отырсыздар, шетінен «сен тұр, мен айтайын» деген қа­лам­­­герлер. Соған қарағанда, аналары еміз­ген кезде сүтіне сия қосып берген-ау деп топ­­­шылаймын. «Арбаның алдыңғы дөң­ге­легі қалай жүрсе, соңғы дөңгелегі де солай жү­реді» дейді атам қазақ. Сол айтқандай, Кө­пекеңнің інілерінің бәрі қалам ұстап, қа­ғаз мүжіді, әзіл жарастырды. Сөзімізге тұз­дық ретінде мына әңгімені айта кет­ке­німіз жөн шығар. Бірде-бір жігіт Төпенмен таныспақ болып арнайы іздеп келеді. Төпен есік алдында тұрса керек. «Төпеннің үйі қай­сы екен?» дейді әлгі жігіт. «Мына үй» дей­ді Төпен. Аулаға кіріп, үйдегілерден «Тө­пен бар ма?» деп сұрайды. «Әлгінде ғана Тө­­­пенмен сөйлесіп тұр едің ғой» дейді. Дереу сыртқа шығады да: «Сіз Төпенсіз бе?» дейді. «Иә» дейді Төпен. «Онда жаңа неге айт­­­падыңыз?» дейді қонақ жігіт таңданып. Сон­да Төпен: «Сен менен Төпенді емес, Тө­пен­нің үйін сұрадың ғой» деген екен.
Кім білмейді Әмірбеков Көпенді,
Әзілімен танытады әкеңді.
Бір қарасаң, Алдаркөсе атасындай пып-пысық,
Бір қарасаң, Қожанасыр атасындай әпенді, – 
де­ген екен көрнекті ақын Жарасқан Әб­ді­раш. Дәл айтқан. Қауып емес, тауып айтқан. Осы өлеңге қатысты Көпекеңнің өзі: «Ал­дар­көсе атасындай дегенді жүріс-тұрысыма, өзім­нің жанрыма байланысты айтқан шы­ғар. Ал өткен ғұмырымды саралап отырсам, көп өмірім Қожанасыр секілді әпенділікпен өт­кен екен», – дейді.
Негізі, Көпекең мемлекет және қоғам қай­раткерлеріне эпиграмма, пародия жазу­дың әрі әзіл айтудың шебері еді ғой. Солар­дың бір парасын айта кетейін. 
Бірде белгілі қаламгерлер Шерхан Мұр­­­таза, Камал Смайылов және Кө­пен үшеуі түскі ас ішіп отырады. Сонда Кә­­­­мекең оңтайлы сәтті пайдаланып:
– Әй, Көпен, сен Шер-ағаң екеуміз тура­лы пародия жазыпсың. Оқыдым.
Елім, саған айтам,
Елбасы, сен де тыңда!
Камал дос!
Сен де құлақ түр.
Себебі – сен соқа,
Ал мен – трактор! –
деп­сің. Шерхан – трактор, ал мен соған тір­­келген соқамын ба? – деп қатты өкпе­лей­ді. Сонда Шер-ағаң:
– Кәмеке, қу трактор айдалада өзі не іс­тейді? Жердің бәрін жыртатын, істің бәрін тын­дыратын сойдақ тіс соқа емес пе?! Кө­пен сізді соқаға дұрыс теңеген, – дейді ара­­ша түсіп. Сонда ғана аңқылдаған ақ­көңіл аға­мыз:
– А-а, солай ма? – деп риясыз күліп, Кө­пе­кеңе өз ризашылығын білдіріпті. 
Ұстазы әрі бастығы Қалтай Мұха­мед­жа­нов «Ара» журналының бас редакторл­ы­ғы­нан кетіп, халықаралық «Түркістан» газе­ті­нің бас редакторлық қызметіне ауысады. «Ге­нерал болуды армандамаған солдат сол­дат емес» дегендей, қолына қалам ұста­ған біраз қаламгер сол бос орынға отыруға жанталасып бағады. Олардың арасында «Ара» журналының жауапты хатшысы Кө­пен Әмірбек те болса керек. Бірақ «Қуған жет­пейді, бұйырған кетпейді» демекші, «Ара» журналының бас редакторы болып бел­гілі сыншы Сайлаубек Жұмабеков та­ғайын­далады. Көп уақыт өтпей, әлгі қыз­мет­тен дәмелі болған Көпенге жора-жолдас­тары жолығып қалып:
– Көпен, «Ара» журналының бас редак­тор­­лығына лайық бір адам болса, сол сен едің. Қалай, жайлы орынға жайғастың ба? – деп сұрайды.
Сонда Көпен:
– Қожа кетіп, оның орнына қожа за­ме­нитель келді ғой, – деген екен Қалтай Мұха­мед­жановтың руы қожа екенін меңзеп.
Бірде Көпекең ел тәуелсіздігінің қар­саңын­да Қазақстан Жазушылар одағы бас­қармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің ұсынысымен «Парасат» орденін алады. Сал­танатты жиында одақ төрағасына алғыс айтып тұрып:
– Нұреке, арзымайтын еңбегімізді елеп-ес­керіп, орден бергеніңізге рахмет! Енді ор­ныңызды берсеңіз, дұрыс болар еді, – де­ген екен әзілдеп.
Айтыстың атасы атанған Жүрсін мен Кө­пекең жақын дос. Отбасы болып ара­ла­сады. Бірде Жүрсіннің анасы қатты ауырып қалады. Жүрсіннің анасы – достарының да анасы. Сондықтан аналарының көңілін сұ­рап Жүрсіннің достары мен курстастары келеді. Сонда ол соңғы аманатын айтқандай болып:
– Егер мен олай-бұлай болып кетсем, жал­ғыз Жүрсінімді сендерге тапсырдым, – деп­ті. Сонда Көпекең қарап тұрмай:
– Жоқ, апа, қайта бізді Жүрсінге тапсы­рып кетіңізші, – деген екен әзілге бұрып. Онысы – Жүрсіннің өздеріне қарағанда әл­деқайда бай-қуатты екенін меңзегені ғой.
Қазақтың белгілі ақындары, ерлі-зайып­ты Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова Көпен ағамыздың әзілі жарасқан курс­тас­тары. Бір күні Көпекең курстастарының үйі­не барады. Қай қаламгердің үйіне барса да, Көпекең алдымен кітапханасын қарайды екен. Сол әдетіне басып, қос курстасының кі­тап­ханасын қарап тұрса, сөреде Күләштің «Күн шыққанда күліп оян» атты жалғыз к­іта­бы тұр екен. 
– Менде сенің «Арғымақтар даласы» де­ген кітабың бар, – дейді Көпен. 
Сонда Күләштің екі көзі шырадай ж­а­нып:
– Өз кітабымды өзіме сыйлашы, – дейді қуа­нып. 
– Жарайды. Әдетте, ақындар кітабын қол­таңба беріп, оқырманына ұсынушы еді. Ал мен саған керісінше, өзіңе арнау жазып қай­тарайын, – депті де мына өлең жолдарын жа­зып беріпті: 
Күліп оян, Күләш-ау,
Топ жарсаң да тоғайма.
Өлең, шіркін – бір асау,
Бас білдіру оңай ма?

Өлең, шіркін – арғымақ,
Ақын деген – шабандоз.
Қызығатын әркім-ақ,
Алла берді саған боз.

Күреңі не, бозы не – 
«Арғымағы» бұл қыздың!
Өз атыңды өзіңе,
Өзім қайта мінгіздім.
Керемет пе? Керемет! Міне, Көпеннің кір­шіксіз күлкісі осындай! Мұндай әзіл­дерден Базарбек ағамыз да, Ерсұлтан іні­міз де кенде емес. Сондықтан Әмірбектің әу­летін әпенділер әулеті десек, жарасатын шы­ғар.
Бағзы заманда ғұлама ғалым Жүсіп Ба­ла­сағұн:
Ол кезінде риза болды, еленді,
Ой, білімі сый-құрметке бөленді, – 
деген екен. Сол айтқандай, Көпен Әмірбек­ұлы – көзі тірі кезінде өз елі мен оқырман­да­ры­ның сый-құрметіне бөленген қа­ламгер. Көпен – күлкі королі! Қазақ са­тирасының сардары. Алдымен оның қазақ сатирасы мен әде­биеті қоржынына салған құнды ең­бектерін атап өткеніміз абзал. Ол – «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып бара­ды», «Қы­сыр әңгіме», «Мың бір мысал», «Ауыз­бас­тырық», «Өзіңді танисың ба?», «Бат­пан­құй­рық», «Хамза қажы», «Көкемнің көзі», «Па, шір­кін, пародия!», «Сөйле десең, сөй­лейін», «Жұ­ма сәлем» және таяуда ғана жарық көр­ген бес том­дық «Көпен келе жатыр!» атты кі­таптардың авторы. Осы кітаптар­дың қай-қайсысын алсаңыз да, талғамы зор оқыр­мандардың көңілінен шығып, жадын­да жатталған жинақтар. Сондықтан да Үкі­мет оның ерен еңбегін дер кезінде ба­ға­лап, соған лайық марапаттады.
Көпен Әмірбекұлы – Президент сый­лы­ғының иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының лауреаты, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері. «Парасат» орденінің иегері. 
Көпекеңнің қазасын Түркияда жүріп естідім. Жаназасына қатысып, ақ­тық сапарға шығарып сала алмадым. Бірақ Алматыда берілген асқа қатысып, ел-жұрт пен ет жақындарына көңіл айттық. 
 Міне, Көпекеңнің мына жалғанды тәрк етіп, бақиға озғанына да жыл толып қалып­ты. Осы уақыт аралығында намаз сайын Кө­пекеңнің аруағына Құран бағыштап ке­леміз. Алла Тағала сол дұғамызды қабыл етіп, жанын жәннаттан етсін! 

Ермахан Шайхыұлы,
Қазақстан Жазушылар одағы
сатира кеңесінің төрағасы

Серіктес жаңалықтары