Павлодар облысындағы 20-ға жуық мектеп Илон Масктың Starlink интернетіне қосылады

Павлодар облысында 352 ауылдың 11-інде не желілік, не мобильдік интернет жоқ.

Павлодар облысындағы 20-ға жуық мектеп Илон Масктың Starlink интернетіне қосылады
коллаж: turkystan
3733

 

Павлодар облысындағы 20-ға жуық мектепті Илон Масктың Starlink интернетіне қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сілтеме жасап.

Starlink интернеті жоқ және оны қосуға техникалық мүмкіндігі жоқ ауыл мектептеріне қосылмақ, қосылу құны айына – 200 доллар немесе 94 мың теңге (бүгінгі курс бойынша). Бұл – бір абоненттің бағасы.

«Бізде интернеті мүлдем жоқ мектептер бар, саны – 21. Оларды жоғары жылдамдықты Starlink интернетімен қамтамасыз еткіміз келеді. Себебі басқа жолмен интернетке қосу мүмкін болмай тұр: ол жерге ешкім оптика салмайды – өте қымбат, радиорелелі станциялармен мәселе шешілмейді, әзірге ол техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Әсіресе таулы аймаққа жататын Баянауыл ауданына қосу жоспарланған, өйткені тау бедері күрделі болғандықтан сапалы сигнал өтуі қиын. Starlink-ке қосылу бағасы бір абоненттен 200 доллар. Жылдамдығы өте жоғары – 150-200 Mbps. 200 доллар дегеніміз – бірыңғай тариф. Мәселен, 20 долларға 10 Mbps сатып алу мүмкін емес. Сонымен қатар Илон Маск спутниктер тобына қосылатын терминал сатып алу қажет», - деді Павлодар облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының жетекшісі Елнұр Өтебаев.

Мекеме басшысының айтуынша, қазір Павлодар облысында 352 ауылдың 11-інде не желілік, не мобильдік интернет жоқ. 1,1 мың адам тұрады. Сондай-ақ интернеті бар, бірақ сапасы мен жылдамдығы орташадан төмен, үйдегі интернетке қосылуда қиындық туатын бірқатар ауыл бар.

Серіктес жаңалықтары