«Жастар рухы»: Вандализмге жол жоқ!

«Жұмбақтас», «Таңбалы тас», «Ақбауыр» шатқалы қоқыстан тазартылды.

«Жастар рухы»: Вандализмге жол жоқ!
ашық дереккөз
1108

«Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Искандерова turkystan.kz тілшісіне рухани құндылықтарды қастерлеу үшін ішкі мәдениетті қалыптастыру және дамыту қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, елімізде вандализм мәселесі өзекті болып тұр. Салдарынан мәдени нысандар мен сәулет құрылыстары зардап шегуде.

«Қазақстанда жасалған вандализмнің кесірінен қорықтар, табиғи парктер мен киелі орындар бүлініп жатыр. Кейбір адамдардың кешіруге болмайтын әрекеттері мен зиянкестігі қоғамның наразылығын туғызуда. Осыған орай адамдардың алаңдауы, вандализмге қарсылық білдіруі жанашырлықтың, қоғамдық мәдениет қалыптастырудың белгісі деп санаймын», – деді «Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары.

А.Искандерованың айтуынша, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенді жастары Отанға деген сүйіспеншілікті сөзбен емес, іспен дәлелдеуге тырысып келеді.

«Президент «Адал азамат» тұлғасының ең маңызды қасиеттерінің бірі жер мен елге құрмет екенін айтты. Азаматтардың тарихи ескерткіштерді қорғауға деген қызығушылығын жандандыру және туып өскен жеріне, табиғаты мен тарихына жауапкершілікпен қарауға шақыру үшін «Жастар рухы» жастар қанаты мәдени-тарихи орындарды вандализмнен қорғауға бағытталған акцияны жүзеге асырды. Іс барысында жастар қанатының 50-ден астам белсендісі «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан «Жұмбақтас» жартасын тазартты», – деді ол.

Оның сөзінше игі іс еліміздің өзге өңірлерінде жалғасын тапқан.

«Алматы облысының жастары «Таңбалы тас» петроглифтерін артық жазулар мен қоқыстан арылтты. Шығыс Қазақстанның жастары «Ақбауыр» шатқалын, Абай облысының белсенділері Ш. Құдайбердиевтің ескерткішін, Ұлытау облысының белсенді жастары С. Сейфуллиннің, Қарағанды және Жамбыл облыстарының жастары саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштердің айналасын айнадай қылды. Елордалық жастар Кенесары хан ескерткішін, маңғыстаулық рухтастар «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі» жерасты мешіттерін, Түркістан облысының белсенділері Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жарқырап, жайнап тұруына атсалысты», – деді А.Искандерова.

А.Искандерованың сөзінше, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері мен еріктілері ескерткіштерді, ұлттық саябақтар мен тарихи орындарды қоқыстан тазарту жұмысын жалғастыра береді. Өңірлерде арнайы орындар таңдап алынып, экологиялық акция жалғасын табады. Бұл бастама тек акция немесе сенбілікпен шектелмей, ауқымы үлкен кешенді шараға ұласады.

«Жастар қанаты патриотизмді дамытуға, насихаттауға үлес қосуға басымдық береді. Жасына немесе кәсібіне қарамастан, барлық азаматтарды ұлттық мұрамызды сақтауға, дамытуға белсенді атсалысуға шақырамыз. Атқарылып жатқан шаралар мен жобаларға тек белсенділер ғана емес, қызығушылық танытқан азаматтар қатыса алады. Бүгінгі ұрпақ кейінгі ұрпаққа  құндылықтарымыздың қалпын бұзбай тапсыруға тиіс деп санаймын», – деп қорытты сөзін А.Искандерова.

Айта кетейік, биыл 3 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжатта вандализм қылмыстық бабының диспозициясы анықталды және нақтыланды (Қылмыстық кодекстің 294-бабы), оның нормалары «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келтірілді.

Сондай-ақ осы құқықбұзушылықтар үшін санкциялардың төменгі шегі белгіленді.

Енді заң бұзушыға ең төменгі сома – 172 мың теңге немесе 50 АЕК қаралған.

Екіншіден, бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді (ӘҚБтК-нің 147-1-бабы), яғни залал 200 АЕК-тен (690 мың теңге) аспайтын жағдайда.

Үшіншіден, ұсақ бұзақылықтың әкімшілік бабының (ӘҚБтК-нің 434-бабы) диспозициясына «көліктегі мүлікті қасақана бүлдіру немесе өзге де қоғамдық орындарда», сондай-ақ оның құқықбұзушылықтары үшін санкциялар ұлғайтылды.

Серіктес жаңалықтары