«Нәтиже болмай тұр»: Жүрсін Ерман қазіргі жай-күйі туралы айтты

Ақынның ауырып, ем қабылдап жүргеніне бір жылдан асты.

«Нәтиже болмай тұр»: Жүрсін Ерман қазіргі жай-күйі туралы айтты
Таңшолпан бағдарламасы
1736

Ақын, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман былтыр сырқаттанып, шетелде ем алып келген болатын. Ақын қазіргі денсаулығы жайлы «Таңшолпан» бағдарламасында айтып берді.

«Көп ем-дом алдым. Бірақ нәтиже шықпады. Қант диабеті деген шаршатты. Бір жылдан асты. Осы Алматыда, Астанада емделдім. Швейцарияға барып емделдім. Бірақ нақты нәтиже болмай тұр. Қазір 70-тің үстіне шықтым. Сырқат ауыр боп тұр. Финишке таяп қалды.

Әсіресе, мәңгілік досым бар еді Несіпбек Айтұлы деген. Жақында дүние салды ғой. Соның қазасы да жаныма батты. Алдында ғана менің көңілімді сұрайын деп келіп кеткен. Барғаннан кейін үш күннен кейін құлап, инсульт дегеннен оңалмады.

Қазір жазуды да қойдым. Жазуға да сау адамның көңіл-күйі керек. Ол болмағаннан кейін қиын», - деп айтты Жүрсін Ерман.

Еске салайық, бұған дейін танымал ақын Жүрсін Ерман жансақтау бөліміне түскені хабарланған болатын. Ал кейін дәрігерлер Жүрсін Ерманның денсаулығына қатысты пікір білдірген еді. Мамандардың сөзінше, ақынның ауруы асқынып, сепсиске айналған екен.

Серіктес жаңалықтары