Шахтада қаза тапқан 46-кеншінің дене бөлшектері табылды

Қайтыс болған 40 адамның кім екені анықталған, 6-сы әлі анықталмады.

Шахтада қаза тапқан 46-кеншінің дене бөлшектері табылды
365info.kz
1065

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарайтын Костенко атындағы шахтадағы апат туралы мәлімет берді.

Министрдің айтуынша, 28 қазанда түнгі сағат 02:36-да Костенко атындағы шахтада тереңдігі 700 метрде өрт болып, кейіннен метан-ауа қоспасы жарылған.

«Авария кезінде ауысымда 252 кенші болды, оның 201-і өздігінен көтеріліп, 5-еуі тау-кен құтқару күштерімен табылып, жер бетіне шығарылды. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің денесі және алдын ала болжам бойынша қаза тапқан 46-кеншінің денесінің бөлшектері табылды», - деді Шәріпханов Үкімет отырысында.

Қазір қайтыс болған 40 адамның кім екені анықталған, 6-сы әлі анықталмады. Оларды сәйкестендіру үшін қажетті тиісті сараптамалар жүргізіледі. ДНК талдауы қажет болуы мүмкін.

«Іздеу жұмыстары электр энергиясының болмауынан, тау-кен қазбаларының ұзындығынан, көптеген бұзылған механизмнің болуынан қиындық туғызды. Жеке су басқан тау-кен қазбаларына жету мүмкін болмады. Үйінділерді тазалау және қаза болғандардың денелерін табу қиын болды», - деді министр.

Айтуынша, қазір шахтада ашық жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты. Шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары