Шымкентте бір отбасының бес адамы газға уланып қайтыс болды: оқиғаға байланысты жаңа дерек шықты
Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде үйдің дәлізінде орналасқан газ қондырғысының жанғыш бөліктерінен жану белгілері анықталған.
Шымкентте 5 адамның газдан улануына қатысты жаңа деректер айтылды, деп хабарлады turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Бүгін сағат 12:10 шамасында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайлар басқармасына Орда көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйде табиғи газдан улану белгілерімен 5 адамның мәйіті табылғаны жөнінде хабарлама келіп түскен.
Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде үйдің дәлізінде орналасқан газ қондырғысының жанғыш бөліктерінен жану белгілері анықталған. Сонымен қатар үйде табиғи газдың иісі шыққан. Сондай-ақ мұржаның және жылыту қазандығының беткі қақпақ жабындысы болмаған. Газ құбыры автоматикаға жалғанбай, тікелей қосылғаны белгілі болған.
«5 адам көмірқышқыл газымен уланды деген болжам бар. Биыл шілде айында да аталған үй газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбағаны үшін анықталған кемшіліктерге байланысты табиғи газдан ажыратылған болатын. Бүгінгі таңда сот медициналық экспертизасы тағайындалды. Нәтижесі шыққан соң хабарлайтын боламыз», - деді «Қазтрансгаз аймақ» АҚ өкілі Елдар Қуандыков.