Қазір елімізде ер адам көп пе, әлде әйел адам ба? – 2021 жылғы санақ қорытындысы шықты

Алдыңғы санаққа қарағанда 15-19 жас және 20-24 жас аралығындағы әйелдер мен ерлердің саны азайған.

Қазір елімізде ер адам көп пе, әлде әйел адам ба? – 2021 жылғы санақ қорытындысы шықты
сурет: sputnik.kz
979

2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша гендерлік құрылым өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды turkystan.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Қазақстанда әйел адам саны ер адамнан бұрынғыша көп. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша олардың саны жарты миллионға (536,3 мың адамға) артық болды. Пайызбен айтсақ, ерлер үлесі – 48,6% (9 324 840 адам), әйелдердікі – 51,4% (9 861 175 адам). Алдыңғы санақпен салыстырғанда ерлер саны 1,6 млн, әйелдер саны 1,5 млн артты, Қазақстанда 1000 әйелге 946 ерден келеді.

Демография ерекшеліктеріне байланысты 36 жасқа дейінгі ер адамдар саны әйелдерге қарағанда көп, содан кейін ғана олардың саны арақатынасқа салғанда азая бастайды (36 жастан асқан әйелдер саны 736 мың адамға көп). Бұл ретте ерлер мен әйелдердің арақатынасы тек екі өңірде – Қызылорда және Түркістан облыстарында көп, онда 1000 әйелге сәйкесінше 1006 және 1027 ер адамнан келеді.

Алдыңғы санаққа қарағанда 15-19 жас және 20-24 жас аралығындағы әйелдер мен ерлердің саны азайғанына назар аудару керек. Бұл 2009 жылғы халық санағы кезінде 20-24 жас аралығындағы топта туудың ең жоғары кезеңінде – 1980 жылдардың екінші жартысында туылған ұрпақтың болуымен байланысты. Ал 2021 жылы бұл жас тобын 1990-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың басында дүниеге келген туу көрсеткіші төмен болған ұрпақ алмастырды. Сол сияқты 15-19 жас санаты бойынша 2002-2006 жылы туылған ұрпақ 1990-шы жылдардың бірінші жартысындағы ұрпаққа қарағанда аз. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда 55-59, 60-64 және 65-69 жастағы ер адамдар саны сәйкесінше 50,2%, 117% және 69,5% айтарлықтай өсті. Осы жастағы әйелдер саны да 2009-ға қарағанда сәйкесінше 38%, 105,9% және 58,3% өскен. Аталған жас тобындағы халықтың өсуі орташа өмір сүру ұзақтығының артуымен, өмір сүру жағдайларының жақсаруымен байланысты, – деп жазылған қорытынды баяндамада. 

 

Серіктес жаңалықтары